Моңғолия Мұсылман Ұйымдары Одағының төрағасы Батырбек қажы Хадысұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына Маңғыстау облысында қаза болған сарбаздарға байланысты қайғырып, көңіл айтты.
«Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу барысында орын алған қайғылы оқиғаның салдарынан әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Сізге, барша Қазақстан халқына, марқұмдардың отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына Монғолиядағы ағайындарыңыздың, Монғолия Мұсылман Ұйымдары Одағының және жеке өзімнің атымнан қайғырып көңіл айтамын.
Бұл орны толмас ауыр қаза Қазақстан халқының ғана емес, Монғолияда тұратын ағайындардың да қабырғасын қайыстырды. Отан алдындағы әскери борышын өтеу барысында қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, баршаңызға сабыр мен төзім тілейміз.
Алла Тағала дүниеден өткен марқұмдарды Өзінің шексіз рақымына бөлеп, жәннаттан орын нәсіп етсін. Артында қалған ата-аналарына, отбасы мен туған-туыстарына және күллі Қазақстан халқына сабыр берсін.
Қасиетті Құранда: «Расында, біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз» («Бақара» сүресі, 156-аят) деп баяндалады.
Алла Тағала Қазақстан жерін түрлі апаттар мен қайғы-қасіреттен сақтап, елге тыныштық, халыққа амандық пен береке нәсіп етсін» делінген көңіл айту жеделхатында.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру