Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы(ҚМДБ) – Қазақстан мұсылмандарына діни-руханияттық басшылық жасайтын республикалық бірлестік.

Қысқаша тарихы

 

Қазіргі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізі 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында қалана бастады. 1906 ж. Верныйда Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1 құрылтайы өтті, оған 100-ге жуық делегат қатысты.

1943 ж. Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының алғашқы құрылтайы өтті. Оған Қазақстан делегациясын шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов (1884 – 1953) бастап барды. Құрылтайда Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, төрағасы әрі Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмаджидхан (1856 – 1957) сайланды. Қазақстанда қазият құрылып, Шамсутдинов қази болып тағайындалды. Ол 1946 жылдан бастап Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстандағы өкілі, Алматы қ-ның имамы қызметін атқарды.

1952 – 72 жылдар аралығында Сәдуақас Ғылмани (1890 – 1972), 1972 – 79 жылдар аралығында Жахия қажы Бейсенбайұлы (1932 – 1997) қази болды. Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 1990 жылға дейін Ташкентте орналасқандықтан және кеңестік саясатқа байланысты Қазақстанның діни-рухани өміріне ықпал ете алған жоқ.

1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Басқарманың тұңғыш төрағасы, Бас мүфтиі Рәтбек Нысанбаев болды. Қазақстан мұсылмандарының жұмысына басшылық жасап, оның жұмысын жүргізетін Бас мүфти басшылық ететін атқарушы орган ҚМДБ аппараты – мүфтият. ҚМДБ-ның 2000 ж. өткен ІІІ құрылтайда төрағасы, Бас мүфтиі болып, профессор Әбсаттар Дербісәлі сайланды.

2013 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс өткен VII құрылтайында Маямеров Ержан Малғажыұлы Бас мүфти болып сайланды.

2017 жылдың 8 желтоқсанында өткен Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайында Серікбай Сатыбалдыұлы Ораз Бас мүфти болып сайланды.

2020 жылдың 7 ақпанында елордасы Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында Наурызбай Тағанұлы Өтпенов Бас мүфти болып сайланды.

Діни басқарма ҚМДБ-ның төрағасы, Бас Мүфти, ҚМДБ Ақылдастар алқасы, Қамқорлар кеңесі, ҚМДБ-ның төралқасы, Аппарат жетекшісі және Діни істер, Шариғат және пәтуа, Мешіт істері, Халықар. байланыс, Хаттама, Қажылық, Уағыз-насихат, Ғылым және білім, Жалпы және жастар ісі, Халал өнімдерін стандарттау, Баспасөз және интернет, Әйелдер-қыздар секілді бөлімдер мен секторлардан, сондай-ақ, іс басқармасынан тұрады.

Басқарманың мақсаты мен міндеті: ислам дінін насихаттау, тарату, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбар уағыздарының дұрыс насихатталуын қамтамасыз ету, ислам дінінің, Қазақстан мұсылмандарының бірлігін сақтау, діни ұйымдардағы шариғаттың толық әрі дұрыс орындалуын қамтамасыз ету, облыстардағы өкіл имамдар арқылы республика мұсылман жамағатының діни мәселелерін шешу, республикада ислам дінін оқытып-үйрететін мамандар даярлау, сондай-ақ, шет елдік діни ұйымдармен, бірлестіктермен, оқу орындарымен қарым-қатынас орнату, діни әдебиеттер, оқулықтар, т.б. қажетті басылымдарды әзірлеу. 

Қазақстанның діни интерактивті картасы