Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, қаза болған сарбаздарымыздың рухына құран бағыштады.
«Күні кеше Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу жиынындағы сарбаздарымыздың қазасы баршамыз үшін ауыр қайғы. Осынау ауыр қазаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеұлы бүгінгі күнді «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жариялады. Қаза болған сарбаздардың ата-анасына, отбасы-жақындарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан, өзімнің атымнан, еліміздегі барша дін қызметкерлерінің атынан қайғыра көңіл айтамын.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Әрине сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан, сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді қуандыр. Қашан оларға бір қайғы жетсе, олар: «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі оған қайтушымыз» деді», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 155-156-аяттар).
Отан қорғау жолында, ел алдындағы міндетін адал атқарып жүріп қаза тапқан бауырларымыздың артында қалған ата-аналарына, жарлары мен перзенттеріне, туған-туыстарына Алла Тағала таудай төзім, көркем сабыр нәсіп етсін. Ел тыныштығы мен жер амандығы жолында қызмет еткен азаматтарымыздың ерлігі мен жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталсын.
Раббымыз Алла қаза тапқан әскери бауырларымызды кең рақымына бөлеп, біліп-білмей жасаған күнә-қателіктерін кешіріп, жандарын жәннаттық еткей! Қара жамылған отбасыларының жүрегіне медет, көңіліне тыныштық беріп, қайғыларына сабыр нәсіп етсін.
Алла Тағала бейбіт еліміз бен қасиетті жерімізді түрлі апаттан, қауіп-қатерден, қайғы-қасіреттен аман сақтап, халқымызға әрдайым тыныштық пен береке нәсіп еткей!» -деді Бас мүфти.










ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
25.09.2026
55
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру