Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында 3 мың адамға арналған жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, өңірдің құрметті азаматтары, ақсақалдар мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиында Бас мүфти облыс халқын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, мешіттің құлшылық орны ғана емес, қоғамның рухани тірегі екендігін атап өтті.
«Мешіт – мұсылман баласының Аллаға құлшылық ететін қасиетті мекені ғана емес, қоғамның рухани тірегі, тәрбиенің тал бесігі, бірлік пен бауырмалдықтың ордасы.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде кім Алланың разылығын көздеп мешіт салса, Алла оған жәннаттан сондай үй тұрғызады», – деген. Осы ретте осынау зәулім мешіттің құрылысына атсалысқан барша азаматқа Алла Тағала разы болсын.
Жаңа мешітіміз азан үнімен жаңғырып, Құран аяттарымен нұрланып, дұға-тілектермен көркейіп, Ұлытау облысын, барша қазақ даласын жақсылық пен берекеге бөлей берсін. Осы қасиетті мекеннен тәлім алған ұрпақ елін сүйетін, дінін құрметтейтін, халқына адал қызмет ететін азамат болып қалыптасқай!»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, жаңа діни нысан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен салынған. Мешіттің құрылысы 2025 жылы басталды. Сол жылдың шілде айында Бас мүфтидің қатысуымен ғимараттың іргетасына алғашқы тас қалау рәсімі өткен болатын.
Мешіт Жезқазған қаласының орталық бөлігінде орналасқан және екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 3 800 квадрат метрді құрайды. Мұнда құлшылық жасауға, діни-ағартушылық іс-шаралар мен рухани-мәдени кездесулер өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған. Жаңа мешітке «Ұлытау облысының орталық мешіті» атауы берілді.























ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
13.11.2026
330
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру