Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің тапсырмасына сәйкес, ҚМДБ Діни сараптама бөлімі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бірқатар маңызды жұмыстарды жүзеге асырды.
Есепті кезеңде бөлімге діни әдебиеттерге қатысты 100-ге жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінде 70-ке жуық өтініш Қазақстан азаматтарынан, ал 32 өтініш шетелде білім алып жатқан қазақстандықтардан қабылданды.
Жүргізілген сараптамалардың нәтижесінде бүгінгі күнге дейін жалпы 169 сараптамалық қорытынды шығарылды. Оның ішінде 118 кітапқа оң қорытынды берілсе, 13 кітапқа теріс қорытынды жасалды. Сондай-ақ 6 кітаптың діни сараптаманы қажет етпейтін еңбектер екендігі анықталды.
Бұдан бөлек, Мысыр, Түркия, Иордания және Сауд Арабиясы Корольдігінен әкелінетін діни әдебиеттерге талдау жүргізіліп, күмән тудырған еңбектер тізімнен алынып тасталғаннан кейін 32 оң сараптамалық қорытынды берілді.
2026 жылдың мамыр айында Діни сараптама бөлімінің ұйымдастыруымен және Бас мүфтидің қатысуымен Қазақстан Республикасы Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасымен тәжірибе алмасу мақсатында «Діни сараптама жүргізудің заманауи әдістері мен құқықтық негіздері» тақырыбында бір күндік форум өтті. Іс-шара барысында діни сараптаманың өзекті мәселелері, қолданыстағы заңнамалық талаптар және сараптамалық қызметті жетілдіру жолдары кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, республика көлемінде ҚМДБ қарасты мешіттердің жанынан ашылған 122 діни дүкенге мониторинг жүргізіліп, 3500-ге жуық діни әдебиет тексерілді. Сондай-ақ еліміз бойынша 330-дан астам намазхана, 59 түзеу мекемесі, 9 медресе, 22 қарилар даярлау орталығы және мешіттердегі кітап сөрелеріне тексеріс жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде теріс діни ағымдардың идеологиясын насихаттайтын әдебиеттер анықталған жоқ.
Маусым айында Діни сараптама бөлімі өңірлердегі жауапты мамандардың қатысуымен онлайн жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте екінші тоқсанда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленді.
Бөлім меңгерушісі Нұрлан Евфратұлы Қайырбеков өңірлік жауапты мамандарға мешіт жанындағы діни дүкендерде тек сараптамадан өткен әдебиеттердің сатылуын қамтамасыз ету, мешіттер мен медреселердегі кітап қорларын тұрақты бақылау, сауат ашу курстары мен қарилар даярлау орталықтарындағы оқу әдебиеттеріне жүйелі тексеріс жүргізу, сондай-ақ намазханалар мен түзеу мекемелеріндегі діни әдебиеттерге мониторинг жұмыстарын жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Аталған тапсырмалардың орындалуы бөлімнің тұрақты бақылауына алынды.
Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бұйрығына сәйкес Діни сараптама бөлімінің кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында Нұржан Нұрсұлтан бөлімнің маманы қызметіне қабылданды.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
30.06.2026
88
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру