Бүгін елордадағы «Астана» медресе-колледжінде 2026 жылғы бітіруші түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті.
Аталған шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып бітіруші түлектерге дипломдарын табыстады.
«Асыл дініміз білім алуды жоғары орынға қояды. Сондықтан білім алушының жәннатқа барар жолы жеңілдейді. Пайғамбарлар да ілім жолын таңдаған. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда білім іздеген Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) туралы: «Мұса оған: «Өзіңе үйретілген жақсылыққа, тура жолға бастайтын ілім мен даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерсем бола ма?» деп өтініш білдірді» деп баяндайды. Осы аятта баяндалғандай Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Қызырдан: «Іліміңнен өміріме жол көрсететін нәрселерді алуым үшін саған серік болуыма рұқсат бересің бе?» деп сұрайды. Пайғамбарлар да білім алу үшін осылай рұқсат сұраған.
Ғалымдарымыз: «Адамның айналысатын істерінің ішіндегі ең қайырлысы – білім алу. Әрине, егер оның ниеті дұрыс болса. Білімді көркем етіп көрсетіңдер, білім арқылы көркем болып көрінуге тырыспаңдар» деген екен. Иә, білім – игі амалдардың ішіндегі ең қайырлысы», – деді Бас мүфти.
Айта кетейік, биыл еліміз бойынша 9 медресе-колледжді жалпы 598 түлек тәмамдады. Оның 340-і ер, 258-і қыз бала. Бүгінде 350 түлек бұйрық алып, діни қызметке орналасуда. Сонымен қатар, бірқатар түлектер Нұр-Мүбарак университеті мен Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтында білімін жалғастыруды көздеп отыр.
Атап өтерлігі, биылғы жылы «Астана» медресе-колледжін 54 түлек бітірді. Оның 27-ы ер бала, 27-сы қыз бала. 2007 жылы ашылған оқу орнын осы уақытқа дейін 527 шәкірт бітіріп шыққан.

























































Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру