Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының қолдауымен Мысыр Араб Республикасында білім алып жатқан әл-Азхардағы қазақ шәкірттеріне арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шетелде діни білім алып жүрген қазақ жастарына арналған тағылымды шара ҚМДБ-ның Мысырдағы өкілдігі жанындағы «Талаба» қауымдастығы аясында өтті. Мереке барысында шәкірттерге арналған айт дастарханы жайылып, жастар бас қосып, қасиетті мейрамның рухани атмосферасын бірге сезінді.
Іс-шара барысында студенттер бір-бірін Құрбан айт мерекесімен құттықтап, қасиетті күннің рухани мән-маңызы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, елден жырақта жүрген жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, бауырластық пен ынтымақты нығайтуға ерекше мән берілді.
Жиында ҚМДБ-ның Мысыр Араб Республикасындағы өкілі Руслан Амантұрсынұлы жиналған шәкірттерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтау сәлемін жеткізді.
Сондай-ақ ол Құрбан айттың мұсылман өміріндегі орны мен тағылымына тоқталып, жастарды бірлікке, білім мен ізгілік жолында қызмет етуге үндеді.
Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қазақы нақыштағы ұлттық киіммен келген студенттерге ризашылығын білдіріп, қай жерде жүрсе де ата-баба мұрасын, салт-дәстүр мен ұлттық болмысты насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Шәкірттер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығына, «Зекет және қайырымдылық» қорына және осы игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын білдіріп, еліміздің амандығы мен бірлігі үшін дұға жасады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
01.06.2026
122
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру