Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам қаржысы секторының меңгерушісі Нұржан Жақсылықұлы Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында өткен «Islamic Finance and Business Forum 2026» форумына қатысып баяндама жасады.
Исламдық қаржы индустриясы — ел экономикасына балама қаржы көзі ретінде өзіндік әлеуеті бар, жаңадан дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Өз баяндамасында Нұржан Жақсылықұлы ҚМДБ Ислам қаржысы секторының негізгі қызмет бағыттарына тоқталып, саланы дамыту мақсатында зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізу, салаға қатысты жеке азаматтар мен бизнес өкілдерінен келіп түсетін діни сауалдарды қарастыру, пәтуа жобаларын әзірлеу бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Елімізде жаңадан дамып келе жатқан балама қаржы моделінің халық арасында кеңінен сұранысқа ие болуы, ең алдымен, ақпараттық-танымдық жұмыстардың сапасы мен ауқымына тікелей байланысты екені айтылды. Осыған орай, Ислам қаржысы секторы алдағы уақытта түрлі форматтағы оқыту курстары мен ақпараттық-ағартушылық іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырғаны хабарланды.
Сонымен қатар, ислам банктері мен исламдық қаржы компанияларына исламдық қаржы принциптері бойынша кеңес беретін арнайы мамандарды даярлау ісіне де өзіндік үлес қосу жоспарланып отырғаны айтылды.
ҚМДБ жанынан құрылған жаңа сектор аталған бағыттармен қатар, өз құзыреті шегінде өзге де бастамаларды жүзеге асыра отырып, елімізде ислам қаржысы саласын институционалдық тұрғыдан дамытуға үлес қосуға дайын екендігін жеткізді.
Форум барысында сөз сөйлеген отандық және шетелдік сарапшылар исламдық қаржының ел экономикасына инвестиция тартудағы әлеуеті, Астана халықаралық қаржы орталығының саланы дамытудағы рөлі, заңнаманы жетілдіру мәселелері, Қазақстандағы исламдық қаржы нарығында қызмет етіп жатқан компаниялардың тәжірибесі, исламдық терезелер қызметін үйлестіру, сондай-ақ тұрғын үйді исламдық қаржыландыру тетіктері секілді өзекті тақырыптар төңірегінде баяндама жасап, пікір алмасты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
23.05.2026
298
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру