Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Павлодар облысына барған сапарында «Мәшһүр Жүсіп және оның рухани мұрасындағы ихсан ілімі» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-танымдық конференцияға қатысып, арнайы баяндама жасады.
Конференция жұмысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ойшыл Мәшһүр Жүсіп халықты білім мен иманға шақырып қана қоймай, айтқан сөзіне амал-әрекет жасады. Оның өз шәкірттеріне берген аса маңызды тәрбиесі ғылым жайында еді. Оқыған адамның көзінің алды жарық болатынын ұғындырды. Сондықтан терең де парасатты білім әрбір адамға ауадай қажет.
Ғылым – пенденің ішін лас қылықтан тазартатын түңілік сияқты. Түңілік арқылы үйге күндіз күннің, түнде айдың сәулесі түсіп тұратын болса, сапалы білім де адам жанын баспалдақтай биіктете беретіні анық дегендерді айта келіп, ақын ғылым жөнінде ойын былайша қорытады: «Әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмырын сарп қылған пенденің жаны тіріліп сыйлы болады. Ғылым-білімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік жан есепті. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады».
Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде адамның өзін-өзі тәрбиелеуі басты тақырыптардың біріне айналды. Ғұлама: «Адамның тазалығы – жүрегінің тазалығында» деген мазмұндағы ойларды дәріптеді. Бұл – ихсан ілімінің негізгі ұстанымдарының бірі. Ол дінді тек рәсім немесе сыртқы ғибадат ретінде қарастырмаған. Керісінше, адамның мінез-құлқы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін бірінші орынға қойған. Мәшһүр Жүсіптің пікірінше, жүректе мейірім болмаса, адамда ұят пен ар болмаса, халыққа қызмет ету ниеті болмаса, онда діни білімнің толық пайдасы болмайды. Бұл – бүгінгі қоғам үшін де аса маңызды насихат», – деп атап өтті.





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
22.05.2026
96
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру