Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ muftyatkz 07.05.2026 204 0 пікір
ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

 

Бүкіл әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, Оның Елшісі ардақты Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болғай!
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті отандастар!

Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Бұл – өскелең ұрпақтың бойына Отанды қорғау сезімін ұялатып, халыққа қызмет етудің, ата-ананы құрметтеп, үлкенді сыйлаудың қадірін сезіндіретін орайлы сәт.

Халқымыз: «Жақсы ердің қайғысы ауылының басында. Жаман ердің қайғысы өз отының қасында» дейді. «Отанды сүю – иманнан» деп өсиет қалдырған бабаларымыз өз ұрпағын елдің қамын ойлауға тәрбиелеген. Шын мәнінде әрбір ер адам үшін Отанын қорғау – қасиетті парыз, мызғымас міндет. Антына адал, сертіне берік жігіттің мәртебесі биік.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Бір күн, бір түн шекара күзету күндіз ораза ұстап, түнді құлшылықпен өткізген бір айдан жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен ризығы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады», – деген. Мұндайда «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген қанатты сөз еріксіз еске түседі.

«Отанды сүю отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» дегендей, баланың бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттер өз үйінде қалыптаса бастайды. Отбасында, яғни кіші Отанында дұрыс тәрбие көрген бала ел мен жердің өркендеуіне аянбай үлес қосады.

Алла Тағала ел мен жер қадірін білетін ұрпағымыздың қатарын арттырғай! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болғай. Әумин!



Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру