Түркияның Стамбул қаласында «Халықаралық пәтуа кеңестерінің консультативтік жиыны» жалғасып жатыр.
Бүгін ауқымды конференцияда ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы «Исламның біртұтас рухы және ұжымдық пәтуаның маңызы» тақырыбында баяндама жасады.
«Қазіргі заманғы мәселелердің күрделілігі мен пәнаралық сипаты ұжымдық пәтуаның қажеттілігін арттыра түседі. Қаржы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, биомедицина, халықаралық сауда және экология салаларындағы мәселелерді шариғи тұрғыдан бағалау фиқһ ғалымдарының құқықтық білімімен қатар, тиісті саланың мамандарының ғылыми сараптамасын да талап етеді. Сондықтан қазіргі жағдайда пәтуа шығару үдерісінде фиқһ ғалымдары мен салалық мамандардың өзара ынтымақтастығы және ұжымдық талқылауы ерекше маңызға ие.
Сондай-ақ, пәтуа шығару ісі қазіргі заманның сын-қатерлеріне дер кезінде әрі тиімді жауап бере алуы тиіс. Мәселен, жасанды интеллектінің дамуы көптеген үдерістерді оңтайландырып, адамның күнделікті жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беруде. Алайда мұндай технологиялардың дамуы шариғат қағидалары мен этикалық нормалар аясында жүзеге асуы тиіс. Сондықтан шариғи ғалымдар жаңа технологиялар мен жаһандық өзгерістердің даму үрдістерін алдын ала зерделеп, олардың ықтимал салдарын бағалап, қажетті жағдайда тиісті шариғи ұстанымдар мен пәтуаларды уақтылы қалыптастырып отыруы қажет», – деді Сансызбай Құрбанұлы.
Айта кетейік, Халықаралық пәтуа кеңестерінің консультативтік кездесуі ертең де жалғасады. Аталған шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы тапсырмасымен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, Наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы мен Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы арнайы барған еді.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
24.11.2026
13
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру