Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Аталған жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Түркістан облысы әкімі Нұралхан Оралбайұлы арнайы қатысты.
«Түркі даласының төл перзенті, Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама, әулие бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің қазақ халқының рухани тарихында айрықша орны бар. Ол – Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті ұстазы.
Ахмет Ясауи әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлады. Тіпті Аллаға дұға еткенде: «Уа, Алла! Өзіңе және Пайғамбарыңа бізді ғашық ет» деп жалбарынды.
Бабамыз «Диуани хикмет» еңбегінде:
«Ғашық құлдар күндіз-түні әсте тынбас,
Бір сағаты Хақ жадынан ғапіл болмас,
Ондай құлды Субхан Ием зая қоймас,
Дұға қылса, онысы қабыл болар екен.
Бұл – Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінен алынған терең мағыналы сопылық өлең. Ғұлама бабамыз Аллаға деген шынайы махаббат, ғашықтық хәл және адамның ғапылдыққа өкінуі жайында ой толғайды. Бірінші шумақтағы «ғашық құлдар» дегені – Алланы шын сүйген, жүрегі иманға толы пенделер. Олар күндіз-түні Хақты (Алланы) еске алудан жалықпайды. Тіпті бір сәт те ғапыл болмайды. Осындай ықыласты құлды Алла ешқашан зая етпейді, олардың дұғасы қабыл болады деген ой айтылады. Бұл – сопылықтағы «зікір», «ықылас» ұғымдарының көрінісі»,-деді Бас мүфти.
Іс-шара Қожа Ахмет Ясауи мұрасын қазіргі қоғаммен сабақтастыра зерделеуге және рухани кемел қоғам құндылықтарын насихаттауға арналды.

















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
27.04.2026
308
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру