Бүгін Түркістан облысындағы Достық үйінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы тарихта есімі қалған аналарымыздың келбеті және ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі мен орны» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алқалы жиынның негізгі мақсаты – қазақ тарихында айрықша із қалдырған аналар тұлғасын ғылыми әрі рухани тұрғыда зерделеу, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі орнын айқындау және бүгінгі қоғамдағы отбасы институтының маңызын арттыру.
Конференция барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап: «Халқымызда: «Отан – отбасыдан басталады» деген қанатты сөз бар. Кез келген қоғамның маңызды институттарының бірі – отбасы. Ал отбасы мен қоғамның тұрағы – әйел. Баланың иманды, ер-жігіттің ұстамды болуына әйелдің әсері өте көп. Ертең елді басқаратын, халықты жақсылыққа бастап, имандылыққа ұйытатын тұлғалардың өмірге келуіне әйелдер үлкен себепкер болатыны белгілі.
Қазақ халқында: «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігі мол екенін аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның, тіпті әлемнің дамуы мен оның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің мол үлесі бар екені ақиқат»,- деді.
Сондай-ақ конференцияда ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Еділбайұлы ортағасырлық өсиетнамалардың тәрбиелік мәнін талдаса, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы Қарашаш ана мен Домалақ ананың тарихи рөліне тоқталды. Философия ғылымдарының профессоры Ықтияр Молдатөреұлы Зере әженің өнегелі тәрбиесін қазіргі әжелер институтымен сабақтастыра қарастырды. PhD доктор, профессор Шамшат Амангелдіқызы қазақ қоғамындағы отбасы институты мен мұсылман әйелінің мәртебесіне ғылыми талдау жасаса, белгілі журналист Марфуға Шапиян тарихи тұлғаларды тәрбиелеген аналар феноменін жан-жақты зерделеді.
Жиында қазақ қоғамындағы «аналар мектебі» отбасы тәрбиесінің негізі ғана емес, ұлттық рухтың, мәдени тұтастықтың және рухани тұрақтылықтың маңызды тірегі екені кеңінен айтылды. Тарихта есімі қалған аналардың ұлт болмысын қалыптастырудағы рөлі ерекше екені атап өтілді.


















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
26.04.2026
339
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру