Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАС МЕШІТТЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 20.02.2026 1480 0 пікір
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАС МЕШІТТЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Республикалық бас мешітте «Қонақ күту әдебі» тақырыбында жұма уағызын айтты.

«Мұсылман адамның бойында болуы керекті маңызды сипаттардың бірі – қонақжайлылық. Қасиетті Құранда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар қонақ кейіпінде келген періштелерге құрмет көрсеткені турасында:«Олар Ибраһимге кіргенде: «Сәлем», – десті. Ибраһим де оларға: «Сәлем, бөгде қауым», – деді. Дереу үйіне барып, семіз бір бұзау әкелді. Оны оларға жақындатып: «Жемейсіздер ме?» – деді», – деп айтылған («Зәрият» сүресі, 24-27-аяттар).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман еткен болса, қонағын кұрметтесін», – (имам Бұхари, Мүслим).

Имандылық тегінде бар қазақ халқы үшін қонақ күтудің мәні зор. Келген қонақтың мақсатына қарай ата-бабаларымыз  арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ, құтты қонақ, ерулі қонақ сияқты түрлі атаумен атаған. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп, шаңырағына қонақ келуін жақсылыққа балап, оны ешуақытта кеудесінен итеріп, кері қайтармаған. Үйіне келген қонақты отбасы, бала-шағасымен күтіп, ақ батасын алып, сый-құрмет жасап, шығарып салған»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.






 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру