Астана медицина университетінде Қазақстанның эндаумент-қорларының VI кәсіби кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ислам қаржысы секторының меңгерушісі Нұржан Жақсылықұлы қатысып, исламдық қаржы жүйесінің негізгі қағидаттары мен оның экономикалық және әлеуметтік әлеуеті туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында эндаумент-қорларының білім беру, ғылым, медицина және қоғам үшін маңызды өзге де салаларды тұрақты қолдаудағы рөлі сөз болды. Сонымен қатар эндаумент-қорларының ислам мәдениетіндегі баламасы саналатын уақып институтының ерекшеліктеріне назар аударылды. Уақыптың қоғамдық игілікке бағытталған, ұзақ мерзімді әрі үздіксіз қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін тетік екені атап өтілді. Баяндама барысында қазақ даласында «бөлінбеген енші» атауымен көпшілік игілігіне қызмет еткен уақып нысандары туралы тарихи деректер де келтірілді.
Нұржан Жақсылықұлы қатысушыларға исламдық қаржы құралдары туралы таныстырылым ұсынып, саланың экономикаға тигізер пайдасына тоқталды. Оның айтуынша, исламдық қаржы – нақты экономиканы дамытуға, қоғамдық игілікті арттыруға және нарық қатысушылары арасындағы әділетті қарым-қатынас орнатуға бағытталған. Исламдық қаржыландыру сауда, жалға беру және серіктестік қатынастарына негізделе отырып, нақты активтермен қамтамасыз етілетін (asset-backed) әрі нақты экономикада қосымша құн тудыратын балама қаржы моделін ұсынады.
Баяндамашылар исламдық қаржы құралдарын эндаумент-қорларының қаражатын басқаруда балама құрал ретінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Шараға еліміздің түрлі жоғары оқу орындарынан келген эндаумент-қорларға жауапты мамандар қатысып, спикерлерге сұрақтарын қойып, өз тәжірибелері мен пікірлерін ортаға салды.
Жиын қорытындысында шараға арнайы келген Қазақстан Республикасының Жоғары білім және ғылым министрлігінің өкілі ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, алғыс сертификаттарын табыстады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
06.10.2026
194
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру