Абай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Семей мемлекеттік театрында «Адалдықтың жаршысы – Мұхаммед» атты Мәуліт кеші өтті.
Рухани кештің шымылдығы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының арнайы Мәуліт кешіне арнап қойған «Ана сүтімен дарыған адалдық» атты қойылымымен ашылды. Қойылым көрерменге тағылымды ой салып, ерекше әсер қалдырды.
Кеш барысында елімізге танымал айтыскер ақын, термеші Арман Бердалин Мәуліт жырын орындады. Жиналған көпшілік Алла елшісіне ﷺ салауат айтып, Пайғамбарымызға ﷺ деген сүйіспеншілігін білдірді.
Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы Мәуліт айының мәні мен маңызына тоқталып, халқымыздың ғасырлар бойы Алла елшісінің ﷺ өнегелі өмірін ұлықтап, Мәуліт жырларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқанын атап өтті.
«Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ – адалдық пен шыншылдықтың, әділдік пен адамгершіліктің, қарапайымдылық пен көркем мінездің озық үлгісі», – деді Бас имам.
Сондай-ақ Асқар Әбітайұлы рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан қойылым режиссері мен Абай театрының ұжымына алғысын білдірді.
Жыл сайынғы дәстүрге сай, биылғы Мәуліт сыйы ауыр дертпен күресіп жатқан Хакім Хазрет Құран жаттау орталығының ұстазы Арман Рүстемұлының еміне көмек ретінде табысталды.
Кеш соңында қала тұрғындары рухани шарадан ерекше әсер алып, ұйымдастырушылар мен театр ұжымына ризашылықтарын білдірді.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Абай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
18.09.2026
72
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру