Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбеде Рамазан айына дайындық барысы талқыланды

Ақтөбе облысы өкілдігінің баспасөз қызметі 13.02.2026 509 0 пікір
Ақтөбеде Рамазан айына дайындық барысы талқыланды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбе облысы өкілдігі ғимаратында облыстың Бас имамы Амантай Садиевтің төрағалығымен өңірге қарасты қала және аудан бас имамдарының қатысуымен Рамазан айына байланысты онлайн форматта жиын өтті. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан ұйымдастырылған басқосуда қасиетті айда жүзеге асырылатын діни-ағартушылық және қайырымдылық шаралары кеңінен талқыланып, нақты міндеттер жүктелді.

Жиын барысында мешіттерде тарауих намазын жоғары деңгейде ұйымдастыру, тарауих намазына қариларды бекіту және Құран хатым түсіру ісін жүйелі түрде жүргізу мәселесі айтылды. Сонымен қатар жамағат үшін намаз оқып үйрену және Құран үйрену курстарын ұйымдастыру, онлайн Құран хатым өткізу арқылы халықтың діни сауатын арттыру қажеттігі қамтылды. Қайырымдылық бағытындағы жұмыстарға ерекше мән беріліп, таратылатын азық-түлік қоржындарына тек ҚМДБ халал сертификатын алған өнімдердің енгізілуі қатаң қадағаланатыны ескертілді. Сондай-ақ қарттар үйі мен жетімдер үйіне арнайы қайырымдылық шараларын ұйымдастыру тапсырылды.

Бұдан бөлек, мешіттердің іші-сыртын безендіру, Рамазан айымен құттықтау банерлерін ілу және арнайы құттықтау хаттарын тарату, ақпараттық-насихат бағытында 30 күнге 30 видеоуағыз түсіру, тарауих намазында оқылатын аяттардың тәпсірін жамағатқа түсіндіру міндеті қойылды.

Жиын қорытындысында Амантай Садиев қасиетті Рамазан айын ұйымшылдықпен әрі жоғары жауапкершілікпен өткізудің маңызын атап өтіп, берілген тапсырмаларды сапалы және уақытылы орындауды бақылауға алуды жүктеді.





Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру