Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында үстіміздегі жылдың алғашқы Төралқа мәжілісі өтті. Жиын барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады.
Аталған алқалы басқосуға Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев қатысып, бірқатар маңызды мәселелерді назарға алды. Елордадан оралған соң облыс аумағындағы қала және аудан имамдарының қатысуымен арнайы жиын өткізіп, алдағы кезеңде атқарылатын басым бағыттар мен маңызды міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ діни қызметтегі жауапкершіліктің бұрынғыдан да арта түсетінін атап өтіп, адалдық ұғымының мәні мен маңызын нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Жиын барысында имамдар алдында «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Дәстүр және отбасы», «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша жүйелі әрі қажырлы жұмыстар күтіп тұрғаны айтылды.
Кездесуге Қостанай облысы әкімдігінің «Дін істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Діни бірлестіктермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімінің басшысы Сапарғали Әкімбекұлы қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп, имамдарға жауапты қызметтерінде сәттілік тіледі.
Сонымен қатар облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің наиб имамы Әлішер Ертайұлы алдағы уақытта әр бағыт бойынша атқарылатын нақты тақырыптарға тоқталып өтті.
Жиын соңында Бектұрсын қажы Уәлиев өңірдегі он бір дін қайраткеріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі атынан Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі
26.01.2026
1168
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру