Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жамбыл: «Айша бибі» қыздар клубы құрылды

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі asyldin.kz 04.03.2025 1219 0 пікір
Жамбыл: «Айша бибі» қыздар клубы құрылды

Жамбыл облысында әйелдер қауымына арналған жаңа рухани әрі әлеуметтік бастама іске қосылды. Атап айтқанда, Тараздағы «Кеңесхан қажы» мешітінде «Айша бибі» қыздар клубы өз жұмысын бастады.

Бұл игі жоба мешіттің әйелдер жамағатымен қатар блогерлер, кәсіпкер ханымдар және қоғам белсенділерін біріктіріп, ортақ мақсатқа ұйыстыруды көздейді.

Клубтың басты мақсаты – әйелдердің рухани және әлеуметтік дамуына қолдау көрсету, қоғамдағы игі істерді күшейтіп, қайырымдылық пен білімді насихаттау. Сонымен қатар әйелдер жамағатының бұрыннан атқарылып келе жатқан игі бастамаларын одан әрі дамытып, жаңа белестерге көтеруді көздейді.

Жамбыл облысының әскер әйелдер қауымдастығының басшысы Меруерт Қаттабайқызы, «Әжелер алқасының» төрайымы Жәмила Жұмабаева мен Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев шараға арнайы келіп, ашылу салтанатында сөз сөйледі.

«Айша бибі» қыздар клубының жетекшісі – білікті ұстаз, Зейнеп Үсенова. Ол клубтың алдағы жоспарлары туралы айта келе, мұнда түрлі тақырыптағы рухани кездесулер, қайырымдылық шаралары, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған іс-шаралар өткізілетінін жеткізді.

«Әжелер алқасының» жалғасымен құрылған «Айша бибі» клубы – әйелдердің қоғамдағы рөлін арттырып, бір-біріне қолдау көрсетуіне, бірлескен жобалар жасауына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Клуб мүшелері мешіт және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істеп, рухани тәрбиені күшейтуге, білім мен қайырымдылықты дәріптеуге басымдық береді.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру