اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Аманат (الأمانة) сөзі араб тіліндегі «أَمِنَ» (әмина) түбірінен тараған. Бұл түбірдің негізгі мағынасы қауіп-қатерден аман болу, қорқыныштан арылу, көңілдің орнығуы, сенімділік пен тыныштық. Сонымен қатар ол біреуге сенім білдіру, оның адалдығына илану мағыналарын да қамтиды. Тілдік тұрғыдан аманат – қиянатқа қарама-қарсы ұғым. Ол біреудің сеніп тапсырған дүниесіне қиянат жасамауды және өзіне жүктелген сенімді ақтауды білдіреді. Аманат ұғымына сақтауға берілген мал-мүлік қана емес, адамның ар-намысы, құпиясы және сеніп тапсырылған өзге де құндылықтар жатады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا
«Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла бәрін естуші һәм көруші», – деген («Ниса» сүресі, 58-аят).
Имам ибн Кәсир (Алла оны рақымын алсын) бұл аятты: «Алла Тағала бұл аятта аманаттарды өз иелеріне қайтаруды бұйыратынын хабарлайды», – деп түсіндірген. Яғни аяттағы «аманат» ұғымы тек біреудің тапсырған дүниесін сақтаумен шектелмейді. Ол адамның Алла алдындағы міндеттерін, өзіне жүктелген жауапкершілікті, өзгенің ақысы мен құқығын, сондай-ақ билік пен қоғамдық қызметті де қамтитын кең мағынаға ие.
Ал ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Бұл аяттағы үкім ізгі адамға да, күнәһар адамға да қатысты. Алла Тағала кедейге де, байға да аманатқа қиянат жасауға рұқсат бермеген», – дейді. Яғни аманатты орындау – әрбір адамға жүктелген міндет.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
أَدِّ الْأَمَانَةَ إِلَى مَنِ ائْتَمَنَكَ، وَلَا تَخُنْ مَنْ خَانَكَ
«Өзіңе аманат тапсырған адамның аманатын орында. Саған қиянат жасаған адамға сен қиянат жасама», – деген (имам Термизи).
Дінімізде аманатқа адалдық етуге, оны берік ұстануға бұйырған. Осы қасиетті бойына сіңірген жандарды мадақтаған. Сондай-ақ мұсылман баласына жүктелген аманат бірнеше бағытты қамтиды. Мысалы:
– Алла алдындағы аманат: Аллаға және ғайыпқа және ақыретке иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, қажылық жасау, зекет беру, шүкіршілік пен ықыласты ұстану;
– Пайғамбарлар алдындағы аманат: барлық пайғамбарға иман келтіру, олардың ешқайсысын жоққа шығармау және жеткізген ақиқатына бойсұну;
– Адамдар алдындағы аманат: әділдік орнату, жетімдер мен мұқтаждардың ақысын сақтау, отбасы мүшелеріне жақсылық жасау, сауда-саттықта адал болу;
- Қоғам алдындағы аманат: бірлікті сақтау, зұлымдыққа жол бермеу, бұзғындық пен арсыздықты жаймау, өзара құқықтарды құрметтеу және қоғамдық қатынастарды сақтау.
Бірінші: мұсылман үмбетіне жүктелген аманат
Аманат – адам баласына жүктелген ұлы жауапкершілік, иманның кемелдігін айқындайтын асыл қасиет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّا عَرَضْنَا الْأَمَانَةَ عَلَى السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَالْجِبَالِ فَأَبَيْنَ أَنْ يَحْمِلْنَهَا وَأَشْفَقْنَ مِنْهَا وَحَمَلَهَا الْإِنْسَانُ إِنَّهُ كَانَ ظَلُومًا جَهُولًا
«Расында, біз аманатты жеті қат көкке, жерге және тауларға ұсындық. Алайда олар оны мойындарына алудан қашты, оның ауыр жауапкершілігінен қорықты. Сөйтіп, оны адам баласы өз мойнына алды. Шүбәсіз, адам баласы тым залым әрі өте надан келеді», – деген («Ахзаб» сүресі, 72-аят).
Ислам ғалымдары «аманат ұғымы діннің барлық міндеттерін қамтиды», – деген.
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
Алла Тағала Адамға:
– Уа, Адам! Мен аманатты көктер мен жерге ұсындым. Бірақ олардың оны көтеруге шамасы келмеді. Ендеше, сен оны барлық жауапкершілігімен бірге мойныңа аласың ба? – деді. Адам:
– Уа, Раббым! Оның ішінде не бар? – деп сұрады. Алла Тағала:
– Егер оны орындасаң, сауапқа кенелесің. Ал оны аяқасты етсең, азапқа ұшырайсың, – деді. Сонда Адам аманатты барлық жауапкершілігімен бірге мойнына алды.
Демек, аманатқа адалдық – адамның Алла алдындағы құлшылық міндеттері мен қоғам алдындағы жауапкершілігін бірдей қамтитын қасиет. Алла Тағала Құранда шынайы мүміндердің сипаттарын былайша баяндайды:
وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ
«Сондай-ақ олар өздеріне сеніп тапсырылған аманаттарға және берген уәделерінде тұрады», – деген («Мүминун» сүресі, 8-аят).
Екінші: адамдар алдындағы аманат
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لا إِيمَانَ لِمَنْ لَا أَمَانَةَ لَهُ ، وَلَا دِينَ لِمَنْ لَا عَهْدَ لَهُ
«Аманатқа адалдығы жоқ адамның – иманы жоқ, ал уәдесіне беріктігі жоқ адамның – діні жоқ», – деген (имам Ахмад).
Хадисте аманатқа қиянат жасау мен уәдеде тұрмаудың иман кемелдігіне қайшы екені ескертіледі. Адамның иманы оның құлшылығымен қатар, адамдармен қарым-қатынасынан, өзіне тапсырылған міндеттерге деген жауапкершілігінен де көрініс табады. Сондықтан мұсылман баласы әрбір ісінде аманатқа адал болып, адамдардың сенімін ақтауға ұмтылуы қажет. Аманатқа адалдық адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі болса, оған қиянат жасау – қоғамдағы сенімді әлсірететін, адамдар арасындағы татулыққа сызат түсіретін ауыр күнәлардың бірі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَخُونُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Аллаға және пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар», – деген («Әнфал» сүресі, 27-аят).
Аманатқа қиянат жасаудың түрлі көріністері бар. Өзгенің дүниесін иемдену, берілген уәдені орындамау, сеніп айтылған сырды жария ету, қызметтік міндетіне немқұрайлы қарау, қолындағы билікті жеке басының пайдасына пайдалану мұның барлығы аманатқа адалдық қағидасына қайшы келеді. Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
آيَةُ الْمُنَافِقِ ثَلَاثٌ: إِذَا حَدَّثَ كَذَبَ، وَإِذَا وَعَدَ أَخْلَفَ، وَإِذَا اؤْتُمِنَ خَانَ
«Мұнафықтың үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады, уәде берсе, орындамайды, аманат тапсырылса, қиянат жасайды», – деген (имам Бұхари).
Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын) «Сахих Мүслимге» жазған түсіндірмесінде: «хадисте айтылған сипаттар мұнафықтықтың амалдағы белгілері екенін баяндайды. Бұл сипаттардың бірінің адам бойында болуы оны бірден діннен шыққан деп есептеуге негіз болмайды. Алайда мұндай әрекеттер мұсылманның мінез-құлқына қайшы келетін ауыр кемшіліктер болып саналады», – деген.
Бұл хадис адам бойындағы үш жағымсыз қасиеттің қауіптілігін көрсетеді. Өтірік айту адамдар арасындағы шынайылықты жояды. Уәдені бұзу өзара сенімді әлсіретеді. Ал аманатқа қиянат жасау адамгершілік пен жауапкершілікке нұқсан келтіреді.
Қисса
Мекке қаласында Әбу Ғияс есімді кедей, ізгі адамның отбасы ауыр жоқшылық пен аштыққа душар болады. Төрт күн бойы нәр татпай, ішерге ас таппай қиналады. Ақырында отбасы мүшелерінің өміріне қауіп төнеді. Осындай қиын жағдайда Әбу Ғияс күннің аптап ыстығына қарамастан, бала-шағасына азық тауып келу үшін үйінен шығады. Жолда келе жатып, кенеттен іші алтынға толы былғары әмиян тауып алады. Әмиянның ішінде мың динар алтын бар еді. Әбу Ғияс әмиянды алып, ешкімге білдірместен үйіне оралады. Күйеуінің азық-түлікпен емес, тек бір әмиян алып келгенін көрген жұбайы оның мән-жайын сұрайды. Әбу Ғияс болған оқиғаны түгел баяндап береді. Аштық пен жоқшылықтан әбден қажыған жұбайы Лубаба:
– Әмиянды ашып, ішінен бірнеше динар алшы. Балаларымызға тамақ сатып алайық. Біз қазір аса мұқтаж жағдайда отырмыз. Шариғатта тіпті мәжбүр болған адамға өлексенің етін жеуге де рұқсат етіледі ғой! – дейді. Әбу Ғияс аштықтан көздері шүңірейіп кеткен кішкентай қыздарына қарайды. Олардың мүшкіл халін көріп, жүрегі елжіреп, көзінен жас төгіледі. Алайда Аллаға деген иманы мен аманатты сақтауға деген беріктігі оны өзгенің дүниесіне қол сұғудан тоқтатады. Сонда ол:
– Мен елу жыл бойы кедейлікке сабыр еттім. Енді қалайша бала-шағама харам ас беріп, аманатқа қиянат жасап, Раббыма қарсы келмекпін?! – дейді. Сөйтіп, әмиянды қауіпсіз жерге сақтап қойып, иесін іздеуге шығады. Ол Харам мешітінде және Меккенің әртүрлі көшелері мен сай-салаларында әмиянның иесін іздеп, жар салады. Ақырында жоғалтқан дүниесін іздеп жүрген Хорасандық бір саудагерге жолығады. Әбу Ғияс әмиянды оған тапсырады. Ішіндегі мың динар алтынның біреуі де кемімеген еді. Хорасандық саудагер оның шыншылдығына, аманатқа адалдығына, тақуалығы мен арлылығына тәнті болады. Сөйтіп, әлгі мың динардың барлығын Әбу Ғиясқа адал сый ретінде береді. Әбу Ғияс қуаныштан көзіне жас алып, мол қаражатпен үйіне оралады. Сонда ол жұбайы Лубабаға:
– Көрдің бе, уа, Лубаба! Расында, Алла сабыр етушілердің сауабын зая етпейді. Біз бір динар харам дүниеден өзімізді тыйып едік, Алла бізге мың динар адал ризық нәсіп етті! – дейді.
Үшінші: отбасы – аманат
Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат нығметтердің бірі, ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі, сүйіспеншілік пен мейірімнің мекені. Шаңырақтың шаттығы, ерлі-зайыптылардың жарасымы, ата-ана мен перзент арасындағы сыйластық – қоғамның берекесін арттырып, ел болашағының баянды болуына негіз болатын асыл құндылықтар. Өйткені отбасының әрбір мүшесі – бір-біріне Алла Тағаланың сеніп тапсырған аманаты. Асыл дініміз исламда осы аманатқа ерекше мән берілген. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларына мейірім мен құрмет көрсеткен аяулы жар, перзенттеріне сүйіспеншілікпен тәрбие берген өнегелі әке ретінде бүкіл адамзатқа көркем үлгі қалдырды. Сондықтан әрбір шаңырақта өзара сыйластық пен түсіністік, сүйіспеншілік пен жауапкершілік орныққан сайын отбасының іргесі бекіп, қоғамның ынтымағы нығайып, елдің берекесі арта түседі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
هُنَّ لِبَاسٌ لَّكُمْ وَأَنتُمْ لِبَاسٌ لَّهُنَّ
«Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рақатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киімсіңдер (секілдісіңдер)», – деген («Бақара» сүресі, 187-аят).
Аталмыш аятта Алла Тағаланың ерлі-зайыпты адамдарды киімге теңеуі тегін емес. Себебі киім адамды ыстық пен суықтан қорғайды, денесіндегі кемшілігін жабады, бойына көрік береді. Сол сияқты ерлі-зайыпты адамдар да, біріне қамқор, жақсылығын асырып, кемшілігін жасырып, бір-біріне көрік бола білуі қажет.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында:
اتَّقوا اللهَ في النساءِ: فإنَّكم أخذتُموهنَّ بأمانةِ الله
«Әйелдерге қатысты Алладан қорқыңдар! Расында, сендер оларды Алланың аманатымен алдыңдар», – деген (имам Мүслим).
Сол секілді бала да – Алла Тағаланың ата-анаға берген ұлы нығметі, жауапкершілігі мен зор аманаты. Перзенттің дүниеге келуі шаңыраққа қуаныш сыйласа, оның тәрбиесі ата-анаға үлкен міндет жүктейді. Бала тәрбиесі оның денсаулығы мен тұрмыстық жағдайына қамқорлық жасаумен қатар, жүрегіне иман, бойына әдеп, санасына білім мен адамгершілік құндылықтарды сіңіреді. Ата-ананың күнделікті іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, өзгелермен қарым-қатынасы бала үшін үлкен өнеге.
Халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп, ата-ананың өнегесін жоғары бағалаған. Осы тұрғыдан алғанда, балаға берілген дұрыс тәрбие – ата-ананың аманатқа адалдығының жарқын көрінісі.
Сонымен қатар отбасы – Алла Тағаланың адам баласына берген баға жетпес нығметі әрі үлкен аманаты. Сол аманатқа адал болу әрбір мұсылманнан мейірімділікті, сабырлылықты, әділдікті және жауапкершілікті талап етеді.
Құрметті жамағат!
Аманат ұғымы адам өмірінің барлық саласын қамтиды. Ата-ана үшін перзент тәрбиесі – аманат. Басшы үшін қол астындағы қызметкерлері мен елдің игілігі – аманат. Ұстаз үшін шәкірт тәрбиесі мен білімі – аманат. Қызметкер үшін өзіне тапсырылған жұмыс – аманат. Ал әрбір мұсылман үшін уақытын, денсаулығын және Алла берген нығметтерді орнымен пайдалану – үлкен жауапкершілік. Халқымыз: «Аманатқа қиянат жүрмейді», – деген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрып-ақ Мекке тұрғындары арасында өзінің шыншылдығымен, адалдығымен және сенімділігімен танылған. Сол себепті халқы оны «әл-Әмин» – «сенімді адам» деп атаған. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихы аманатқа деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. Өзіне дұшпандық танытқан адамдардың да аманатын сақтап, олардың ақысын өтеуге ерекше көңіл бөлген.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَا تَقْرَبُوا مَالَ الْيَتِيمِ إِلَّا بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ حَتَّىٰ يَبْلُغَ أَشُدَّهُ ۚ وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ ۖ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا
«Жетімнің мал-мүлкіне кәмелетке толғанға дейін (сақтау, көбейту немесе сол баланы жан-жақты жетілдіру үшін жұмсау сияқты) жақсы ниетпен болмаса, мүлдем жоламаңдар. Сертке берік болыңдар! Өйткені берілген серттің сұрауы бар!» – деген («Исра» сүресі, 34-аят).
Алла Тағала осы аманаттардың барлығын өз иелеріне қайтаруды бұйырған. Кімде-кім дүниеде аманатты орындамаса, Қиямет күні одан сол аманаттың ақысы өндіріліп алынады.
Абдулла ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) жеткен деректе: «Расында, Алла жолында шейіт болған кісінің барлық күнәлары кешіріледі. Алайда аманатқа қиянат жасаған адамның қиянаты сұралады. Қиямет күні Алла жолында шейіт болған бір адам әкелінеді. Сонда оған:
– Аманатыңды орында! – делінеді. Ол:
- Дүние тіршілігі аяқталып кеткеннен кейін оны қалай орындаймын?! – дейді. Сол кезде оның аманаты Жәһаннамның түбінде бейнеленіп көрсетіледі. Ол аманатын алу үшін төмен қарай құлдилап түсіп, оны иығына көтереді. Алайда аманат оның иығынан түсіп кетеді. Сонда ол аманатының соңынан қайта құлдилап түседі. Осылайша бұл жағдай мәңгілікке жалғаса береді, – деп сөзін былайша жалғайды:
- Намазда да аманат бар, оразада да аманат бар, сөз сөйлеуде де аманат бар. Ал бұлардың ішіндегі ең ауыры өзіне сақтауға тапсырылған аманаттар, – деген екен.
Әсіресе, бүгінгі қоғамда аманатқа адалдықтың маңызы зор. Қай қызметте болмасын әділ болу, тапсырылған мүлікті сақтау, саудада таразыдан жемеу, қарызды уақытында қайтару, еңбек міндетін адал атқару, сеніп айтылған сырды сақтау – күнделікті өмірде кездесетін аманатқа беріктіктің нақты көріністері. Сонымен қатар аманатты сақтау, өзгенің ақысын құрметтеу, сенімін ақтау және әділдік қағидасын ұстану – баршамызға түсетін – аманат. Қорыта айтқанда, осы аманаттардың қадірін түсініп, оларды адал атқарып, Алланың разылығына ұмтылуымыз қажет.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
06.11.2026
186
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру