اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Үміт адам жүрегіне жігер сыйлап, өміріне мән беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын асыл қасиет. Адам баласы қандай қиындыққа тап болса да, жүрегіндегі үміт сәулесі оған күш-қуат беріп, алға қадам басуына жол ашады. Үміт бар жерде сабыр мен төзім, талпыныс пен ізденіс, ізгілік пен жақсылыққа деген құлшыныс болады.
Ислам дінінде үміт мұсылманның Алла Тағаланың шексіз рақымы мен мейіріміне деген сенімінің көрінісі. Шынайы мүмін Жаратушысының кеңшілігінен үміт етіп, күнәсіне тәубе жасайды, құлшылығын арттырады, игі амалдарға ұмтылады. Өйткені Алланың рақымынан үміт ету адамды ізгілікке жетелеп, жүрегіне сенім ұялатады, өміріне рухани серпіліс береді. Сондықтан үміт жүректі жақсылыққа бастайтын, адамды ізгі амалға жігерлендіретін және Алла Тағалаға жақындата түсетін ұлы рухани құндылық. Үміт берекенің, тыныштықтың кілті. Алла Тағала адам баласына өмірден күдер үзбей ғұмыр кешуі үшін көптеген нығметтер берген. Пенде өмірден түңіліп, «Менен түк шықпайды. Қазірге дейін ешбір іліп-алар жақсылығым жоқ» деп үмітсіздікке салынуы үлкен қателік. Алла Тағала қасиетті Құранның «Юүсіп» сүресі, 87-аятында:
وَلاَ تَيْأَسُوا مِن رَّوْحِ اللهِ إِنَّهُ لاَ يَيْأَسُ مِن رَّوْحِ اللهِ إِلاَّ الْقَوْمُ الْكَافِرُونَ
«Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Анығында, Алланың мейірімінен, қарсы болған қауым ғана үмітін үзеді», – деп айтқан. Сол үшін де келешекке үмітсіздік танытып, күмәнмен қараған адам жақсылыққа жете алмайды. Жүсіпек Аймауытов: «Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек», – дейді.
Құдси хадисте Алла Тағала:
يَا ابنَ آدَمَ ! إِنَّكَ مَا دَعَوْتَنِي وَرَجَوْتَنِي غَفَرْتُ لَكَ عَلَى مَا كَانَ فِيكَ وَلَا أُبَالِي. يَا ابنَ آدَمَ ! لَوْ بَلَغَتْ ذُنُوبُكَ عَنَانَ السَّمَاءِ ثُمَّ اسْتَغْفَرْتَنِي غَفَرْتُ لَكَ وَلَا أُبَالِي. يَا ابنَ آدَمَ ! لَوْ أَتَيْتَنِي بِقُرَابِ الأَرْضِ خطَايَا ثُمَّ لَقِيْتَني لَا تُشْرِكْ بِيْ شَيْئًا لَأَتَيْتُكَ بِقُرَابِها مَغْفِرَةً
«Уа, Адам баласы! Сен Маған дұға етіп, Менің рақымымнан үміт еткеніңде, қандай күнәларың болса да, Мен сені кешіремін әрі оған мән бермеймін. Уа, Адам баласы! Егер сенің күнәларың көк жүзіндегі бұлттарға дейін жетсе де, кейін Менен кешірім тілесең, Мен сені кешіремін әрі оған мән бермеймін. Уа, Адам баласы! Егер сен Маған жер бетін толтыратындай күнәлармен келсең, сосын Маған еш нәрсені серік қоспаған күйде жолықсаң, Мен саған жер толатындай кешіріммен келемін», – деген (имам Термизи).
Шағби (Алла оны рақметіне алсын) былай деген: Шутәйр ибн Шәкәл мен Масруқ (Алла ол екеуін рақымына алсын) бірге отырды. Сонда Шутәйр: Ибн Масғудтан естігеніңді сен айт, мен сені растайын, не мен айтайын, сен мені раста, – деді. Масруқ: Жоқ, сен айт, мен сені растайын, – деді.
Сонда Шутәйр:
- Мен Ибн Масғудтың: Құрандағы ең үлкен үміт пен кеңшілік сыйлайтын аят: «Уа, өздеріне зиян келтіріп, шектен шыққан құлдарым! Алланың рақымынан үміт үзбеңдер», – деген аят, – деп айтқанын естідім, – деді. Сонда Масруқ (Алла оны рақымына алсын):
- Дұрыс айттың, – деп жауап берді.
Қисса
Абдуллаһ ибн Мәсғуд (Алла оған разы болсын) бір күні мешітке кіргенде, бір уағызшының адамдарға тозақ оты мен шынжырлар туралы айтып отырғанын көреді. Сонда ол уағызшының қасына келіп, дәл бас жағында тұрып:
- Уа, насихат айтушы! Неліктен адамдарды Алланың рақымынан үміт үздіресің? – дейді де, Алла Тағаланың:
يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ
«Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер», – деген аятын оқиды («Зүмәр» сүресі, 53-аят).
Бірінші: Алла Тағаланың мейіріміне үміт арту
Әлемдерді Жаратқан Алланың пендесіне әрдайым рақымы мол. Адам баласы қандай күнәға жолықса да Алла Тағала кешірімінің ерекше мол екендігін білдірген. Пенде оған сену керек. Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-шы аятында:
وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا إِنَّ رَحْمَةَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِنَ الْمُحْسِنِينَ
«... үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын», – деген.
Үмітпен құлшылық жасау қорқынышпен амал жасағаннан әлдеқайда абзал. Өйткені, үміт адам бойына сүйіспеншілік әкеледі. Мысалы, біреуден қорқып жасаған қызмет пен жақсы көріп жасаған қызметтің арасында үлкен айырмашылық бар. Сол секілді Алла Тағалаға иман келтірудің ең абзалы – Оған сүйіспеншілікпен мойынсұну. Міне, сондықтан адам баласы қаншалықты қате жасаса да ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне себеп болды.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
لَيَغْفِرَنَّ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَغْفِرَةً مَا خَطَرَتْ عَلَى قَلْبِ أَحَدٍ حَتَّى إِنَّ إِبْلِيسَ لَيَتَطَاوَلُ لَهَا رَجَاءَ أَنْ تُصِيبَهُ
«Қиямет күні Алла Тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, Ібілістің өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді», – деген (Ибн Әбу әд-Дуния).
Ғалым ибн әл-Уазир: «Алланың мейірімділігін тілеу пенде үшін үміт есігін ашады. Оған тағаттана құлшылық етуге күш береді. Нәпіл амалдарды орындауға белсенділік беріп, ізгі амалдар жасауда жарысуға жігерлендіреді», – деген. Алайда, мұсылманның үміті қорқынышымен қатар жүреді. Үміт ету деген – Алла Тағала күнәмді кешіреді дегенді сылтау етіп, күнәға салыну емес екендігін де ұмытпау қажет. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
الكَيِّسُ مَن دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ وَالْعَاجِزُ مَنْ أَتْبَعَ نَفْسَهُ هَوَاهَا وَتَمَنَّى عَلَى اللهِ الْأَمَانِيَّ
«Ақылды адам – өз нәпсісін есепке тартып, өлімнен кейінгі өмірі үшін амал жасаған адам. Ал дәрменсіз адам – нәпсісінің қалауларына еріп, ешбір амал жасамастан Алладан құр үміт күткен адам», – деген (имам Термизи).
Екінші: үміт пен үрей жүректің қос қанаты
Үмітке негізделген амал қорқынышқа негізделген амалдан абзал. Өйткені Алла Тағалаға ең жақын құлдар Оны ең қатты жақсы көретіндер. Ал сүйіспеншілік үміт арқылы басымдыққа ие болады. Мұны екі патшаның мысалынан түсінуге болады: олардың біріне қорыққандықтан қызмет етіледі, ал екіншісіне оның сый-сияпатынан үміт еткендіктен қызмет етіледі. Сондықтан дінде үміт етуге және Алла туралы жақсы ойда болуға ынталандыратын көптеген риуаяттар келген.
Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:
سَمِعتُ النَّبيَّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم قَبلَ وفاتِه بثَلاثٍ يقولُ: لا يَموتَنَّ أحَدُكُم إلَّا وهو يُحسِنُ باللَّهِ الظَّنَّ
Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтуінен үш күн бұрын: «Сендердің ешқайсыларың Алла Тағала туралы жақсы ойда болған күйде ғана дүниеден өтсін», – деп айтқанын естідім (имам Мүслим).
Әбу Әли әр-Рузбари (Алла оны рақымына алсын): «Қорқыныш пен үміт құстың қос қанатындай. Екеуі тең болса, құстың ұшуы түзу болады. Біреуі кемісе, ұшуына нұқсан келеді», – деген.
Үміт қорқыныштан ажыраса, адам жауапкершілігін жоғалтып, күнәға жеңіл қарауы мүмкін. Ал қорқыныш үміттен ажыраса, адам тәубеге деген сенімінен айырылып, торығуы мүмкін. Құран бізді екеуінен де сақтайды:
أَفَأَمِنُوا مَكْرَ اللَّهِ ۚ فَلَا يَأْمَنُ مَكْرَ اللَّهِ إِلَّا الْقَوْمُ الْخَاسِرُونَ
«Әлде олар Алланың өздерін тосыннан жазаламайтынына сенімді болды ма? Шындығында, ақыр түбі орасан зиян шегіп, сорлап қалатын қауым ғана Алла өздерін аяқ астынан жазаламайды деп сенеді», – деген («Ағраф» сүресі, 99-аят).
Мүмін өзінің жағдайына қарай жүрегін тәрбиелейді. Күнәға бой алдырып, немқұрайлы жүргенде, есеп пен жауапкершілікті көбірек еске алады. Ізгі амал жасап жүргенде, қабыл болуын күтеді және кемшіліктерінен қауіптенеді.
أنَّ النَّبيَّ صلَّى اللَّهُ عليْهِ وسلَّمَ دَخَلَ عَلَى شَابٍّ وَهوَ فِي الْمَوْتِ فَقَالَ كيفَ تَجِدُكَ قَالَ وَاللَّهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ إنِّي أَرْجُو اللَّهَ وَإنِّي أَخَافُ ذُنُوبِي فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وسلَّمَ لَا يَجْتَمِعَانِ فِي قَلْبِ عبدٍ فِي مِثْلِ هَذَا الْمَوطِنِ إِلَّا أَعْطَاهُ اللَّهُ مَا يَرْجُو وَآمَنَهُ مِمَّا يَخافُ
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өлім аузында жатқан бір жас жігіттің қасына кіріп: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?» – деп сұрады. Жігіт: Алламен ант етемін, уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Расында, мен Алладан үміт етемін әрі күнәларымнан қорқамын, – деді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осындай жағдайда құлдың жүрегінде осы екі сезім қатар орнықса, Алла Тағала оған үміт еткен нәрсесін береді әрі қорыққан нәрсесінен аман сақтайды», – деді (имам Термизи).
Бұл хадисте Алла Тағаладан қорқу мен Оның рақымынан үміт етудің артықшылығы баяндалады. Сондай-ақ осы екі сезімнің тозақтан құтылып, жәннатқа кіруге себеп болатыны түсіндіріледі. Өйткені үміт пен қорқыныш адамды Алла Тағала туралы жақсы сенімде болумен қатар, ізгі амалдарды көркем түрде орындауға ынталандырады.
Әбу Ғусман әл-Хири: «Бақыттың белгісі – Алланың бұйрығын орындағаннан кейін: «Алла қабыл ете ме, жоқ па?» – деп қорқуың. Ал бақытсыздықтың белгісі – күнәлі іс жасай тұра, мені Алла кешіреді деген сенімде болуың», – деген. Құстың қос қанаты болғанда ғана самғап ұшатындығы тәрізді, мұсылманның үміті мен үрейі қатар жүргенде ғана ұстанымы дұрыс болмақ. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Ей, достар! Осы иманды әрқашан айтып салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде бейіш – тақуалар үшін деген. Тақуа деп сақтанғандарды айтады. Адам һәм уақыт Алла Тағаланың ғазабынан қорқынышта, рахматынан үмітті болып, қауіп пенен үміттің арасында болу керек». Аятта: «Тілек дұға қылыңыздар, қауіп пенен үміттің арасында болып», – деген», – деп жазған.
Үшінші: шынайы үміт ізгі амалға жетелейді
Үміт адам жүрегіне сенім ұялатып, өміріне жігер беретін, жақсылыққа құлшындыратын асыл қасиет. Мұсылман баласы Алла Тағаланың рақымы мен кешірімінен үміт етіп, Оның разылығына жеткізетін ізгі амалдарға ұмтылады. Өйткені шынайы үміт адамның жүрегіндегі сенімінен басталып, сөзі мен ісінен, құлшылығы мен көркем мінезінен көрініс табады. Алланың рақымынан үміт еткен жан тәубеге келуге асығып, құлшылығын арттырып, өзгелерге жақсылық жасауға талпынады. Ол әрбір ізгі амалы арқылы Жаратушысының разылығына бөленуді көздейді. Демек, шынайы үміт – жүректі жақсылыққа ынталандырып, адамды ізгі амалға жетелейтін рухани күш.
Әли (Алла оған разы болсын) күнәларының көптігінен үмітсіздікке түскен адамға: «Әй, сен! Алланың рақымынан үміт үзуің күнәларыңнан да ауыр!» – деген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
والذي نفْسي بيدِهِ، لو تعلَمونَ ما أعلَمُ، لَضحِكْتُمْ قليلًا، ولَبكَيْتم كثيرًا، ثم انصرَفَ وأبكى القومَ، وأوحى اللهُ عزَّ وجلَّ إليه: يا مُحمَّدُ، لِمَ تُقنِطُ عِبادي؟ فرجَعَ فقال: أبشِروا، وسَدِّدوا، وقارِبوا.
«Жаным қолында болған Алламен ант етемін! Егер сендер менің білетін нәрселерімді білгендеріңде, аз күліп, көп жылар едіңдер. Содан кейін Пайғамбарымыз кетіп қалды. Ал оның сөзін естіген адамдар жылап қалды. Сонда Алла Тағала Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етіп: Уа, Мұхаммед! Неліктен құлдарымды үмітсіздікке түсіресің?» – деді. Сонда Пайғамбарымыз қайта оралып: «Сүйіншіленіңдер! Туралықты ұстаныңдар және оған барынша жақындауға тырысыңдар», – деді (имам Бұхари).
Алла Тағала былай дейді:
إِنَّ الَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِيَةً يَرْجُونَ تِجَارَةً لَّن تَبُورَ
«Расында, Алланың Кітабын лайықты түрде оқитын, намазды да кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын сондай-ақ өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір парасын ізгілік жолында жасырын әрі жария түрде жұмсайтындар әсте зиянға ұшырамайтын берекелі саудаға үміт арта алады», – деген («Фатыр» сүресі, 29-аят).
Үміт Алла Тағаланың рақымы мен кеңшілігінен жақсылық күту. Мұсылман баласы Жаратушысының кешірімінен, құлшылықтарының қабыл болуынан, жәрдемі мен разылығынан және жәннатына бөленуден үміт етеді. Шынайы үміттің екі көрінісі бар. Біріншісі – ізгі амал жасап, оның Алла құзырында қабыл болуын күту. Екіншісі – жасаған күнәсіне шынайы тәубе етіп, Алланың кешірімінен үміттену. Бірінші жағдайда адам жасаған амалына мақтанбай, Алланың рақымына сүйенеді. Екінші жағдайда күнәсіне бола күдер үзбей, кешірімге ұмтылады.
Құрметті жамағат!
Алла Тағалаға иман келтірген пенде әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Пенде өзінің үміті арқылы түрлі белестерден қиналмай өтіп, биік шыңдарға шығып, көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Осыны ескерген халқымыз мақал-мәтелдерінде: «Үмітсіз жаннан без, қайырсыз малдан без», «Шықпаған жанда үміт бар», «Үмітсіз шайтан», – деген түрлі насихаттар қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 56-аятында біздерді ешуақыт үміт үзбеуге шақырып:
وَمَن يَقْنَطُ مِن رَّحْمَةِ رَبِّهِ إِلاَّ الضَّالُّونَ
«Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?» – деп айтқан.
Үмітсіздік үнсіз жұтатын ұйық іспетті. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үмітсіздік қылу адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады», – деуі осыдан. Бұқар жырау бабамыз да:
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңіл қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да,
Үмітін жоймас адамзат! – деп, ешуақыт жақсылықтан үмітті үзбеу керектігін айтқан. Мұсылман кісі дүние де, ақыретте де әркез жақсылықты үміт етуі қажет.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
16.10.2026
73
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру