اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам баласының өмірі сынақ пен ғибратқа, қуаныш пен өкінішке, жақсылық пен қателікке толы. Пенде болған соң әрбір адам өмір жолында ағаттыққа бой алдырып, кейде нәпсісіне еріп, күнәға ұрынуы мүмкін. Алайда Жаратушы Иеміз Өзінің шексіз мейірімімен құлдарына әрдайым тәубе есігін ашып қойған. Тәубе адамның жасаған күнәсына шын жүректен өкініп, Алла Тағалаға бет бұрып, жүрегін тазартып, өмірін ізгілікке бағыттауы деген сөз. Яғни тәубе иманды жаңғыртатын, жүрекке үміт ұялататын, адамды рухани кемелдікке жетелейтін құлшылық.
Ислам дінінде тәубенің орны ерекше. Өйткені тәубе арқылы адам өзінің әлсіздігін мойындап, Жаратушысының ұлылығын сезінеді, өткен қателігінен сабақ алып, болашағын жақсылыққа бағыттайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحًا عَسَىٰ رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ
«Уа, иман келтіргендер! Шынайы түрде тәубе етіп, Аллаға бет бұрыңдар. Міне, сонда Раббыларың күнә-қателіктеріңді өшіреді һәм бәріңді астынан өзендер ағатын жәннат бақшаларына кіргізеді», – деген («Тахрим» сүресі, 8-аят).
Аятта айтылған «тәубәтән насуха» сөзі ықыласпен жасалған, адамның жүрегін тазартып, мінез-құлқы мен іс-әрекетін түзетуге жетелейтін шынайы тәубені білдіреді. Мұндай тәубе жасаған адам күнәсына өкініп, оны қайталамауға берік шешім қабылдайды және өмірін Алланың разылығына сай өзгертуге ұмтылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّ ابْنِ آدَمَ خَطَّاءٌ، وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ
«Барлық адам баласы қателесуші. Ал қателік жасаушылардың ең қайырлылары тәубе етушілер», – деген (имам Термизи).
Абдулқадир Жилани (Алла оны рақымына алсын): «Уа, қауым! Ғибрат алыңдар! Тіршілік есігі ашық тұрған шақта оны пайдаланыңдар. Ол есік сендерге жабылмай тұрып, жақсылық жасауға асығыңдар. Өздеріңнің дәрменсіздіктеріңді мойындап, Алла Тағалаға мұқтаж екендіктеріңді сезініңдер. Тәубе есігі ашық тұрған кезде соны пайдаланып, оған кіріңдер. Өйткені кімде-кім жақсылық есігін қақса, оған сол есік ашылады», – деген.
Бірінші: тәубе – Алланың рақымына жетелейтін жол
Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі «Әт-Тәууәб», яғни Өзіне шынайы тәубе еткен әрбір пендесін қабыл ететін, ықласпен жасаған тәубесін ешқашан кері қайтармайтын ұлы мейірім иесі. Адам қаншалықты қателік жасаса да, шынайы өкініп, Аллаға бет бұрса, Оның кешірімінен үміт етуіне негіз бар. Алла Тағала қасиетті Құранда:
قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا ۚ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ
«(Уа, Мұхаммед!) Былай деп айт: «Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Өйткені Ол аса жарылқаушы, өте мейірімді», – деп айтқан («Зүмәр» сүресі, 53-аят).
Қисса
Бір күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қартайып, әбден әлсіреген, қастары салбырап, көздерін жауып қалған бір қария келді. Ол:
- Уа, Алланың Елшісі! Бір адам өмірінде опасыздық жасап, арсыздыққа барған. Үлкенді-кішілі ешбір жаман істі қалдырмай, бәрін жасаған. Егер оның күнәлары жер бетіндегі барлық адамдарға бөлініп берілсе, оларды түгелдей құрдымға кетірер еді. Сондай адамның тәубе етуіне мүмкіндік бар ма? – деп сұрады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Сен Исламды қабылдадың ба? – деді. Қария:
- Мен Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ, Оның ешбір серігі жоқ екеніне және Мұхаммед Оның құлы әрі Елшісі екеніне куәлік етемін, – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Сен осы сенімде болғаныңда, Алла сенің күнәларыңды кешіреді әрі жамандықтарыңды жақсылықтарға айналдырады, – деді. Қария:
- Уа, Алланың Елшісі! Менің опасыздықтарым мен арсыз күнәларымды да ма? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Опасыздықтарың мен арсыз күнәларыңды да, – деп жауап берді. Сонда әлгі қария Алланы ұлықтап, «Алладан басқа Құдай жоқ», – деп кері қайтты.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ، لَوْ أَخْطَأْتُمْ حَتَّى تَمْلَأَ خَطَايَاكُمْ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ، ثُمَّ اسْتَغْفَرْتُمُ اللَّهَ لَغَفَرَ لَكُمْ
«Жаным иелігінде болған Алламен ант етемін! Егер сендер күнә жасап, күнәларың жер мен көктің арасын толтыратындай дәрежеге жетсе де, содан кейін Алладан кешірім тілесеңдер, Ол сендерді міндетті түрде кешіреді», – деген.
Фудайл ибн Ияд (Алла оны рақымына алсын): «Жүректерді тазартудың ең тиімді жолы – тәубе. Өйткені сыртқы тазалыққа қарағанда, ішкі дүниені тазарту әлдеқайда маңызды», – деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
إِنَّ الْعَبْدَ لَيُذْنِبُ الذَّنْبَ، فيَدْخُلُ بِهِ الْجَنَّةَ، قِيلَ : كَيْفَ ؟ قَالَ : يَكُونُ نُصْبَ عَيْنَيْهِ ثَابتًا قارًّا حتى يَدْخُلَ بِهِ الْجَنَّةَ
«Расында, пенде бір күнә жасап, сол күнәсінің себебімен жәннатқа кіреді». Сонда Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл қалай болады?» – деді. Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сол күнәсы үнемі көз алдында тұрып, жадында берік сақталады. Осы күйі жәннатқа кіргенге дейін жалғасады», – деп жауап берді (имам Ахмад).
Екінші: тәубеге асығу мұсылманның көркем сипаты
Адам баласы өмірінің қанша уақытқа созылатынын білмейді. Әрбір өткен күн ғұмырдың бір бөлігі, ал әрбір жаңа күн жақсылық жасауға берілген мүмкіндік. Сондықтан мұсылман адам тәубені кейінге қалдырмай, әрдайым Аллаға бет бұрып, кешірім сұрауға асығуы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعًا أَيُّهَ الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, мүміндер! Бәрің жаппай Аллаға тәубе етіңдер. Сонда мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер», – деген («Нұр» сүресі, 31-аят).
Бұл аятта Алла Тағала барлық мүміндерді тәубеге шақырып, оны екі дүниенің бақытына жетелейтін амалдардың бірі ретінде көрсетеді.
Расында тәубе мен истиғфар адамның жүрегін жұмсартып, Жаратушысына деген байланысын нығайтады. Күн сайын өз ісіне есеп беріп, жасаған жақсылығына шүкір етіп, қателігіне кешірім сұраған жан рухани тұрғыдан кемелдене түседі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَسَارِعُوا إِلَىٰ مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ
«Раббыларыңның кешіріміне һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға ұмтылыңдар», – деген («Әли Имран» сүресі, 133-аят).
Осы аяттың жалғасында Алла Тағала тақуа құлдарының сипаттарын баяндай келе:
وَالَّذِينَ إِذَا فَعَلُوا فَاحِشَةً أَوْ ظَلَمُوا أَنفُسَهُمْ ذَكَرُوا اللَّهَ فَاسْتَغْفَرُوا لِذُنُوبِهِمْ وَمَن يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا اللَّهُ وَلَمْ يُصِرُّوا عَلَىٰ مَا فَعَلُوا وَهُمْ يَعْلَمُونَ
«Сондай-ақ олар жағымсыз іс істегендерінде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағандарында, бірден Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіре алады дейсің?! Сондай-ақ олар, бір рет істеген күнәні әдейі істемейді», – деп айтқан («Әли Имран» сүресі, 135-аят).
Бұл аят шынайы тақуалықтың маңызды белгілерінің бірі қателігін мойындап, Алладан кешірім сұрау және күнәға қайта оралмауға ұмтылу екенін көрсетеді. Расында, өмірдің әрбір сәтін бағалап, өткенінен ғибрат алып, келешегін ізгі амалмен көркейту саналы мұсылманның асыл қасиеті.
Үшінші: шынайы тәубе адамды ізгілікке жетелейді
Тәубенің ең үлкен жемістерінің бірі адамның өмірінде оң өзгерістердің орын алуы. Шынайы тәубе адамның дүниетанымын өзгертіп, жүрегіне иман нұрын ұялатып, жақсы амалдарға деген құлшынысын арттырады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِلَّا مَن تَابَ وَآمَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَالِحًا فَأُولَٰئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ ۗ وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا
«Ал кімде-кім өкініш білдіріп, тәубеге келсе әрі иман келтіріп, игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деген («Фурқан» сүресі, 70-аят).
Демек, тәубе – өткен өмірдегі қателіктерді түзетіп, болашақты ізгі амалдармен көркейтуге берілген үлкен мүмкіндік. Тәубенің шынайылығы адамның күнделікті тіршілігінен көрініс табады. Мәселен, бұрын біреудің көңіліне қаяу түсірген адам кешірім сұрап, қарым-қатынасын түзетеді. Өзгенің ақысын алған жан оның ақысын қайтарып, әділдікке ұмтылады. Уақытын босқа өткізген адам пайдалы білім алып, игі істерге ден қояды. Отбасы алдындағы жауапкершілігін ескерусіз қалдырған жан жақындарына қамқорлық көрсетіп, шаңырағының берекесін арттыруға күш салады. Осындай ізгі өзгерістер шынайы тәубенің адам өміріндегі көрінісі.
Тәубе – Алла Тағаланың құлдарына берген ұлы нығметтерінің бірі. Ол жүректі күнәдан тазартып, адамды ізгілікке жетелейтін, Жаратушының рақымы мен кешіріміне жақындататын қасиетті құлшылық. Шынайы тәубе адамның өткен қателіктерінен сабақ алып, бүгінгі өмірін түзетуіне және болашағын жақсылықпен көркейтуіне жол ашады. Әрбір мұсылман күнделікті өмірінде өз ісіне есеп беріп, жасаған қателігі үшін Алладан кешірім сұрап, ізгі амалдарын көбейтуге ұмтылуы қажет. Өйткені – тәубе жүректің оянуына, иманның жаңғыруына және адамгершілік кемелдікке бастайтын ізгі жол.
Төртінші: шынайы тәубе жүректің тазалығы мен амалдың түзелуі
Тәубе тілмен кешірім сұраумен қатар, жүрекпен өкініп, іс-әрекетті түзету арқылы жүзеге асатын құлшылық. Адам күнәсының ауырлығын сезініп, жасаған қателігіне шын көңілден өкініп, болашақта оны қайталамауға берік ниет етуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَهُوَ الَّذِي يَقْبَلُ التَّوْبَةَ عَنْ عِبَادِهِ وَيَعْفُو عَنِ السَّيِّئَاتِ وَيَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ
«Сонымен қатар, Ол құлдарының шынайы тәубесін қабыл алады және жамандықтарды біржолата кешеді, сондай-ақ Ол не істеп, не қойып жүргендеріңді жақсы біледі», – деген («Шура» сүресі, 25-аят).
Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Ғалымдар былай деген: Әрбір күнәдан тәубе ету – міндет. Егер жасалған күнә пенде мен Алла Тағаланың арасында болып, өзге адамның ақысына қатысты болмаса, тәубенің үш шарты бар:
Біріншісі жасап жүрген күнәсын тоқтату
Екіншісі жасаған күнәсына шын жүректен өкіну
Үшіншісі сол күнәға бұдан кейін қайта оралмауға берік шешім қабылдау. Егер осы үш шарттың бірі орындалмаса, тәубесі дұрыс болмайды. Ал егер жасалған күнә басқа адамның ақысына қатысты болса, оған қоса сол адамның ақысын қайтару немесе одан кешірім сұрау қажет, – деген.
عَبْدُ اللهِ بنِ مَعقِلٍ قال سَمِعْتُ أَبي يَقُولُ لِعَبْدِ اللهِ أَسَمِعْتَ رَسُولَ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم يَقُولُ النَّدَمُ توبةٌ قال: نَعَمْ
Абдулла ибн Мағқил былай деген: «Мен әкемнің Абдуллаға: «Сен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өкіну – тәубе», – деп айтқанын өз құлағыңмен естідің бе?» – деп сұрағанын естідім. Ол: «Иә», – деп жауап берді».
Бұл хадис шынайы тәубенің негізінде жүректегі өкініш жатқанын білдіреді. Өйткені күнәсына өкінген адам өзінің қателігін мойындап, оны түзетуге ұмтылады.
Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын) тәубенің білімнен, рухани күйден және амалдан тұратынын түсіндіреді. Адам алдымен күнәның зиянын танып-біледі. Осы таным жүрегінде өкініш тудырады. Ал өкініш оны күнәдан бас тартып, болашақта ізгі жолды ұстануға жетелейді. Демек, шынайы тәубе адамның ішкі дүниесін тәрбиелеп, мінез-құлқын көркемдеуге ықпал етеді. Тәубеге келген адам тіліне сақ болып, өзгенің ақысын құрметтеуге, адал еңбек етуге, отбасына жауапкершілікпен қарауға және қоғамға пайдалы іс жасауға ұмтылады.
Құрметті жамағат!
Тәубе – пенденің Алла Тағалаға қайта бет бұрып, Оның рақымы мен кешіріміне бөленуінің жолы. Адам баласы қателікке бой алдырған сәтте шынайы өкініп, күнәсынан арылып, ізгі амалдарға ұмтылуы қажет. Өйткені тәубе жүректі тазартып, иманды күшейтеді, адамды жақсылыққа жетелейді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ
«Расында, Алла тәубе етушілерді және тазаланушыларды жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 222-аят).
Алла Тағаланың рақымы кең, кешірімі мол. Сондықтан әрбір мұсылман уақыттың қадірін біліп, тәубеге асығып, өмірін ізгілікпен көркейтуге талпынуы тиіс. Шынайы тәубе – өткен күнәлардың кешірілуіне, бүгінгі өмірдің түзелуіне және ақырет бақытына жетуге себеп болатын ұлы құлшылық. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
والذي نَفسي بيَدِه، لو لم تُذنِبوا لَذَهَبَ اللهُ بكُم، ولَجاءَ بقَومٍ يُذنِبونَ، فيَستَغفِرونَ اللهَ، فيَغفِرُ لهم
«Жаным иелігінде болған Алламен ант етемін! Егер сендер күнә жасамайтын болсаңдар, Алла сендерді кетіріп, орындарыңа күнә жасайтын, содан кейін Алладан кешірім тілейтін (тәубе ететін) басқа бір қауымды әкелер еді. Сонда Алла олардың күнәларын кешірер еді», – деген (имам Мүслим).
Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Кім жасаған күнәсын есіне алып, сол үшін жүрегінде қайғы сезінсе, Алла Тағала оның сол күнәсын амал дәптерінен өшіреді», – деген.
Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) былай деген: «Тәубе етушілермен бірге отырыңдар. Өйткені олардың жүректері өте нәзік».
Алла Тағала баршамызға шынайы тәубе етіп, ізгі амалдарға ұмтылуды нәсіп еткей! Қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
30.10.2026
139
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру