Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҰСТАЗ – БІЛІМ БҰЛАҒЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 02.10.2026 40 0 пікір
ҰСТАЗ – БІЛІМ БҰЛАҒЫ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Адам баласының кемелдікке жету жолында білімнің орны айрықша. Ал сол білімнің мәнін ұқтырып, нәрін жүрекке сіңіретін жан – ұстаз. Ұстаз шәкіртке білімге деген сүйіспеншілікті оятып, дұрыс бағыт көрсетіп, білгенін өмірде кәдеге жаратуға баулиды. Сондықтан ұстаздық – үлкен жауапкершілікті, терең білімді, көркем мінез бен шынайы жанашырлықты талап ететін мәртебелі міндет. Осы жолда ұстаз – шәкірттің таным көкжиегін кеңейтіп, ақылын біліммен, бойын ізгілікпен тәрбиелейтін тұлға. Ұстаздың айтқан өнегелі сөзі мен үйреткен пайдалы білімі шәкірттің өмірлік бағытына айналып, кейін тұтас қоғамның игілігіне қызмет етеді. Сондықтан ұстаз – білімнің нәрін жеткізуші, шәкірттің талабын ұштаушы, адамды ізгілік пен кемелдікке бастайтын тәлімгер. Ұстазын құрметтеген ел білімді ұрпақ тәрбиелейді, ал білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағының берік негізі.

Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын): «Адамның білімге қатысты төрт түрлі хәлі бар. Бұл мал-мүлікке қатысты жағдайлар секілді. Өйткені мал иесінің малға қатысты: мал табуға ұмтылу хәлі болады бұл кезде ол кәсіп етуші болады; тапқан малын жинап, сақтап қою хәлі болады соның арқасында ол өзгеден сұрауға мұқтаж болмайды; оны өз қажетіне жұмсау хәлі болады сол арқылы өзі пайда көреді; сондай-ақ оны өзгелерге жұмсау хәлі болады сол арқылы жомарт әрі қайырымды болады. Бұл оның жағдайларының ең абзалы. Білім де мал-мүлік тәрізді. Оның да ізденіп, үйрену хәлі бар; сұраудан мұқтажсыз ететіндей білімге қол жеткізу хәлі бар; терең ой жүгіртіп, қол жеткізген білімінен ләззат әрі пайда алу хәлі бар; сондай-ақ өзгенің көзін ашып, білім үйрету хәлі бар. Міне, осы соңғысы жағдайлардың ең абзалы», – деген.

Тарихтың қай кезеңіне үңілсек те, адамзаттың өркениетке жету жолында ұлы ұстаздардың ізі мен орны қашан да биік. Ұстаз – ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін егіп, санасына адамзаттық һәм имани құндылықтарды сіңіретін тұлға. Халқымыздың «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» деген сөзі де ұстаздың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын көрсететіні анық. Қоғам ұстаздың қолымен өсіп-өнеді. Ұлт ұстаздың еңбегімен көгереді. Демек, ұрпақ тәрбиесінде ұстаздың орны – теңдесіз, өлшеусіз ұлы орын.

Абай атамыз:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға – деп, ұстаздың еңбегін тек кәсіп емес, рухани жауапкершілік деп түсінген.

Ислам дінінде ұстаздың мәртебесі өте жоғары. Себебі ұстаз – білім беруші ғана емес, жүрекке иман сәулесін себуші, мінез-құлық пен рухани тәрбиенің шамшырағы. Әрине, білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Кейде қоғамда «білімді адам» мен «тәрбиелі адам» ұғымы шатасып жатады. Нағыз ұстаз осы екеуін үйлестіре білген жан. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрәк хадисінде:

كُلُّكُمْ رَاعٍ، وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Сендердің әрбірің бақташысыңдар және әрбірің өз қарамағындағы жандар үшін жауаптысыңдар», – деген (имам Бұхари).

Бірінші: ұстаздық – ұлық қызмет

Ұстаз – шәкіртке білім беріп, оның дүниетанымын қалыптастырып, мінезін көркемдеуге, жақсы мен жаманды ажырата білуіне бағыт-бағдар беретін рухани тәрбиеші. Адам баласы дүниеге білімді болып келмейді. Ол өмір жолында көргенінен өнеге алып, естігенінен ғибрат түйіп, ұстазынан тәлім алады. Сондықтан адамның тұлға болып қалыптасуында ұстаздың орны айрықша. Бір шәкірттен басталған ізгі тәрбие тұтас отбасыға, айналасына, тіпті кейінгі ұрпаққа әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ұстаз – бүгінгі шәкіртті тәрбиелеу арқылы ертеңгі қоғамның негізін қалыптастыратын тұлға.

Ислам дінінде білім үйрету аса мәртебелі амал болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَلَٰكِن كُونُوا رَبَّانِيِّينَ بِمَا كُنتُمْ تُعَلِّمُونَ الْكِتَابَ وَبِمَا كُنتُمْ تَدْرُسُونَ

«Алайда өзгелерге үйретіп, өздерің де зерделеп оқып жүрген осынау кітаптың арқасында раббани (яғни Алланың шынайы һәм ықыласты құлдары) болыңдар», – деп айтады («Әли Имран» сүресі, 79-аят). Бұл аяттың түсіндірмесі ұстаздық адамды тәрбиелеп, дұрыс жолға бағыттайтын мәртебелі қызмет екенін аңғартады. Өйткені раббани ғалым өзі білім алып қана қоймай, білгенін өзгелерге үйретіп, олардың да білім мен парасат жолында қалыптасуына себепкер болады.

Әбу Убайда (Алла оны рақымына алсын) бір ғалымның аяттағы раббани сөзіне қатысты былай дегенін естідім: «Раббани – халал мен харамды, бұйрық пен тыйымды білетін, үмбеттің өткен-кеткен хабарларын және болған әрі болатын істерді білетін ғалым», – деген.

Шын мәнінде ұстаз – адамзат қоғамында ерекше орын алатын тұлға, Алланың ұлық істерін жалғастырушы, пайғамбарлық міндеттің бір көрінісін арқалаушы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَعَلَّمَ آدَمَ الْأَسْمَاءَ كُلَّهَا ثُمَّ عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلَائِكَةِ فَقَالَ أَنبِئُونِي بِأَسْمَاءِ هَؤُلَاءِ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ

«(Алла) Адамға барлық нәрсенің атауын үйретті. Артынша оларды періштелерге көрсетіп: қане айтқандарың рас болса, Маған мыналардың атауларын айтып беріңдерші», – деген («Бақара» сүресі, 31-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзаттың ұстазы. Ол үмбетіне Құранды үйретіп, дінді түсіндіріп, жүректерді тазартып, адамдарды надандықтың қараңғылығынан ақиқаттың нұрына жеткізді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إِنَّمَا بُعِثْتُ مُعَلِّمًا

«Шын мәнінде, мен (адамдарға білім үйретуші) ұстаз болып жіберілдім», – деген (ибн Мәжә).

Бұл сөздің өзінде ұстаздықтың қаншалықты мәртебелі қызмет екеніне үлкен ишара бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына аяттарды жеткізіп қана қоймай, олардың мағынасын түсіндірді, білмегендерін үйретті. Яғни пайғамбарлық қызметтің маңызды бір қыры білім беру мен тәрбие үйрету болды.

Екінші: ұстазға құрмет – білімге құрмет

Адам баласының өмірінде жол көрсетіп, ақылына білім, жүрегіне тәрбие беретін жандардың бірі – ұстаз. Ата-ана перзентінің дүниеге келуіне себеп болса, ұстаз оның білім алып, саналы да парасатты тұлға болып қалыптасуына еңбек етеді. Сондықтан халқымыз ежелден ұстазды қадірлеп, оның алдын кесіп өтпеуді, сөзін бөлмеуді, берген тәлімін құрметпен қабылдауды тәрбиенің белгісі санаған. Дана халқымыз «Ұққаның жақсы болса, жақының көбейеді, ұстазың жақсы болса, ақылың көбейеді» деп бекер айтпаған болса керек. Ұстазға құрмет көрсету бойындағы білімді, үйреткен ілімін, тәрбие мен өнегені қадірлеуден тұрады. Өйткені шәкірт білімге қандай құрметпен қараса, сол білімді жеткізген ұстазына да сондай ізет танытады. Сол себепті ұстазға құрмет – білімге құрмет, ал білімге құрмет – адамның өз болашағына жасаған құрметі.

Қасиетті Құранда Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) Қыдырдан білім үйрену үшін көрсеткен әдебі баяндалады. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын):

قَالَ لَهُ مُوسَىٰ هَلْ أَتَّبِعُكَ عَلَىٰ أَن تُعَلِّمَنِ مِمَّا عُلِّمْتَ رُشْدًا

«Мұса оған: «Өзіңе үйретіліп, тура жолға бастайтын ілімнен маған да үйретуің үшін саған ерсем болады ма?» – деп өтініш білдірді», – деген («Каһф» сүресі, 66-аят).

Имам Құртуби (Алла оны рақымына алсын) Алла Тағаланың бұл аятына қатысты екі мәселе бар:

Бірінші мәселе Мұсаның: «Саған ерсем болады ма?» – деуі сыпайылықпен, ілтипатпен қолқа салуы. Бұл – тілдесіп отырған адамына барынша кішіпейілділік танытып, көркем әдеп сақтап сөйлеген адамның сөзі.

Екінші мәселе. Бұл аятта дәрежелері әртүрлі болғанның өзінде білім алушының ғалымға ілесетініне дәлел бар. Мұсаның Қыдырдан білім үйренуінен Қыдыр Мұсадан артық болған екен деп ойлауға болмайды. Өйткені дәрежесі жоғары адамның білмей қалған кейбір нәрселерін одан дәрежесі төмен адам білуі мүмкін. Ал шынайы артықшылық – Алла артық еткен адамға тән.

Имам Ән-Нәсәфи (Алла оны рақымына алсын): «Бұл аятта адам білімнің ең жоғары дәрежесіне жетсе де, ілім іздеуді тоқтатпауы және өзінен білімдірек жанға кішіпейілділік танытуы керектігіне дәлел бар», – деген.

Ал Имам Шафиғи (Алла оны рақымына алсын): «Имам Мәліктің (Алла оны рақымына алсын) алдында отырғанда, одан именіп әрі құрметтегендіктен, қағаздың аударылғандағы дыбысын естіп қалмасын деп, парақтарды өте жай әрі ақырын аударатынмын», – деген.

Демек, шәкірттің көркем әдебінің бірі ұстаз алдында кішіпейіл болу, сөзін мұқият тыңдау, білімін бағалау және білмегенін әдеппен сұрау. Өйткені білім кітап оқумен қатар, оны жеткізуші ұстаздың тәлімі мен тәжірибесі арқылы да кемелденеді. Сондай-ақ ұстазға деген шынайы құрметтің ең үлкен көріністерінің бірі үйренген білімді дұрыс пайдалануы. Ұстаз шәкіртіне білім бергенде оның ізгі, сауатты, қоғамға пайдалы азамат болғанын қалайды.

Хазіреті Али (Алла оған разы болсын): «Ғалымның сендегі хақыларының бірі отырған жұрттың бәріне сәлем беріп, оған арнайы құрметпен сәлем беруің; оның алдына отыруың; оның қасында қолыңмен ишара жасамауың; көзіңмен өзгеге ымдамауың; оның сөзіне қарсы: «Пәленше басқаша айтты», – демеуің; оның жанында ешкімді ғайбаттамауың; мәжілісінде сыбырласпауың; киімінен тартпауың; шаршаған кезінде қайта-қайта сұрап мазаламауың және онымен ұзақ уақыт бірге болудан жалықпауың. Өйткені ұстаз – құрма ағашы секілді. Сен одан өзіңе қашан бір нәрсе түсер екен деп күтесің», – деген.

 

Қисса

Имам Шафиғи (Алла оны рақымына алсын) Бағдатта қашырына мінген кезде, Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын) оның қасында жаяу жүріп, онымен ғылыми мәселелерді талқылап, сұрақтар қойып отыратыны айтылады.

Сонда Яхия ибн Мағин оған:

  • Уа, Әбу Абдулла! Сен бізді одан тыйып жүріп, енді өзің оның қашырының соңынан жаяу жүресің бе? – деп мін тағады. Имам Ахмад ғалым алдында кішіпейілдігін танытып:
  • Үндеме! Сен де осы қашырдан ажырамай еріп жүрсең, пайда табар едің! Егер фиқһ білімін қаласаң, қашырдың соңынан қалмай жүр, – деп жауап береді.

Бұл оқиғалар ғалымдардың білім жолында қандай табандылық танытқанын және білім мен білім иесіне қаншалықты құрметпен қарағанын көрсетеді. Әсіресе, Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын) секілді үлкен ғалымның өзі білім алу үшін басқа ғалымның жанында жаяу жүруден арланбауы – ілім жолында кішіпейілділік таныту мен ұстазды құрметтеудің жарқын үлгісі.

 

Қисса

Хамдан ибн әл-Исфаһани былай дейді: «Мен имам Шәриктің (Алла оны рақымына алсын) қасында едім. Сол кезде оған халифа Мәһдидің балаларының бірі келді. Ол қабырғаға сүйеніп тұрып, одан бір хадис жайында сұрады. Бірақ имам Шәрик оған бұрылмастан, бізге қарай отырып сөзін жалғастырды. Халифаның баласы сұрағын қайта қойды. Имам Шәрик сол қалпында отыра берді. Сонда Халифаның баласы:

– Сіз халифалардың балаларын менсінбейсіз бе? – деді. Сонда имам Шәрик:

– Жоқ. Алайда ілімнің Алла Тағаланың алдындағы мәртебесі – оны қор қылатындай дәрежеден әлдеқайда жоғары, – деді. Сонда халифа Мәһдидің баласы дереу тізерлеп отырды. Шәрик оған:

  • Балам, ілім осылай талап етіледі, – деді.

Сондықтан әрбір шәкірт ұстазына қатысты мынадай әдептерді ұстануы керек:

  1. Ұстазын көрген кезде сәлем беруі және оның алдында көп сөйлемеуі;
  2. Рұқсат сұрамай тұрып сөйлеспеуі және рұқсатсыз сұрақ қоймауы;
  3. Ұстазының алдында ешкіммен сыбырласып сөйлеспеуі;
  4. Ұстазының алдында құрмет пен әдеп сақтап, ұстазы орнынан тұрғанда, онымен бірге тұруы;
  5. Ұстазынан көңіліне жақпаған іс көрсе, ол жайында жаман ойға бармай, ұстазының білімі мен тәжірибесіне құрметпен қарауы;
  6. Қажет болған жерде және тиісті жағдайда ұстазына қызмет етуді назардан тыс қалдырмауы;
  7. Ұстазы отырған жерде шәкірт жауабын білсе де, одан озбай, қойылған сұраққа жауап беруге асықпай, тек ұстазы сұраған жағдайда ғана жауап беруі;
  8. Ұстазының қасынан кетерде оның қандай да бір өтініші не қажеттілігі бар-жоғын сұрап, рұқсатын алып кетуі;
  9. Ұстазының еңбегін бағалап, амандығы мен берекесін тілеп, оны әрдайым ізгі дұғасына қосып жүруі.

 

Құметті жамағат!

Бүгін өзі шәкірт болған адам ертең ұстаз болуы мүмкін. Сондықтан білім алған кезде ұстаздың қадірін біліп, білім берген кезде шәкіртке мейірім таныту ұрпақтар арасындағы білім мен тәрбиенің алтын көпірін жалғастырады. Ұстазға құрмет көрсеткен адам білімді құрметтейді. Білімді құрметтеген адам өзінің рухани әрі зияткерлік дамуына жол ашады. Ал білім мен тәрбие қадірленген қоғамда парасатты, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптасады.

Ұстаз шәкірттің жүрегіне имандылық, жүріс-тұрысына көркем мінез, санасына жауапкершілік береді. Бұл тұрғыдан ұстаз – екінші ата-ана. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Маған бір әріп үйреткен адамға қырық жыл құл болуға дайынмын», – деген екен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ وَأَهْلَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ، حَتَّى النَّمْلَةَ فِي جُحْرِهَا وَحَتَّى الْحُوتَ، لَيُصَلُّونَ عَلَى مُعَلِّمِ النَّاسِ الْخَيْرَ

«Расында, Алла және Оның періштелері, аспандар мен жердегілер, тіпті ініндегі құмырсқа мен теңіздегі китке дейін адамдарға жақсылық үйретушіге салауат айтады», – деген (имам Термизи).

Ұстаздықтың тағы бір үлкен артықшылығы оның еңбегінің сауабы өзі өмірден өткеннен кейін де жалғасын табады. Ұстаздың үйреткен пайдалы білімі – оның артында қалатын ең бағалы мұраларының бірі. Шәкірті сол біліммен амал етіп, оны өзгеге үйретіп, қоғам игілігіне пайдаланған сайын, ұстаздың қалдырған ізі де жалғаса береді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِذَا مَاتَ الإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَنْهُ عَمَلُهُ إِلَّا مِنْ ثَلَاثَةٍ: إِلَّا مِنْ صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ

«Адам баласы өмірден өтуімен барлық амалы тек мына үш нәрседен басқа жағдайда тоқтайды: жалағасып тұратын садақа, адамдар пайдасын көретін білім және дұға жасайтын ізгі ұрпақ», – деген (имам Мүслим).

Ұстаздың бойындағы маңызды сипаттардың бірі өзгелерге жақсы үлгі бола білуі, әсіресе шәкірттеріне. Бұл – тек сөзбен емес, амалмен дәлелденуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لِمَ تَقُولُونَ مَا لَا تَفْعَلُونَ كَبُرَ مَقْتًا عِندَ اللَّهِ أَن تَقُولُوا مَا لَا تَفْعَلُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?! Өздерің істемейтін істі айту – Алланың алдында ең жеккөрінішті нәрсе», – деген («Саф» сүресі, 2-3-аяттар).

Сөз бен істің сай келуі – адамның қабылдауына әсер ететін ең негізгі жол. Ал ұстаз – бұл мінезге өзгеден гөрі көбірек мұқтаж жан. Себебі ол – үлгі болатын тұлға.

Ұстаз – ұлағатты ұлы тұлға. Ұстаз бейнесі шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың жүрегіндегі лаулаған жылулығы әр шәкірттің бойына нұр құятын киелі күш. Ол біздің білімімізді жетілдіріп қана қоймай, рухани байлығымызды байытып, тәрбиемізді нығайтады. Тәуелсіз еліміздің нығаюы жолында ерен еңбек еткен, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ұстаздардың еңбегі зор. «Алты Алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі», – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз қасиетті де қастерлі есім.

Алла Тағала ұстаздарымыздың қадірін біліп, үйреткен білімдеріне амал етуді нәсіп етіп, еңбектеріне береке мен мол сауап жазғай!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру