Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 25.09.2026 37 0 пікір
ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Ислам – адамзатты бейбітшілікке, татулық пен бірлікке, ғылым-білімге, өзара мейірімділікке насихаттайтын ұлық дін. Адам баласы үшін ең үлкен нығметтің бірі – иман нығметі. Ал сол иманды дұрыс сақтап, ақиқат жолдан ауытқымай өмір сүру – мұсылманға жүктелген үлкен жауапкершілік. Өйткені адам кейде өзін тура жолдамын деп ойлағанымен, білімсіздік пен асығыстықтың салдарынан адасқан түсініктің жетегінде кетуі мүмкін. Сондықтан мұсылман адам дін мәселесінде әрбір естіген сөзіне ере бермей ақиқат пен жалғанды ажырата білуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَنَّ هَٰذَا صِرَاطِي مُسْتَقِيمًا فَاتَّبِعُوهُ ۖ وَلَا تَتَّبِعُوا السُّبُلَ فَتَفَرَّقَ بِكُمْ عَن سَبِيلِهِ ۚ ذَٰلِكُمْ وَصَّاكُم بِهِ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Менің тура жолым, міне, осы. Ендеше, менің жолыммен жүріңдер. Өзге соқпақ жолдарға түсіп кетпеңдер, ондай теріс жолдар сендерді жік-жікке бөліп, Алланың тура жолынан тайдырып жібермесін. Алла сендерге тақуалық аясында өмір сүрсін деп, осыларды баяндайды», – деген («Әнғам» сүресі, 153-аят).

Бұл аятта Алла Тағала бір ғана тура жолдың бар екенін айтып, ақиқаттан алыстататын түрлі жолдардың соңынан еруден сақтандырады.

Сәһл ибн Абдулла әт-Тустари (Алла оны рақымына алсын): «Сендерге қажеті риуаят етілген жол мен сүннетке еру. Өйткені жақын арада сондай бір заман келеді деп қорқамын: бір адам Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның барлық жағдайында оған еруді айтса, адамдар оны сөгіп, одан қашып, одан безіп, оны қорлап әрі кемсітетін болады», – деген. Сондықтан мұсылман үшін маңыздысы – дінді өзінің қалауына немесе әлдебір адамның көзқарасына қарай ыңғайлау емес, Құран мен сүннетті дұрыс түсіндірген сенімді ғалымдардың жолымен үйрену.

Сахаба Абдулла ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:

خَطَّ رَسُولُ اللهِ صلَّى اللهُ عليهِ وسلَّمَ خَطَّا بِيَدِهِ ثُمَّ قَالَ : هَذَا سَبِيلُ اللهِ مُسْتَقِيمًا، وخَطَّ خُطُوطًا عَنْ يَمِينِهِ وشِمَالِهِ، ثُمَّ قَالَ : هَذِهِ السُّبُلُ لَيْسَ مِنْهَا سَبِيلٌ إَلَّا عَلَيْهِ شَيْطَانٌ يَدْعُو إِلَيْهِ، ثُمَّ قَرَأَ : وَأَنَّ هَذَا صِرَاطِي مُسْتَقِيمًا فَاتَّبِعُوهُ وَلَا تَتَّبِعُوا السُّبُلَ فَتَفَرَّقَ بِكم عَنْ سَبِيلِهِ

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолымен бір сызық сызды да: «Бұл – Алланың тура жолы», – деді. Содан кейін оның оң жағына және сол жағына бірнеше сызықтар сызды. Кейін: «Мынау – өзге жолдар. Олардың әрбірінің басында сол жолға шақыратын шайтан бар», – деді. Содан соң мына аятты оқыды: «Менің тура жолым, міне, осы. Ендеше, менің жолыммен жүріңдер. Өзге соқпақ жолдарға түсіп кетпеңдер, ондай теріс жолдар сендерді жік-жікке бөліп, Алланың тура жолынан тайдырып жібермесін» («Әнғам» сүресі, 153-аят. Имам Ахмад).

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұшпандық қару жасар», – деп айтқанындай, жамағатты жік-жікке бөлу, іштей ыдырату, өздерін ғана шынайы мұсылман тұтып, өзгелерді адасқан санау, уағыз-насихаттарын жасырын жүргізу – жат ағымның сипаты.

Жат ағымның жетегіне еріп кетпеу үшін әрбір адам төмендегі маңызды қағидаларға ерекше назар аударғаны жөн:

Бірінші: дінді сенімді жолмен үйрену

Жат ағымның жетегіне түсудің ең үлкен себептерінің бірі – діни сауатсыздық. Өйткені білім әлсіреген жерде күмән күшейеді, дұрыс таным қалыптаспаған жерде адасқан пікір тамыр жаяды. Діни білімі жеткіліксіз адам Құран аяты мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінің мәнін терең түсінбей, оны өз мақсатына қарай бұрмалап түсіндірушінің сөзіне еріп кетуі мүмкін. Сөйтіп, ақиқат деп адасуды, дін деп теріс түсінікті қабылдап қалғанын өзі де аңғармай қалады. Сондықтан жат ағымнан сақтанудың ең берік қорғаны – дұрыс діни білім мен шынайы сенім. Білімді адам әрбір айтылған сөзге ере бермейді, әрбір діни ұранға алданып қалмайды. Ол дінді сенімді қайнар көзден үйреніп, ақиқат пен жалғанның арасын ажырата біледі. Өйткені діни сауаттылық – адамның сенімін, санасын және болашағын адасудан қорғайтын рухани қалқан. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

فَاسْأَلُوا أَهْلَ الذِّكْرِ إِن كُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ

«Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деген («Нахыл» сүресі, 43-аят). Демек, білмеген мәселеде білім иесіне жүгіну – бүгінде уәжіп. Әсіресе, ақида, шариғат үкімдері, халал мен харам секілді маңызды мәселелерде сенімді әрі білікті дін мамандарынан білім алу аса маңызды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إِنَّ الْعُلَمَاءَ وَرَثَةُ الأَنْبِيَاءِ وَإِنَّ الأَنْبِيَاءَ لَمْ يُوَرِّثُوا دِينَارًا إِنمَا وَرَّثُوا عِلْمًا

«Расында, ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Ақиқатында, пайғамбарлар динарды мұраға қалдырған жоқ, олар тек ілімді мұраға қалдырды», – деген (Әбу Дәуід). Шынайы діни білім адамды сабырлыққа, көркем мінезге, жауапкершілікке және ізгілікке тәрбиелейді. Ал білімсіздікпен ұштасқан діни құлшыныс кейде асығыстық пен шектен шығуға себеп болуы мүмкін.

Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Білім алынбай тұрып, білім үйреніңдер. Білімнің алынуы дегенім оның иелерінің кетуі. Біліп қойыңдар! Шектен шығудан, тым тереңге бойлаудан және бидғаттардан сақ болыңдар. Сендерге ежелден келе жатқан жолды ұстану қажет», – деген.

Екінші: дінде шектен шықпау

Ислам – адам баласын қиындыққа салуды емес, туралыққа бастауды, шектен шығуды емес, байыптылық пен тепе-теңдікті ұстануды үйрететін дін. Дінді дұрыс ұстану – оған артық нәрсе қосып, оның талаптарын кеміту емес. Нағыз мұсылмандық – Алла Тағала белгілеген шеңберден шықпай, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолымен жүру.

Дінде шектен шығу араб тілінде «ғулу» (الغلو) деп аталады. Оның негізгі мағынасы: белгіленген шектен асу, бір нәрсені өз мөлшерінен арттыру, – деген сөз.

Имам Шатиби (Алла оны рақымына алсын): «Ғулу – бір істі істерде шамадан тыс асыра сілтеп, оның шегінен асып, ысырап дәрежесіне дейін жету», – деген.

Демек, діндегі шектен шығу дегеніміз сенімде, сөзде және іс-әрекетте шариғат белгілеген мөлшерден асып, дін міндеттемеген нәрсені өзіне немесе өзгеге міндеттеу деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құранда:

أَهْلَ الْكِتَابِ لَا تَغْلُوا فِي دِينِكُمْ وَلَا تَقُولُوا عَلَى اللَّهِ إِلَّا الْحَقَّ

«Әй, кітап иелері! Діндеріңде шектен шықпаңдар және Алла хақында ақиқаттан өзгені айтпаңдар», – деген («Ниса» сүресі, 171-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін дінде шектен шығудан қатаң сақтандырып:

إِيَّاكُمْ وَالْغُلُوَّ فِي الدِّينِ ، فَإِنَّمَا أهلَك مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ الْغُلُوُّ فِي الدِّينِ

«Дінде шектен шығудан сақ болыңдар! Расында, сендерден бұрынғылар дінде шектен шығудың салдарынан құрдымға кетті», – деген (имам Ахмад). Яғни адамның ниеті жақсы болғанымен, білімі мен түсінігі дұрыс болмаса, өзінің әрекетін ізгілік деп ойлап, шектен шығып кетуі мүмкін.

Кейде дінде шектен шығуды тек теріс ағымдармен ғана байланыстырады. Алайда ол адамның жеке құлшылығында да кездеседі. Мысалы, кейбіреулер өздерін тек құлшылыққа байлап қояды да ешқандай жұмыс істемейді. Яғни еңбек етпейді. Бұл да дінде әсірешілдік болып табылады. Біздің дініміз құлшылық пен тіршілікті қатар алып жүруге насихаттайды.

Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:

دَخَلَ النَّبيُّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّمالمسجدَ  فإذا حَبلٌ مَمدودٌ بينَ السَّاريَتَينِ، فقال: ما هذا الحَبلُ؟ قالوا: هذا حَبلٌ لزَينَبَ، فإذا فتَرَت تَعَلَّقَت، فقال النَّبيُّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم: لا، حُلُّوه، ليُصَلِّ أحَدُكُم نَشاطَه، فإذا فتَرَ فليَقعُدْ

Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке кіргенде, екі бағанның арасына тартылған арқанды көреді. Сонда: «Бұл қандай арқан?» – деп сұрайды. Олар: «Бұл – Зейнептің арқаны. Ол шаршаған кезде осыған сүйенеді», – дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, оны шешіңдер. Сендердің әрбірің сергек кезінде намаз оқысын, ал шаршаған кезде отырсын», – деді, – деген (имам Бұхари).

Ислам адамды құлшылықтан алыстатпайды, бірақ құлшылықта шектен шығуға жол бермейді. Дінге немқұрайды қарауды құптамайды, бірақ дінді орынсыз қиындатуды да бұйырмайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

يَسِّروا ولا تُعَسِّروا، وبَشِّروا ولا تُنَفِّروا

«Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар! Сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» – деген (имам Бұхари).

Демек, дінді дұрыс ұстану қатаңдықпен өлшенбейді. Оның өлшемі – дұрыс білім, көркем мінез, байыптылық және Пайғамбар сүннетіне сай амал ету.

Үшінші: бірлікте болу

Біз – «Әһлу сүннет уәл-жамағат» жолын, яғни Матуриди ақидасын, имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келе жатқан халықпыз. «Әһлу сүннет уәл-жамағат» деп ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолымен жүретін мұсылман үмбетін айтамыз. Алла Елшісі хадисінде:

إِنَّ أُمَّتِي لَا تَجْتَمِعُ عَلَى ضَلَالَةٍ، فَإِذَا رَأَيْتُمُ اخْتِلَافًا فَعَلَيْكُمْ بِالسَّوَادِ الْأَعْظَمِ

«Шын мәнінде, менің үмбетім адасушылықта бас қоспайды. Егер қарама-қайшылық көрсеңдер міндетті түрде қара топпен (яғни көпшілікпен) бірге болыңдар», – деген. Денені құрайтын ағзалар бірігіп дұрыс жұмыс жасағанда  ғана дене сау болады, сол сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, қоғам өркендеп, гүлденеді. Ислам мұсылмандарды бірлікке шақырады. Мұсылманның міндеті – жікке бөліну емес, адамдарды жақсылыққа шақырып, арадағы татулықты сақтау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

المُؤْمِنَ لِلْمُؤمِنِ كَالبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا

«Мүмін мүмін үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат секілді», – деген (имам Бұхари).

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Аққу, шортан һәм шаян» мысал өлеңінің соңын:

Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,

Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,

Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, – деп түйіндеген.

Төртінші: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп

Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы. «Аллаға жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең, қазанды бол» деген халқымыз ғасырлар бойы мұсылмандықты ұстанып, дін үкімдерін орындап келеді.

Мұсылман сөзі Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Оның құлы әрі Елшісі екендігіне куәлік беру және оған шын жүрегімен сену деген сөз. Яғни мұсылман – ислам дінін ұстанушы адам дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

هُوَ سَمَّاكُمُ الْمُسْلِمِينَ مِن قَبْلُ وَفِي هَٰذَا لِيَكُونَ الرَّسُولُ شَهِيدًا عَلَيْكُمْ وَتَكُونُوا شُهَدَاءَ عَلَى النَّاسِ ۚ فَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ وَاعْتَصِمُوا بِاللَّهِ هُوَ مَوْلَاكُمْ ۖ فَنِعْمَ الْمَوْلَىٰ وَنِعْمَ النَّصِيرُ

«Алла бұрын да және осы Құранда да пайғамбардың сендерге куә болуы, сендердің де адамдарға куә болуларың үшін «Мұсылман» деп атады. Енді намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер де Аллаға берік байланыңдар, Ол сендердің Иелерің! Ол нендей жақсы ие, нендей жақсы жәрдемші!» – деп айтқан («Хаж» сүресі, 78-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына мұсылмандықты үйретумен қатар, оның рухани тәлімдерін өзгелерге жеткізуді, олардың да мұсылмандықты қабылдауына себепші болуды үндеген.

Осылайша ислам діні түркі даласына да келіп жетті. Соның ішінде қазақ даласына ислам діні 751 жылдан бері қарай қанат жая бастады. Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдап, мешіт медресе салып, Алланың хақ жолымен жүріп, діні мен дәстүрін сабақтастырып келеді. Сол үшін біздің жолымыз ешқандай адасушылыққа түспеген сара жол. Біз қандай нәубетті көрсек те «Әһлу сүннет уәл-жамағат» жолынан ауытқымай иман мен білімді, дініміз бен дәстүрімізді, адамгершілік пен елдік мұратымызды сабақтастырып келеміз.   

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы да ашық әрі айқын. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып келген жолын, яғни Матуриди ақидасын, Ханафи мәзһабын ұстанып келеміз. Сондықтан Қазақстан аумағындағы барлық мұсылмандарды береке-бірлігімізді сақтап, түрлі жат ағымнан сақтанып, осы ұстанымда болуға шақырамыз.

 

Құрметті жамағат!

Жат ағым адамдар арасына жік салады. Адам белгілі бір топтың түсінігін ғана ақиқат деп қабылдап, ата-анасынан, туыстарынан, ұстаздарынан және мұсылман жамағатынан алшақтай бастаса, бұл үлкен қауіптің белгісі. Жат ағым – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі діни түсінік пен құндылықтарға қайшы келетін, дінді бұрмалап түсіндіру арқылы адамдарды теріс көзқарастарға жетелейтін діни бағыттар мен идеологиялық топтарға қатысты қолданылатын ұғым. Жат ағымдардың басты ерекшелігі – өз ұстанымын ғана дұрыс деп қабылдап, өзгелердің пікірін жоққа шығару, діни мәселелерде шектен шығу, қоғамдағы бірлік пен келісімге кері әсер ететін түсініктерді таратып, кей жағдайда мұндай көзқарастар адамды отбасынан, ортасынан және қоғамнан алшақтатып, төзімсіздік пен радикалды ұстанымдарға итермелейді.

Ал ислам діні мұсылмандарды әрдайым бірлік пен ынтымаққа үндеп, алауыздық пен бөлінушіліктен сақтандырады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا

«Барлығың Алланың жібіне (хақ дінге) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер», – дейді («Әли Имран» сүресі, 103-аят). Ислам мұсылмандарды бірлікке шақырады. Мұсылманның міндеті – жікке бөліну емес, адамдарды жақсылыққа шақырып, арадағы татулықты сақтау. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إنَّ اللهَ يَرضى لكم ثَلاثًا، ويَكرَهُ لكم ثَلاثًا، فيَرضى لكم: أن تَعبُدوه ولا تُشرِكوا به شيئًا، وأن تَعتَصِموا بحَبلِ اللهِ جَميعًا ولا تَفَرَّقوا، ويَكرَهُ لكم: قيلَ وقال، وكَثرةَ السُّؤالِ، وإضاعةَ المالِ

«Расында, Алла сендер үшін үш нәрсеге разы болады және үш нәрсені ұнантпайды. Сендер үшін:

  1. Оған ғана құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік қоспауларыңа;
  2. Барлығыңның Алланың жібінен мықтап ұстауларыңа;
  3. Өзара бөлінбеулеріңе разы болады. Ал сендер үшін ұнатпайтыны:
  4. «Айтты, деді» деген бос сөзді;
  5. Орынсыз көп сұрақ қоюды;
  6. Мал-дүниені ысырап етуді», – деген (имам Мүслим).

«Жат ағым жарға жығады» деген сөздің астарында үлкен ескерту жатыр. Адасқан түсініктің зардабы бір адамның өзімен ғана шектелмей, оның отбасына, туған-туысына және айналасындағы адамдарға әсер етеді. Сондықтан әрбір мұсылман дінін дұрыс үйренуге, сенімді білім иелерінен тәлім алуға, Құран мен сүннетті дұрыс түсінуге және мұсылмандардың бірлігі мен татулығын сақтауға мән бергені жөн. Алла Тағала қасиетті Құранда:

رَبَّنَا لَا تُزِغْ قُلُوبَنَا بَعْدَ إِذْ هَدَيْتَنَا وَهَبْ لَنَا مِن لَّدُنكَ رَحْمَةً ۚ إِنَّكَ أَنتَ الْوَهَّابُ

«Һәм: «Уа, Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқыта көрме! Бізге Өз тарапыңнан мейірім төккейсің! Шүбәсіз, Сен Уәһһабсың (құлдарыңды мол сый-сияпатқа бөлеушісің)», – деген («Әли Имран» сүресі, 8-аят).

Алла Тағала баршамызды тура жолдан айырмай, дінімізді дұрыс түсініп, шынайы түрде амал етуді нәсіп етсін! Елімізге тыныштық, халқымызға бірлік беріп, ұрпағымызды адасқан түсініктер мен жат ағымдардың ықпалынан сақтасын!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру