اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам баласының өмірінде сабырдың орны ерекше. Сабыр – тек басына қиындық түскенде төзімділік танытып, тағдырға мойынсұну ғана емес, ол – адамның иманын бекемдейтін, нәпсісін тәрбиелейтін, құлшылықта тұрақтылық танытып, күнәдан өзін тежеуге жетелейтін рухани кемелдіктің маңызды сипаты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ
«Ешқандай қиындыққа мойымай сабырлылық танытқан жандарға сый-сияпаттары қисапсыз беріледі», – деген («Зүмәр» сүресі, 10-аят).
Имам Ғазали (Алла оны рақымына алсын): «Сабыр – діннің рухани мәртебелерінің бірі», – деген.
Осы тұрғыдан алғанда, сабыр жай ғана сыртқы төзімділік емес. Адам алдымен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін танып-біледі. Сол білім жүрегінде берік сенімге айналғанда, нәпсінің қалауына қарсы тұратын рухани күш пайда болады. Міне, нәпсі бір нәрсеге шақырғанда, иманның талабын берік ұстанып, дұрыс жолдан таймау – сабырдың шынайы көрінісі. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ نَاسًا مِنَ الأَنْصَارِ سَأَلُوا رَسُولَ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم فَأعْطَاهُمْ، ثُمَّ سَأَلُوهُ فَأعْطَاهُمْ، ثُمَّ سَأَلُوهُ فَأعْطَاهُم، حَتَّى نَفِدَ ما عِندَه، فقال: مَا يَكُونُ عِندِي مِن خَيرٍ فلَنْ أَدَّخِرَه عَنْكُمْ، ومَن يَسْتَعْفِفْ يُعِفَّهُ اللهُ، ومَنْ يَسْتَغْنِ يُغنِهِ اللهُ، ومَن يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللهُ، وَمَا أُعطِيَ أَحَدٌ عَطَاءً خَيرًا وأوسَعَ مِنَ الصَّبرِ.
Ансарлардан бір топ адам Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние-мүлік сұрады. Ол оларға берді. Кейін олар тағы сұрады, Пайғамбарымыз оларға тағы да берді. Содан соң тағы сұрағанда, қолындағы барын таусылғанша бере берді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қолымда қандай да бір игілік болса, оны сендерден аяп, өзіме сақтап қалмаймын. Кім өзін сұраудан тыйып, ар-намысын сақтауға ұмтылса, Алла оны арлы етеді. Кім өзгеге мұқтаж болмауға тырысса, Алла оны мұқтаждықтан арылтады. Ал кім өзін сабырға баулып, сабырлы болуға ұмтылса, Алла оған сабыр нәсіп етеді. Расында, адам баласына сабырдан қайырлы әрі одан кең мол сый берілген емес», – деді (имам Бұхари).
Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың адамға берген нығметтері мен көркем мінездерінің ішінде сабырдан артық әрі сабырдан кең қасиет жоқ екенін баяндайды. Өйткені сабыр барлық ізгі қасиеттерді қамтиды әрі сол ізгіліктердің барлығы сабырға сүйенеді. Ар-намыстылық, батылдық, табандылық, ерік-жігер, өр мінез және басқа да көркем қасиеттер сабырмен сабақтас. Адам сабырлы болса, Алла Тағаланың қалауымен кез келген ауыртпалықты көтере алады. Бұл хадистен көркем мінез-құлықты бойға сіңіруге болатынын және оған адам өзін біртіндеп дағдыландыру арқылы қол жеткізетінін аңғарамыз. Расында, сабыр – мүмінге берілген нығметтердің бірі. Сабыр үшін берілетін сауап белгілі бір мөлшермен өлшенбейді әрі оның шегі белгіленбеген.
Хазіреті Омар ибн Хаттабтың (Алла оған разы болсын) Әбу Мұса Ашғариге (Алла оған разы болсын) жолдаған хатында: «Сабырлы бол! Біліп қой, сабыр екі түрлі. Оның бірі екіншісінен абзал: басыңа түскен қиындықтар мен қайғы-қасіреттерге сабыр ету – көркем сабыр. Ал одан да абзалы – Алла Тағала харам еткен нәрселерден тыйылуда сабыр ету. Сондай-ақ сабыр – иманның тірегі екенін біл. Өйткені тақуалық – ізгіліктің ең абзалы, ал тақуалыққа сабыр арқылы қол жеткізіледі», – деген.
Алла Тағала сабыр иелерін Құранда түрлі көркем сипаттармен сипаттаған. Құран Кәрімнің жетпістен астам жерінде сабыр туралы айтқан. Сондай-ақ көптеген игіліктер мен жоғары дәрежелерді сабырмен байланыстырып, оларды сабырдың жемісі еткен. Алла Тағала қасиетті Құранда:
أُولَٰئِكَ عَلَيْهِمْ صَلَوَاتٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَرَحْمَةٌ ۖ وَأُولَٰئِكَ هُمُ الْمُهْتَدُونَ
«Міне, солар – Раббыларының кешірімі мен рақымына бөленгендер. Тура жолға түскендер де солар», – деген («Бақара» сүресі, 157-аят).
Имам Табари бұл аятқа қатысты: «Міне, солар» деген сөз сабыр етушілерді білдіреді», – деген. Алла Тағала сабыр еткен құлдарына Өзінің жәрдемі мен қолдауы бірге болатынын уәде етіп:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اسْتَعِينُوا بِالصَّبْرِ وَالصَّلَاةِ ۚ إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ
«Уа, иман келтіргендер! Сабыр ету әрі намаз оқу арқылы (Алладан) жәрдем сұраңдар. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге», – деген («Бақара» сүресі, 153-аят).
Демек, сабырдың жемісі – жай ғана қиындыққа төтеп беру емес. Сабыр еткен пенде Алланың жәрдеміне, рақымына, игілігіне және тура жолына бөленеді. Сондықтан Құран Кәрімде сабырдың мәртебесі айрықша дәріптеліп, оның сыйы мен жемісі сан қырынан баяндалған.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
وَاعْلَمْ أَنَّ فِي الصَّبْرِ عَلَى مَا تَكْرَهُ خَيْرًا كَثِيرًا
«Біліп қой, көңіліңе ауыр тиіп, өзің қаламаған нәрсеге сабыр етуде мол жақсылық бар», – деген (имам Термизи).
Қисса!
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ансарлардың жанына келген кезде: «Сендер мүмінсіңдер ме?» – деп сұрады. Олар үнсіз қалды. Сонда Омар (Алла оған разы болсын): «Иә, уа, Алланың Елшісі!» – деді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман келтіргендеріңнің белгісі қандай?» – деп сұрады. Сонда олар: «Молшылық пен кеңшілікте Аллаға шүкір етеміз, басымызға қиындық пен сынақ түскенде сабыр етеміз әрі тағдырдың жазғанына разы боламыз», – деп жауап берді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қағбаның Раббысына ант етемін! Сендер – мүмінсіңдер!» – деді.
Сабыр мүміннің бойындағы ең маңызды көркем қасиеттердің бірі. Шынайы сабыр адамды қиындыққа мойымауға, қандай жағдайда да Аллаға деген сенімін жоғалтпай, Оның әміріне берік болуға тәрбиелейді. Кеңшілікте шүкір етіп, қиындықта сабыр танытып, тағдырдың жазғанына разылық білдіру – кәміл иманның көрінісі. Сондықтан басымызға қандай жағдай келсе де, оның астарында Алланың хикметі мен мол қайыры бар екенін ұмытпаған жөн. Сабыр еткен пенде Алланың жәрдемінен, рақымы мен тура жолынан үміт үзбейді. Ал сабырдың соңы – қайыр, жемісі – Алланың разылығы. Сабырлылық жанның сыздауын басатын емдік шөп сияқты, ол тым ащы болғанымен дертке шипалы. Сондықтан да дана халқымыз «Сабыр түбі – сары алтын», – деп, бекер айтпаса керек.
Мына жалған дүниеде кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені өмірде қуаныш пен қайғы егіз қозыдай қатар жүреді. Бұл – өмірдің өзіндік заңдылығы. Себебі өмір атты қиын жол сындарлы сынақтардан тұрады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ
«Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер», – деген («Бақара» сүресі, 155-аят).
Сәһл ибн Абдулла Тустари: «Алла Тағаланың: «Сабыр етушілерді сүйіншіле», – деген аятынан кейін сабырдың өзі өмірдің рақатына айналды», – деген.
Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтарға ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деген («Нахл» сүресінің 96-аят).
Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:
مَرَّ النَّبيُّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم بامرَأةٍ تَبكي عِندَ قَبرٍ، فقال: اتَّقي اللهَ واصبِري، قالت: إليكَ عَنِّي؛ فإنَّكَ لَم تُصَبْ بمُصيبَتي، ولَم تَعرِفْه، فقيلَ لَها: إنَّه النَّبيُّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم، فأتَت بابَ النَّبيِّ صلَّى اللهُ عليه وسلَّم فلَم تَجِد عِندَه بَوَّابينَ، فقالت: لَم أعرِفْكَ، فقال: إنَّما الصَّبرُ عِندَ الصَّدمةِ الأولى.
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірдің басында жылап жатқан әйелдің жанынан өтіп бара жатып, оған: «Алладан қорық және сабыр ет», – деді. Әлгі әйел: «Мені мазаламаңыз. Өйткені менің басыма келген қайғы саған келмеген», – деді. Ол әйел Оның Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екенін білмеді. Оған Ол адам Алла Елшісі екені айтылғанда, дереу Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне қарай жүгірді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінің алдында қызметшісін таппады. Сосын әлгі әйел: «Уа Алланың Елшісі! Сізді танымай қалыппын», – деді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нағыз сабыр – соққының алғаш уақытында», – деді (имам Бұхари).
Адам баласы қандай ауыр қасіретке душар болса да, оны сабырмен қарсы алып, Алланың тағдырына разылық танытса, оның сабыры ешқашан зая кетпейді. Алла Тағала сабыр еткен құлына ақыретте мол сауап әзірлеумен қатар, осы дүниеде де сабырының қайырлы жемісін көрсетіп, лайықты сыйын нәсіп етеді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَإِن تَصْبِرُوا وَتَتَّقُوا لَا يَضُرُّكُمْ كَيْدُهُمْ شَيْئًا
«Егер сабырлық танытып және тақуалық ететін болсаңдар, олардың қулық-сұмдығының сендерге ешқандай да зияны тимейді», – деген («Әли Имран» сүресі, 120-аят). Яғни қиындық мәңгілік емес. Сынақтың уақыты, қиындықтың шегі бар. Ал сабырдың сауабының шегі жоқ.
Расында, сабыр – Алла Тағала бұйырған ұлы құлшылықтардың бірі. Адам құлшылықта тұрақты болып, Алланың әмірлерін орындау үшін сабырлы әрі табанды болуы қажет. Өйткені намаз оқу, ораза ұстау және басқа да ізгі амалдарды үзбей орындау әрдайым оңай бола бермейді. Кейде адам шаршайды, кейде нәпсісі құлшылыққа ауырсынады. Осындай сәттерде сабыр танытып, ғибадатты жалғастыра білу – шынайы құлшылықтың белгісі. Сондықтан әрбір парыз бен құлшылық белгілі бір жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Адам өзін сабырға тәрбиелеген сайын, Алла Тағала оған сабырлық пен беріктік береді. Құлшылықты дұрыс әрі кемел орындау үшін сабырдың үш түрін қарастырсақ болады:
- Құлшылықты орындаудан бұрынғы сабырлық. Бұл – жүректе ізгі ниетті жаңғыртып, құлшылықты орындауға нық шешім қабылдау және оның шарттарын толық орындауға дайындалу.
- Құлшылықты орындау кезіндегі сабырлық. Бұл – Алла Тағаланың ұлылығын жүректе сезініп, Одан қорқу, құлшылықтың парыздары мен міндеттерін, сүннеттерін барынша толық орындау және оған нұқсан келтіретін мәкрүһ істерден аулақ болу.
- Құлшылықты орындағаннан кейінгі сабырлық. Бұл – жасаған құлшылығын жұртқа жария етпеу, оны айтып мақтанбау әрі амалының қабыл болмай қалуынан қауіптену.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَاصْبِرْ نَفْسَكَ مَعَ الَّذِينَ يَدْعُونَ رَبَّهُم بِالْغَدَاةِ وَالْعَشِيِّ يُرِيدُونَ وَجْهَهُ ۖ وَلَا تَعْدُ عَيْنَاكَ عَنْهُمْ تُرِيدُ زِينَةَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا ۖ وَلَا تُطِعْ مَنْ أَغْفَلْنَا قَلْبَهُ عَن ذِكْرِنَا وَاتَّبَعَ هَوَاهُ وَكَانَ أَمْرُهُ فُرُطًا
«Бір Алланың разылығын ғана қалап, Раббыларына ертелі-кеш құлшылық әрі дұға ететін мүміндермен бірге болуда барынша сабырлылық һәм табандылық таныт. Дүние тіршілігінің сән-салтанатына көңілің ауып, назарыңды олардан басқаларға аударушы болма, сондай-ақ жүрегін Бізді еске алмайтындай етіп өзіміз ғапыл қылған, өз әуейілігіне ерген әрі бүкіл ісі шектен шыққан әлдекімге ерме», – деген («Кәһф» сүресі, 28-аят).
Қисса
Бірде Ұяйна ибн Хисн мен Ақрағ ибн Хабис Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:
- Уа, Алланың Елшісі! Егер сен мәжілістің төрінде отырып, мына адамдарды әрі олардың киімдерінің иісін бізден алыстатсаң, – деді. Олар Салманды, Әбу Заррды және кедей мұсылмандарды меңзеген еді. Олардың үстерінде жүннен тігілген киімдері ғана болатын. Олар сөзін жалғап:
- Сонда біз сенің жаныңа отырып, сенімен әңгімелесіп, сенен білім алар едік, – деді. Осыған байланысты Алла Тағала аяттарды түсірді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі кедей сахабаларды іздеп шықты. Оларды мешіттің артқы жағында Алланы зікір етіп отырған жерінен тапты да: «Мені үмбетімнің осындай адамдарымен бірге болуға сабыр етуге бұйырғанға дейін жанымды алмаған Аллаға мадақ болсын! Сендермен бірге өмір сүремін, сендермен бірге дүниеден өтемін», – деді.
Демек, құлшылықтағы сабыр – ғибадатты белгілі бір уақытта ғана орындау емес, шаршағанда да, уақыт тар болғанда да, нәпсі ауырсынғанда да ізгі амалды тастамай, тұрақты жалғастыра білу. Себебі құлшылықты бастауға ниет жеткілікті болуы мүмкін, ал оны орындауға сабыр мен табандылық қажет. Сондықтан шынайы құлшылықтың бір көрінісі – амалдың көптігінде ғана емес, оның тұрақтылығында. Аз болса да үзілмеген амал жүректі тәрбиелеп, адамды Раббысына жақындата түседі. Міне, құлшылықтағы сабыр дегеніміз – Аллаға бойсұну жолында тұрақтылық танытып, ізгі амалды өмірлік ұстанымға айналдыра білу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَحَبُّ الْأَعْمَالِ إِلَى اللَّهِ أَدْوَمُهَا وَإِنْ قَلَّ
«Аллаға ең сүйікті амал – аз болса да тұрақты жасалғаны», – деген (имам Бұхари).
Құметті жамағат!
Сабыр адам өмірінің барлық қырын қамтитын ұлы қасиет. Құлшылықта тұрақтылық таныту, күнәдан тыйылу, сынаққа мойымай, тағдырға разылықпен қарау – бәрі де сабырдың көрінісі. Сабыр адамды тәрбиелеп, мінезін көркемдеп, иманын шыңдайды. Ендеше, қиындықта сабырдан, қуанышта шүкірден, құлшылықта тұрақтылықтан айырылмайық. Өйткені сабыр – Алланың разылығына бастайтын ізгі жол.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَاصْبِرْ فَإِنَّ اللَّهَ لَا يُضِيعُ أَجْرَ الْمُحْسِنِينَ
«(Сондай-ақ құлшылық етуде, жақсылық жасауда, күнә атаулыдан аулақ болуда һәм Алла жолында жүріп, тап болған қиыншылықтарға) сабырлылық таныт. Расында, Алла игі істер істейтін ізгі жандардың сауабын зая етпейді», – деген («Һуд» сүресі, 115-аят).
Сәһл ибн Абдулла әт-Тустари: «Сабыр екі түрлі: біріншісі – күнә жасаудан өзін тежеудегі сабыр. Мұндай адам – нәпсімен күресуші. Екіншісі – Аллаға құлшылық етудегі сабыр. Мұндай адам – құлшылық етуші. Егер пенде күнә жасаудан тыйылып, сабыр етсе және Аллаға құлшылық жасауда да сабыр танытса, Алла оған өзінің тағдырына разы болу қасиетін нәсіп етеді. Ал разылықтың белгісі – адамның басына ұнамсыз немесе өзі үшін қуанышты жағдай келгенде жүрегінің тыныштық табуы», – деген.
Хасан Басри (Алла оны рақымына алсын):
الصَّبْرُ كَنْزٌ مِنْ كُنُوزِ الْخَيْرِ، لَا يُعْطِيهِ اللَّهُ إِلَّا لِعَبْدٍ كَرِيمٍ عِنْدَهُ
«Сабыр – жақсылық қазыналарының бірі. Алла оны Өз құзырында қадірлі болған құлына береді», – деген.
Кейде сабыр – тіліңді тыю, кейде – көзіңді тыю, кейде – ашуыңды тыю, кейде – нәпсіңді тыю, ал кейде қанша ауыр болса да Алладан үмітіңді үзбеу.
Сондықтан:
Сабыр – дәрменсіздіктің белгісі емес, рухтың беріктігі;
Сабыр – үнсіз қалу ғана емес, ақиқат жолында тұрақты қалу;
Сабыр – ештеңе істемей күту емес, әрекет етіп, нәтижесін Аллаға тапсыру;
Сабыр – бір сәттік төзім емес, өмір бойы жалғасатын рухани тәрбие.
Алла Тағала баршамызға құлшылықта тұрақтылық, күнәдан тыйылуда табандылық, қиындықта көркем сабыр нәсіп етіп, сабырлы құлдарының қатарынан болуды нәсіп еткей!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
18.09.2026
10
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру