ОТБАСЫ – БАҚЫТ ПЕН БЕРЕКЕ ТІРЕГІ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, жүрекке жылу сыйлайтын қасиетті мекені. Адам баласының өмір жолындағы алғашқы қадамы, дүниені танып-білуі, адамдық болмысының қалыптасуы ең алдымен осы киелі шаңырақтан басталады. Өмір есігін енді ашқан сәбидің алғашқы көретіні – ата-анасының мейірімі, алғашқы еститін жылы сөзі де, тәрбиесі де отбасынан көрінеді. Сондықтан ата-ананың балаға берген тәрбиесі мен мейірімін, жүрегінен шыққан жылуын бұл дүниедегі ешбір нәрсе алмастыра алмайды. Қазақ халқының «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі де осы ақиқатты аңғартады.
Ислам діні де отбасының қадір-қасиетіне айрықша мән беріп, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығын, ата-ананы құрметтеуді, балаға дұрыс тәрбие беруді және туған-туысқа қамқорлық жасауды маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Отбасының осындай биік мәртебесін айқындайтын негізгі тіректің бірі – ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік пен өзара тыныштық. Құран Кәрімде неке адам баласының жай ғана дүниелік қажеттілігінен тұрмайтындығы, ол Алла Тағаланың шексіз құдіретін танытатын ұлы белгілерінің бірі екендігі баяндалады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ
«Сондай-ақ Оның айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін ап-айқын дәлелдер мен талай ғибрат бар», – деген («Рум» сүресі, 21-аят).
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) бұл аятқа қатысты: «Сүйіспеншілік ер адамның әйелін жақсы көруі, ал мейірімділік оған зиян тигізуден сақтанып, оған жұмсақтық танытуы», – деп түсіндірсе, тағы бір сөзінде: «Сүйіспеншілік пен мейірімділік дегеніміз – олардың жүректерінің бір-біріне деген ықыласы мен сүйіспеншілігі», – деген.
Шынында да ерлі-зайыптының бір-біріне құмет көрсетуі – отбасының берекесі, бақыты. Ал ерлі-зайыптылардың бірі әлсірейтін болса, яғни құрметсіздік орын алса, отбасында береке кетеді. Сондықтан отбасылық қарым-қатынастың сақталуына негіз болатын басты құндылықтардың бірі – мейірімділік. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
أَرْبَعٌ مِنَ السَّعَادَةِ: الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ، وَالْمَسْكَنُ الْوَاسِعُ، وَالْجَارُ الصَّالِحُ، وَالْمَرْكَبُ الْهَنِيءُ،
«Бақытқа себеп болатын төрт нәрсе бар: салиқалы әйел, кең жайлы баспана, жақсы көрші және жайлы көлік», – деген (ибн Хиббан).
Демек, отбасындағы жардың салиқалы болуы, жайлы баспана, жақсы көрші және қолайлы көлік – адамның дүниелік өміріндегі тыныштығы мен жайлылығына әсер ететін маңызды себептердің бірі.
Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген. Ер мен әйелдің жан дүниесінде осындай асыл қасиеттер болса, ол шаңырақ бақытқа бөленері хақ.
Бірінші: жұбайлар – бір-біріне киім іспетті
Отбасы – адамның жан тыныштығы табатын, қуанышы мен қайғысын бөлісетін құтты мекені. Ал сол шаңырақтың берекесі мен баянды болуы ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сүйіспеншілігіне, құрметіне, сенімі мен жауапкершілігіне құрылған. Алла Тағала Құран Кәрімде ерлі-зайыптылар арасындағы осы ерекше байланысты өте көркем теңеумен баяндайды:
هُنَّ لِبَاسٌ لَّكُمْ وَأَنتُمْ لِبَاسٌ لَّهُنَّ
«Олар сендер үшін киім, сендер де олар үшін дәл сондай киімсіңдер», – деген («Бақара» сүресі, 187-аят).
Имам Табари бұл аятқа қатысты егер біреу: «Әйелдеріміз бізге киім, ал біз оларға киім боламыз дегенді қалай түсінуге болады? Өйткені «киім» дегеніміз – адамның киетін нәрсесі емес пе?» – деп сұраса, оған: «ерлі-зайыптылардың әрқайсысының екіншісіне киім деп аталуы оның жұбайына тыныштық әрі жайлылық мекені болуына байланысты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَهُوَ الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ اللَّيْلَ لِبَاسًا
«Ол Алла сендер үшін түнді киім (жамылғы) етті», – деген («Фұрқан» сүресі, 47-аят). Мұндағы «киім» дегені – сендер тынығып, тыныштық табатын нәрсе деген мағынаны білдіреді. Сол секілді ер адамның әйелі де оның тыныштық табатын жары. Ол әйелінен көңілі орнығып, жан тыныштығын табады. Алла Тағала:
وَجَعَلَ مِنْهَا زَوْجَهَا لِيَسْكُنَ إِلَيْهَا
«Һәм сол жан (жұбына) бауыр басып, жаны жай тапсын деп, оның өз болмысынан жұбын жаратты», – деген («Ағраф» сүресі, 189-аят).
Демек, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы екіншісіне «киім» болып табылады. Яғни, әрқайсысы өз жұбайының жанынан тыныштық тауып, бір-біріне қорған, сүйеніш әрі рухани демеу болуы тиіс. Отбасының шынайы берекесі де осындай өзара түсіністік пен мейірімнен бастау алады. Бұл ретте Абай Құнанбайұлының: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деген сөзі отбасындағы ізгі қарым-қатынастың адам тәрбиесіндегі маңызын айқын аңғартады. Ер өз әйелінің кемшілігін жасырып, қадірін арттырса, әйел күйеуінің абыройын сақтап, қиындықта жанынан табылса, олардың шаңырағында сүйіспеншілік пен береке орнығады. Ендеше, әрбір ерлі-зайыпты өзіне: «Мен жұбайыма қандай киіммін? Оған қорғанмын ба, әлде ауыртпалықпын ба? Оның жанын тыныштандырамын ба, әлде жаралаймын ба?» деген сұрақ қойып, отбасы алдындағы жауапкершілігін қайта саралауы қажет. Өйткені жұбай болу бірге өмір сүруден ғана тұрмайды, бір-біріне пана болу, бір-бірінің кемшілігін жабу және өмір жолында өзара сүйеніш болу деген сөз.
Екінші: ең жақсы адам – отбасына жақсы қараған адам
Адамның шынайы мінезі мен адамгершілігі оның ел алдында емес, ең алдымен өз отбасында көрінеді. Өйткені сырт көзге жақсы көріну оңай болғанымен, күн сайын бірге өмір сүріп, қуанышы мен қиындығын бірге бөлісіп жүрген жарына, баласына, ата-анасына мейірім таныту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адамның қаншалықты сабырлы, кешірімді, жанашыр әрі ізгі екенін оның өз шаңырағындағы қарым-қатынасынан аңғаруға болады.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ
«Жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – деген («Ниса» сүресі, 19-аят).
Ибн Кәсир (Алла оны рақымына алын) осы аяттағы «жақсы қарым-қатынаста болыңдар», – дегенді былай түсіндіреді: «Оларға айтатын сөздеріңді көркем етіңдер, мүмкіндіктеріңе қарай істерің мен сыртқы қалыптарыңды да жақсы ұстаңдар. Өзіңе әйеліңнен қандай жақсы қарым-қатынасты қаласаң, оған да сондай қарым-қатынас жаса. Алла Тағала:
وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ ۚ
«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында міндеттері бар», – деген («Бақара» сүресі, 228-аят). Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ، وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي
«Сендердің ең жақсыларың отбасына жақсы қарағандарың. Ал мен сендердің араларында отбасына ең жақсы қарайтындарыңмын», – деген (имам Термизи).
Бұл хадис – ислам дінінің алып келген көркем құндылықтарының бірі. Мұнда отбасы мүшелеріне жақсылық жасаудың маңызы айқын көрсетілген. Исламда әйеліне, бала-шағасына және отбасына жақсылық жасау ең абзал амалдар мен Аллаға жақындататын сауапты істердің бірі ретінде қарастырылады. Мұндай игілік жасаған адам адамдардың ең жақсыларының қатарында болады.
Мұхаммед ибн Абдурахман әл-Мубәракфури (Алла оны рақымына алсын) осы хадиске түсіндірме бере отырып былай дейді: «Сендердің ең жақсыларың отбасына жақсы қарағандарың» деген сөздегі «отбасы» ұғымы адамның бала-шағасы мен туыстарын білдіреді. Кейбір ғалымдар мұнда оның әйелі мен жақын туыстары меңзелген деп те айтқан. Өйткені отбасына жақсы қарым-қатынас жасау көркем мінездің айқын белгісі. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Ал мен сендердің араларыңда отбасына ең жақсы қарайтындарыңмын» деуі Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық жағынан ең ізгі әрі ең көркем мінезді жан болғанын білдіреді. Ол отбасымен қарым-қатынаста адамдардың ең көркемі еді және ұлы мінез-құлық иесі болатын.
Үшінші: ата-ана – жәннатқа бастар жол
Ата-ананы ардақтау, үлкенге құрмет көрсету – халқымыздың жүрегіне ұялаған имани тәрбие. «Әке-шешеңе не қылсаң, алдыңа сол келер», – деген дана халқымыз әр баланың санасына кішіпейілділік пен үлкенді сыйлау ұстанымын ерте бастан сіңіріп өсірген. Қазақтың танымында ата-ана – отбасы тірегі, бүкіл әулеттің ұйытқысы. Сол себепті де халық арасында «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген терең мәнді тағылымдар бекер айтылмаған.
Ислам ата-ананың құқықтарына ерекше мән берді. Өйткені оларға жақсылық жасау туралы әмірді өзіне ғана құлшылық ету әмірінен кейін тікелей келтірді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا
«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түу!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!» – деген («Исра» сүресі, 23-аят).
Имам әл-Құртуби бұл аятты өзінің тәпсірінде: «Алла Тағала Өзiне ғана құлшылық етіп, Оны жалғыз деп тануды бұйырды. Сондай-ақ ата-ананы құрметтеуді осы әмірмен бірге атап көрсетті. Ата-анаға алғыс білдіруді Өзiне шүкіршілік етумен қатар қойды», – деп түсіндіреді.
Замахшари (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағала ата-анаға қатысты өсиеттерін күшейтті, оларға жақсылық жасауды Өзінің жалғыздығымен қатар қойды, оларға қарауды қамқорлық танытуды міндеттер қатарына қосты, тіпті реніш білдіретін «уф» деген ең кішкентай сөзге де рұқсат бермейтін етіп шектеді», – деген.
Мұсылман адам Алланың разылығын қаласа, ең алдымен ата-анасының разылығына ұмтылуы тиіс. Себебі сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
رِضَى اللَّهِ مِنْ رِضَى الْوَالِدَيْنِ وَسَخَطُ اللَّهِ مِنْ سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ
«Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында», – деп ескерткен (имам Термизи).
Шал ақын:
Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші, – деп ата-анасын құрметтеген адамның шаңырағы берекелі болатындығын қасиетті Мекке қаласымен теңеп түсіндірген. Бұл сөздің астарында ата-ананың разылығы жатқандығы белгілі.
Қисса
Бір кісі хазіреті Омарға (Алла оған разы болсын) келіп: «Қартайған анам бар, өзіне қарайласа алмайтын хәлге жетті. Мен оны арқалап, қажетті жеріне алып барамын. Осы жақсылығым үшін анамның алдындағы борышымды өтеген боламын ба?» – деп сұраған екен. Сонда Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Жоқ, өтемедің. Өйткені анаң сенің осындай сәтіңде саған ұзақ өмір тілеп, әрдайым аманшылықта болуыңды қалайтын. Ал сен оны көтеріп жүріп, оның өмірден озуын күтесің», – деп жауап берген екен.
Құрметті жамағат!
Отбасында тыныштық пен бақыттың әрдайым жалғасуы үшін ислам діні ер мен әйелдің әрқайсысына отбасылық өмірде нақты рөл мен міндет жүктеп, әрқайсысының өз құқықтары мен міндеттерін белгілеп берді. Егер екі жақ өз міндеттерін адал атқарса, өмір кемесі де қауіпсіз жағалауға жетері сөзсіз.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا
«Сондай-ақ олар: «Уа, Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпағымызды көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге жетекші (үлгі-өнеге) ете гөр!» – деп айтқан («Фұрқан» сүресі, 74-аят).
Хасан Басриге (Алла оны рақымына алсын) осы аяттың мағынасы туралы сұрақ қойылғанда, ол: «Бұл Алланың мұсылман пендесіне өз әйелінен, бауырынан және жақындарынан Аллаға бойсұнуды көрсетуі. Алламен ант етемін! Мұсылман үшін баласының, немересінің, бауырының немесе жақын адамының Ұлы Аллаға мойынсұнып жүргенін көруден артық қуаныш жоқ», – деп жауап берген.
«Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» дегендей ұлттың болмысы, оның тұрақтылығы әрбір отбасының татулығы мен береке-бірлігіне тікелей байланысты. Бақытты отбасы – мызғымас қоғамның іргетасы. Қоғам қарым-қатынасының қағидалары отбасы құндылықтары негізінде қалыптасады. Демек, қоғамның дамуы мен өркенденуінің басты тетігі салауатты отбасының негізінен басталуы керек. Дәл сол сияқты қай қоғамның болмасын рухани құлдырауының, іштей ыдырауының басты себебі де отбасы ішіндегі тұрақсыздықтың салдарынан туады. Ендеше, отбасымыздың бақытты да берекелі болуына әрбір мұсылман үлкен маңыз беріп, асыл дініміз талап еткен отбасылық ақыларды орындап, ізгі ұрпақ тәрбиелеуге тырысқанымыз жөн.
Алла Тағала әрбіріміздің отбасымызға береке, елімізге амандық беріп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Берекелі отбасы – берік қоғамның, тәрбиелі ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
13.09.2026
57
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру