اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Әділдік – барлық жаратылысқа өзінің тиесілі ақысын беру, сөзі мен ісіне, діні мен ұлтына, реңі мен түріне, байлығымен мансабына және туыстығына қарамай теңдік жасау. Әділдіктің исламдағы алар орны өте биік. Жеке адам болсын немесе қоғам болсын әділдіксіз биік шыңдарға шыға алмайды. Асыл дініміз әділдікке ерекше мән береді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُونُوا قَوَّامِينَ بِالْقِسْطِ شُهَدَاءَ لِلَّهِ وَلَوْ عَلَىٰ أَنفُسِكُمْ أَوِ الْوَالِدَيْنِ وَالْأَقْرَبِينَ ۚ إِن يَكُنْ غَنِيًّا أَوْ فَقِيرًا فَاللَّهُ أَوْلَىٰ بِهِمَا ۖ فَلَا تَتَّبِعُوا الْهَوَىٰ أَن تَعْدِلُوا ۚ
«Уа, иман келтіргендер! Алла разылығы үшін куәлікке жүргенде, тіпті өздеріңнің, ата-аналарыңның және туған-туыстарыңның зиянына болса да, қара қылды қақ жарған әділ болыңдар. (Біреуге жақтасып немесе қарсы куәлік еткендеріңде) мейлі бай, мейлі кедей болсын (туралықтан таймаңдар). (Өйткені) Алла байға да, кедейге де сендерден әлдеқайда жақын (яғни екеуінің де жай-күйін сендерден анағұрлым жақсы біледі). Сондықтан да нәпсіге еріп, әділдіктен ауытқып кетпеңдер», – деген («Ниса» сүресі, 135-аят).
Бұл аяттағы «қаууам» (قَوَّام) сөзі әділдікті үнемі, табанды түрде және барлық жағдайда берік ұстануды білдіреді. Яғни мұсылманның әділдігі жағдайға қарай өзгермеуі керек. Өзіне тиімді кезде ғана әділ болып, ал өзіне зияны тиетін жерде шындықтан жалтару – Құран үйреткен әділдікке жатпайды. Мұндағы «қист» (القسط) – ақиқатты айтып, әркімнің өзіне тиесілі құқығын беру, ешкімге қиянат жасамау деген мағынаны білдіреді. Тіпті адам өзінің қателігін мойындап, өзіне қарсы шындықты айтуға тура келсе де, әділдіктен айнымауы қажет. Тағыда бұл аятта Алла Тағала алдымен өзімізге, кейін ата-анамызға, одан соң жақын туыстарымызға қатысты әділ болуды бұйырды. Себебі адам өзіне келгенде қателігін ақтауға, ата-анасы мен жақындарына келгенде оларды жақтауға бейім тұрады. Туыстық пен сүйіспеншілік кейде ақиқаттан алыстатуы мүмкін. Алайда шынайы мұсылман үшін туыстықтан бұрын – ақиқат, жеке мүддеден бұрын әділеттілік тұрады.
Адамдарға көркем өнеге ретінде жіберілген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өте әділ еді әрі өзгелерге де әр істе әділдік жолын ұстануды насихаттайтын. Хадисте:
إِنَّ الْمُقْسِطِينَ عِنْدَ اللَّهِ عَلَى مَنَابِرَ مِنْ نُورٍ. الَّذِينَ يَعْدِلُونَ فِي حُكْمِهِمْ وَأَهْلِيهِمْ وَمَا وَلُوا
«Расында, турашыл болғандар, Алланың құзырында нұрдан жасалған мінберлерге жайғасатын болады. Олар – үкім етуде отбасы мүшелеріне және өздеріне бағынышты жандарға әділ болғандар», – деген (имам Мүслим).
Қазақ халқы да әділдік ұғымын ерекше қастер тұтқан. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің Жеті Жарғысы» – бәрі де қара қылды қақ жарған әділеттілікке негізделді.
Жалпы, әділдік ұғымы тек құқық саласымен ғана шектелмейді. Ол адамның сенімінен бастап, күнделікті қарым-қатынасына, отбасы тәрбиесіне, берген уәдесіне, айтқан сөзіне және қоғам алдындағы жауапкершілігіне дейінгі көптеген маңызды мәселелерді қамтиды. Сондықтан әділдік – адам өмірінің барлық саласында көрініс табатын асыл қасиет. Қазақ халқы да әділдікті ежелден жоғары бағалап, оны ел бірлігі мен қоғам тыныштығының негізі санаған. «Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ», – деген аталы сөз осыны айқын аңғартады.
Ибн Манзур (Алла оны рақымына алсын) «Лисан әл-Араб» еңбегінде былай дейді: «Әділдік – адамның көңілінде тура әрі дұрыс деп орныққан нәрсе. Ол – зұлымдық пен әділетсіздікке қарама-қайшы».
Әділдік – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста, ерлі-зайыптылардың міндетінде, сауда-саттықта, қызметте, көршілік қатынаста және адамдардың баршаға ортақ ақысын сақтауда көрінетін үлкен жауапкершілік. Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі аманаттың бірі. Шаңырақтың берекесі тек дүние-мүлікпен немесе тұрмыстық жағдаймен өлшенбейді. Оның шынайы берекесі – өзара сыйластықта, мейірімде, жауапкершілікте және әділдікте. Әділдік орнаған отбасында сенім бекиді, ал сенім бар жерде татулық пен береке болады. Алла Тағала Құран Кәрімде ерлі-зайыптылардың өзара құқықтары мен міндеттері жайлы:
وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ
«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар», – деген («Бақара» сүресі, 228-аят).
Даххак (Алла оны рақымына алсын) Алла Тағаланың бұл аяты туралы: «Егер әйелдер Аллаға және күйеулеріне бойсұнса, онда ер адам әйеліне жақсы қарым-қатынас жасауы, оған зиян келтіруден тыйылуы және мүмкіндігіне қарай оның нәпақасын қамтамасыз етуі тиіс», – деген.
Ал Ибн Зәйд (Алла оны рақымына алсын) бұл аятты былай түсіндірген: «Ерлер әйелдерге қатысты Алладан қорықсын. Әйелдер де ерлеріне қатысты Алладан қорқуы тиіс», – деген.
Отбасыда бір тараптың ғана талабы емес, екі жақтың да ақысы ескерілуі қажет. Исламда әділдік – тек сотта немесе қоғамда үкім шығарғанда ғана қажет болатын қасиет емес. Ол адамның өз үйіндегі қарым-қатынасынан басталады. Ер адам әйелінің ақысын сақтап, оған құрметпен қараса, әйел де ерінің ақысын бағалап, отбасының тыныштығына үлес қосса, ата-ана балаларының арасында әділдік жасаса, мұндай шаңырақтың іргесі берік болады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларының біріне ғана сыйлық беріп, өзгелерін қалдырған әкеге:
فَاتَّقُوا اللهَ وَاعْدِلُوا بَيْنَ أَوْلَادِكُم
«Алладан қорқыңдар және балаларыңның арасында әділдік жасаңдар», – деген (имам Бұхари).
Кейде отбасыдағы үлкен мәселелердің бастауы болмашы әділетсіздіктен туындайды. Бір баланы екіншісінен артық көру, жұбайының еңбегін елемеу, үйдегі міндеттерді бір адамға ғана жүктеу, ашумен ауыр сөз айту – мұның бәрі жүрекке жара салып, отбасындағы берекеге сызат түсіреді. Сондықтан әрбір мұсылман баласы: «Мен өз отбасымда кімнің қандай ақысын орындамай жүрмін?» – деп өзіне есеп бергені жөн.
Демек, әке де, ана да, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы да өзіне жүктелген аманат үшін жауап береді. Әділдік – отбасы мүшелерінің бәріне бірдей қарау ғана емес, әр адамның өзіне тиесілі ақысын беру. Баланың ақысы – тәрбие мен мейірім, ата-ананың ақысы – құрмет пен қамқорлық, ерлі-зайыптылардың ақысы – сыйластық пен жауапкершілік. Ендеше, отбасымыздың берекесін сақтағымыз келсе, әділдікті алдымен өз шаңырағымыздан бастайық. Бір-біріміздің ақысын жемей, міндетімізді адал атқарып, ашу үстінде әділетсіздікке жол бермейік.
Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы бір күнде қалыптаспайды. Оның негізінде адамдар арасындағы өзара сенім, сыйластық және әділдік жатыр. Егер әр адам өз міндетін адал атқарып, өзгенің ақысына құрметпен қараса, қоғамда татулық пен береке орнығады. Ал әділетсіздік көбейген жерде адамдардың бір-біріне деген сенімі әлсіреп, алауыздық пен тұрақсыздыққа жол ашылады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَنْ تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُمْ بَيْنَ النَّاسِ أَنْ تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُمْ بِهِ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا
«Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла – бәрін Естіп, Көруші», – деген («Ниса» сүресі, 58-аят).
Бұл аят – исламдағы негізгі үкімдердің бірі. Ол дін мен шариғаттың көптеген мәселелерін қамтиды. Али ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын «Бұл – мұсылмандардың басшыларына арналған үндеу. Яғни әуелі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның басшыларына қатысты айтылған, кейін олардан соң келген басшыларға да қатысты», – деген.
Қисса
Бірде Омар ибн Абдулазиз (Алла оны рақымына алсын) өз үйінде отырған еді. Қасында Бану Үмәйя әулетінің беделді адамдары бар болатын. Сонда ол:
– Сендерге әрқайсыңды бір-бір әскердің басшысы етіп тағайындасам, қалай қарайсыңдар? – деді. Сонда олардың бірі:
– Неге бізге өзің жасамайтын нәрсені ұсынып отырсың? – деп сұрады. Омар ибн Абдулазиз (Алла оны рақымына алсын):
– Мына төсенішімді көріп тұрсыңдар ма? Оның тозып кететінін жақсы білемін. Соған қарамастан, сендердің оны аяқтарыңмен ластап кетулеріңді қаламаймын. Ендеше, қалайша сендерге өз дінімді аманат етіп тапсырамын?! Қалайша мұсылмандардың ар-намысы мен жанына қатысты жауапкершілікті сендерге жүктеп, олардың тағдырына үкім шығартуға жол беремін?! Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес! – деді.
Сонда олар:
– Біз сенің туыстарың емеспіз бе? Біздің бұған құқығымыз жоқ па? – деді.
Омар ибн АбдулАзиз:
– Бұл мәселеде сендер мен ең алыс жерде жүрген қарапайым бір мұсылманның арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Барлығының құқығы бірдей. Тек маған жете алмай жүрген адам ғана алыстығына байланысты кейін қалып отыр, – деп жауап берді.
Әрбір адам өзіне жүктелген жауапкершілік аясында әділдік танытуы тиіс. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّكُم رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ فَالْأَمِيرُ الذي عَلَى الناسِ راعٍ عليهم وهو مسؤولٌ عنهم والرجلُ راعٍ على أهلِ بيتِهِ وهو مسؤولٌ عنهم والمرأةُ راعيةٌ على بيتِ بعلها وولدِهِ وهي مسؤولةٌ عنهم وعبدُ الرجلِ راعٍ على بيتِ سيدِهِ وهو مسؤولٌ عنهُ ألا فكلُّكم راعٍ وكلُّكم مسؤولٌ عن رعيتِهِ
«Сендердің әрқайсысың – бақташысыңдар және әрқайсысың өз қарамағыңдағылар үшін жауаптысыңдар. Адамдарға басшылық ететін басшы – олардың бақташысы әрі олар үшін жауапты. Ер адам – өз отбасының бақташысы әрі отбасы үшін жауапты. Әйел – күйеуінің үйі мен балаларының бақташысы әрі солар үшін жауапты. Адамның қызметшісі – қожайынының үйінің бақташысы әрі сол үшін жауапты. Біліп қойыңдар! Сендердің әрқайсысың – бақташысыңдар және әрқайсысың өз қарамағыңдағылар үшін жауаптысыңдар», – деген (имам Бұхари).
Демек, исламда жауапкершілік белгілі бір лауазым иелеріне ғана қатысты емес. Әрбір адам өз орнында – басшы болса да, әке болса да, ана болса да, қызметкер болса да – өзіне тапсырылған аманатқа адал болуы тиіс. Адамның шынайы жауапкершілігі оның қарамағындағыларға жасаған әділдігі, қамқорлығы және аманатқа адалдығы арқылы көрінеді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
لَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلَنَا بِالْبَيِّنَاتِ وَأَنْزَلْنَا مَعَهُمُ الْكِتَابَ وَالْمِيزَانَ لِيَقُومَ النَّاسُ بِالْقِسْطِ
«Біз елшілерімізді анық дәлелдермен жібердік. Адамдар әділдікті ұстансын деп, елшілермен бірге кітап пен әділдік таразысын да түсірдік», – деген («Хадид» сүресі, 25-аят).
Асыл дініміз қандай жағдайда да әділ болуды, ақиқатты ұстануды бұйырады. Әділ болу керектігі жайында Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَنْ طَلَبَ قَضَاءَ الْمُسْلِمِينَ حَتَّى يَنَالَهُ ثُمَّ غَلَبَ عَدْلُهُ جَوْرَهُ فَلَهُ الْجَنَّةُ وَمَنْ غَلَبَ جَوْرُهُ عَدْلَهُ فَلَهُ النَّارُ
«Кімде-кім мұсылмандарға үкім етіп, әділдікпен үкім етсе оған жәннат нәсіп болады, егер кімде-кім зұлымдықпен үкім етсе, тозақта болмақ», – деген (имам Әбу Дәуід).
Құрметті жамағат!
Әділдіктің аясы үлкен әрі мұсылман үшін маңызы өте зор. Қасиетті Құранның «Шура» сүресі, 15-аятында Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
وَقُلْ آمَنْتُ بِمَا أَنْزَلَ اللَّهُ مِنْ كِتَابٍ وَأُمِرْتُ لأعْدِلَ بَيْنَكُمُ اللَّهُ رَبُّنَا وَرَبُّكُمْ لَنَا أَعْمَالُنَا وَلَكُمْ أَعْمَالُكُمْ لا حُجَّةَ بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمُ اللَّهُ يَجْمَعُ بَيْنَنَا وَإِلَيْهِ الْمَصِيرُ
«(Оларға) «Мен Алла түсірген Кітапқа иман келтірдім. Сондай-ақ араларыңда әділ болуға бұйырылдым. Алла біздің де Раббымыз, сендердің де Раббыларың! Біздің істеген істеріміз өзімізге, сендердің істеген істерің де өздеріңе. Біз бен сендердің араларыңда талас-тартыстың орны жоқ. Алла барлығымызды бір араға жинайды, қайтар жеріміз Оның құзыры», – деп айт», – деп әмір еткен. Осы аятқа қатысты атақты табиғин Қатада (Алла оны рақымына алсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әділетті болуға бұйырылып, дүниеден өткенінше әділдіктен тайған жоқ», – деген.
Әділдік – қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз ететін басты құндылықтардың бірі. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарау, тәртіп сақтау, заңды құрметтеу және өзгенің құқығына қол сұқпау – әділдіктің күнделікті көрінісі. Біреудің ақысын жемеу, аманатқа қиянат жасамау, уәдеде тұру, саудада алдамау – мұның бәрі қоғамдағы тәртіп пен әділдікті қалыптастырады.
Әділдіктің негізі – адалдық. Адалдық бар жерде сенім қалыптасып, сенім бар жерде татулық пен ынтымақ орнығады. Сондықтан әділ қоғам құру ең алдымен әр адамның өз сөзі мен ісіне адал болуынан басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Адал азамат» идеясын ұсынуы да қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алатынын меңзейді. Президентіміз сөзінде: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек», – деді. Демек, әділдік – тек қоғамнан талап етілетін қағида емес, ол әр азаматтың адалдығы мен жауапкершілігінен басталатын ортақ құндылық. Адал азамат көбейген сайын қоғамда сенім нығайып, әділдік пен тұрақтылық та орныға түседі.
Асыл дініміз адамды өз құқығымен қатар, өзгенің ақысын құрметтеуге үндейді. Егер адам әділ болудың дүниеде және ақыретте пайдасын білсе, әділеттіліктен бас тартпайтын еді, әділеттіліктің сыйы өте көп, соның бірнешеуіне тоқталсақ:
- Әділеттілік ақыретте үлкен дәрежеге жетуге себеп болады; Алла біреуге билік берсе, ол билігінде әділ болса, біріншіден дұғасы қабыл болады, ал қияметте ешқандай көлеңке болмағанда Аршының көлеңкесінде тұрады, хадисте:
«Жеті адам ешқандай көлеңке болмағанда Аршының көлеңкесінде тұрады: соның бірі әділ патша...».
- Әділеттілік адамның жеке басы мен қоғамның үйлесімді дамуының негізі. Алла Тағала Құранда:
هَلْ جَزَآءُ ٱلْإِحْسَٰنِ إِلَّا ٱلْإِحْسَٰنُ
«Иә, жақсылықтың қарымы дәл сондай жақсылық емей немене?!» – деген («Рахман» сүресі, 60-аят).
Расында әділдік орнында болмаса, ол жерде зұлымдық болады, үшінші жол жоқ. Ал Залым адам біреудің қарғысына қалып оңбайтыны айдан анық, ақыретте болса жағдайы мүшкіл, Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَا تَحْسَبَنَّ ٱللَّهَ غَٰفِلًا عَمَّا يَعْمَلُ ٱلظَّٰلِمُونَ ۚ إِنَّمَا يُؤَخِّرُهُمْ لِيَوْمٍ تَشْخَصُ فِيهِ ٱلْأَبْصَٰرُ
«(Уа, Мұхаммед!) Алла (күнәға белшесінен батқан) залымдардың не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар деп ойлама! Ол бар болғаны, олардың ісін көздерді шарасынан шығаратын ғаламат күнге қалдыруда», – деген («Ибраһим» сүресі, 42-аят).
Ендеше, біз де әр ісімізде әділетті болуға тырысып, зұлымдық атаулыдан сақтанайық! Алла Тағала баршамызға екі дүние жақсылығы мен берекетін нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
14.08.2026
16
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру