Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дүние – ақырет егістігі

19.08.2019 26966 0 пікір

Әуелі барша мадақ-мақтаулар Алла Тағалаға болғай! Жаратқанның игілігі мен сәлемі ардақты Алла Елшісі Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына, сондай-ақ барша мұсылман баласына болсын!

Бізді жоқтан бар етіп, мына жарық әлемді сыйлаған Алла Тағала жаратылу мақсатымызды былайша баян етеді:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْاِنْسَ اِلَّا لِيَعْبُدُونِ  

«Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым»[1].

Осылайша Жаратушы Хақ Тағала адам ұрпағын барша жаратылыстардан ерекше етіп, оң-солын танысын әрі өмір мен өлімнің парқын білсін деп ақыл нығметін берді. Мұнымен қоса Алла Тағала адам баласына өз араларынан пайғамбарлар шығарып, дүние мен ақыретте бақытқа қол жеткізудің жолын көрсету мақсатында қасиетті кітаптар жіберді. Соның бірі – қасиетті Құран кітабы. Тіпті дүние тіршілігі өткінші, ақырет жұртының хақ екенін қасиетті Құран мына аятпен баяндап, ой жүгіртуге үндейді:

وَمَا الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلاَّ لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَلَلدَّارُ الآخِرَةُ خَيْرٌ لِّلَّذِينَ يَتَّقُونَ أَفَلاَ تَعْقِلُونَ

«Дүние тіршілігі еш нәрсе емес (оның құны жоқ). Ойын-сауық қана. Әрине, ақырет тақуалар үшін абзалырақ Сонда да түсінбейсіңдер ме?»[2].

Құраннан қуат алып, иманмен сусындаған бабаларымыз өмірдің өткінші екенін біліп, ақыреттің мәңгі екеніне иланды. «Өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ», – деп өшпейтіндей ұлағатты сөз қалдырды.

Сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) айтады: «Бірде Пайғамбарымыз ﷺ иығымнан ұстап тұрып:

فَقَالَ كُنْ فِي الدُّنْيَا كَأَنَّكَ غَرِيبٌ أَوْ عَابِرُ سَبِيلٍ           

«Бұл дүниеде ғаріп секілді бол немесе жатжерде жүрген жолаушы секілді бол!», – деп айтты»[3].

Расында біз мекен еткен дүние ақырет үшін әзірлік жасайтын сынақ алаңы. Дүниенің соңы бар, ал ақырет мәңгілік және ақиқат. Сондықтан бабаларымыз «Екі дүниең абат болсын, қос тойың қабат болсын» деп ұлағатты ой қалдырып кеткен.

Сахабалар өміріне қарасаңыз, олардың мына дүниенің алдамшы байлығына еш қызықпағандығын көресіз. Соның бірі хазіреті Омар (р.а.) еді.

Бірде хазіреті Омардың (р.а.) ұлы мен қызы оған:

– Егер дәмді, қуаты мол тағамдармен қоректенсеңіз, қызметіңізді жақсы атқару үшін күш жинайсыз ғой, – дегенде халифа Омар (р.а.) оларға:

– Әрине, сендер менің жағдайымды ойлайсыңдар. Бірақ, мен екі досымның (Алла Елшісі ﷺ мен хазіреті Әбу Бәкір (р.а.)) осы жолды таңдағандарына куә болдым. Егер олардың жолынан айырылсам, олардың жандарына жете алмай, ақыретте бірге бола алмай қаламын, – деп жауап берді. Тағы да бірде хазіреті Омар (р.а.):

– Аллаға ант етейін! Біз бұл өмірдің ләззаттарына елікпейміз. Егер бір қозы сойылып, одан дәмді тағамдардың пісірілуін, жүзімнен сусындар дайындалып дастарқаныма әкелінуін бұйырсам, әрине, ол орындалар еді. Бірақ біз мұндай ләззаттардың қарымын о дүниеге қалдырғымыз келеді. Өйткені Алла «сендер дүние тіршілігінде асарларыңды асап, жасарларыңды жасап, қызықтарыңды тауыстыңдар»[4], – дейді. Мен Алланың берген нығметтерін бұл дүниеде тауысқым келмейді[5] деген болатын.

Дүниеде ашық-жасырын істелген барлық ізгі амалдар мен күнә істер ақыретте анықталады. Жақсылық пен жамандық қиямет күні асқан мұқияттылықпен әділет таразысына тартылады. Сонда адам баласы дүниеде істегендерінің қайтарымын көреді. Олай болса, адам баласы бұл дүниеде не еккен болса, қандай дән сепкен болса, ақыретте соны орады, соны жинайды. Алланың әділеттілігі орындалып, әркімге өз ақысы беріледі. Пайғамбарымыз ﷺ былай деп хабар берген:

لا تزولُ قَدَمَا عبدٍ يومَ القيامةِ حتَّى يُسألَ عن أربعٍ عَن عُمُرِه فيما أفناهُ وعن جسدِهِ فيما أبلاهُ وعن عِلمِهِ ماذا عَمِلَ فيهِ وعن مالِهِ مِنْ أَيْنَ اكْتَسَبَهُ وفيما أنفقَهُ

«Қиямет күні (Алланың алдына барғанда) ешбір пенде мына төрт нәрседен сұралмайынша, бір қадам алға жылжымайды:
1.Өзінің өмірін қалай өткізгендігінен
2.Тәнін қалай пайдаланғандығынан
3.Алған білімін қалай қолданғандығынан
4.Дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қай жолда сарп еткендігінен[6].

Ойланып қарасақ, ақыретін ойлаған пенде мына дүние тіршілігін де берекелі етеді. Ал қу дүниенің соңына түсіп, өлімнің бар екенін естен шығарған пенде ақырет қамын уысынан шығарып алады. Данышпан Абай атамыз дүниенің алдамшы екенін айтып, адамзатты ойлануға үндейді:

«Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең, өзің қайдасың білемісің?
Өлмек үшін туғансың ойлан шырақ!».

Құндылығы мол ислам діні адам баласының екі дүниеде бақытты болғанын қалайды. Құранда былай бұйырады:

وَابْتَغِ فِيمَا آتَاكَ اللَّهُ الدَّارَ الْآخِرَةَ ۖ وَلَا تَنسَ نَصِيبَكَ مِنَ الدُّنْيَا ۖ        

«Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа»[7].

Ақырет күніне иланған, ондағы есеп беретін сәтті түсінген, тіпті бұ дүниеде жасаған әрбір амалы мен сөйлеген сөздерінен сұралатындығын білген кісі екі дүниесі үшін бақытқа жеткізетін жоспары болады. Ислам адамзат баласы үшін бұ дүниесінің табысты, ақыретінің де сауаптан сәтті болуын қалайды. Оның жолын нұсқап, көрсетіп те берген.

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ: «Дүние ақыреттің егістігі», – деген. Демек, дүниенің егістігі еңбекті болмаса, ақыреттің уағы жемісті болмайды. Яғни, қу дүниенің қамы деп ақыретті ұмытуға, ақыретім үшін деп мына дүниенің тіршілігінен түбегейлі баз кешіп кетуге болмайды. Қасиетті Құран мұны былай баяндайды:

هُوَ الَّذى جَعَلَ لَكُمُ الْاَرْضَ ذَلُولًا فَامْشُوا فى مَنَاكِبِهَا وَكُلُوا مِنْ رِزْقِه وَاِلَيْهِ النُّشُورُ

Ол сондай Алла, сендер үшін жерді көнбіс қылып жаратты. Ендеше оның айналасында жүріңдер. Сондай-ақ оның ризығынан жеңдер. Алайда қайтар орындарың Алланың құзыры [8].  

Сүйікті Пайғамбарымыздың ﷺ өміріне қарап көрдіңіз бе?! Ол ﷺ дүние мен ақырет ісін қатар алып жүрген ұлы тұлға болды. Мәселен, пайғамбарлығына қарамастан, өзгелер қатарлы мал бақты, сауда жасады, аяқкиім тігіп, киімін жамай да білді. Мәдина қаласында тұрғызылып бастаған мешіт құрылысына білек сыбанып, өзгелермен бірге кесек тасып, сахабаларына өнеге де көрсетті.

Бабаларамыз «судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек. Мына өмір әрбір жан иесіне аманат. Берілген әрбір нығметтің есебі алынып, бір күні сұралатын сәті келеді. Ол – қиямет сағаты. Біле білсек, бұл дүние – егістік, ақыретіміз – қамба. Жәннат пен жәһаннам дүниедегі жасаған амалға қарай берілетін жеміс немесе өкініш болмақ. Сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ: «Екі күні бір-біріне ұқсаған адам алданушы», – деген. Келесі хадисінде:

اِعْمَلْ لِدُنْيَاكَ كَأَنَّكَ تَعِيشُ أَبَدًا وَاعْمَلْ لِاٰخِرَتِكَ كَأَنَّكَ تَمُوتُ غَدًا       

«Еш өлмейтін пенде сияқты дүние тіршілігінде ерінбей амал ет және ертең өлетін жан секілді шынайы ғибадат жаса», – деп наcихат сөз айтқан[9].

Ислам – екі дүниенің бақытына бағыттайтын асыл дін. Адамның ақылы, денсаулығы, еркіндігі, күш-жігері дүние үшін жұмсалған болып көрінгенмен, мұсылман баласы үшін ол ақыретіне табыс әкелер мүмкіншілік екені сөзсіз. Мына дүниеден ақыретіне қажеттіні алып, жәннатқа жеткізер амалдарды пайдаланып қалады. Ойланып қарасаңыз, сіздің мына дүниедегі жасаған амалдарыңыз дүниеңіздің де, ақыретіңіздің де нәтижесі қалай боларын көрсетіп береді. Мына ғибратты оқиға қарайықшы.

Хазіреті Әлиге (р.а.) бір кісі келеді. Бұл келген кісі өлімнен кейін қайта тірілуді, ақырет күнгі есеп беруді, жәннат пен жәһаннамды жоққа шығаратын кісі еді. Әйтсе де, ол жәй келмеді. Ел арасында «ілім қақпасы» атанған ардақты сахаба хазіреті Әлиді (р.а.) сөзден жықпақ болып:

– Ей, Әли! Осы сендер мұсылмансыңдар. Өлімге және өлімнен кейінгі жағдайларға иман келтіресіңдер. Ал, біз болсақ мұндайларға ешбір иман келтірмейміз. Сен жәһаннамнан құтылып, жәннатқа кіру үшін көп-көп ғибадат жасайсың, қала берді мал-дүние жұмсайсың, осының барлығында әжептеуір қиыншылық көресің. Осыншалықты қиналу маңызды ма еді? Егер сен айтқандай өлімнен кейін қайта тірілу болмай қалса, онда не істейсің? – деді.

Хазіреті Әли (р.а.) имансыз адамның ақылсыз қойған сауалын үнсіздікпен тыңдады да, сосын оған қарап:

– Жақсы, өлімнен кейін қайта тірілу, есепке тартылу, жәннат және жәһаннамға кіру сенің айтқаныңдай жоқ делік. Алайда біздің сенімде бұлардың бәрі бар. Алдымен сенің айтқаныңды дұрыс деп көрелік. Өлімнен кейін ақырет күні жоқ болса, сені мен біздің халіміз бірдей болмақ. Яғни, пайда саған да, маған да жоқ. Бұл дүниеде жүріп Алла үшін оқыған намаздарымыз, жасаған құлшылық-ғибадаттарымыз, жақсылық істеріміз, көркем әдебіміз, берген зекетіміз бен садақаларымыз бізге пайда әкелмесе ешбір зиянын тигізбейді, – деді. Сөйтті де:

– Бірақ, біздің айтқанымыз дұрыс болып ақырет бар болса, ол кезде сенің халің не болмақ? – деп өзіне тосыннан сауал тастады. Әлгі кісі хазіреті Әлидің төтеннен қойған сұрағына кәдімгідей тосылды. Сосын кідірді, бір сәт ойға шомды сосын:

– Аллаға ант етемін. Екі жағдайда да сөзсіз сен үшін пайда бар. Егер сен айтқандай ақырет бар болса, менің халім нендей өкінішті?! Өзің жүрген тура жолды маған үйрет, мен де мұсылман болайын», – деді де оңды сауал нәтижесінде иманға бет бұрды.

Таразы басын тең ұстауды қалаған жан дүние мен ақырет амалының да теңесіп отыруына аса мән береді. Ал таразының бір жағына басымдық беру ұтылуға бастар жол болмақ. Сондықтан сүйікті Пайғамбарымыз ﷺ:

«Сендердің ең жақсыларың, дүниесі үшін ақыретін ұмытқандарың емес. Ең жақсыларың екеуінен де өз нәсібін алған кісі», – деп айтқан.

Егер мына дүние үшін ғана тіршілік қылсақ, өлі жүректің кейпін кешеміз. Егер мына дүниенің соңы боларын біліп өмір сүрсек, онда айуандық әрекеттерден арылып, адами құндылыққа қол жеткіземіз. Майлықожа бабамыз:

«Алла берді екі жол,
Бірі оңда, бірі – сол.
Ойланыңдар бауырлар!
Дүние қысқа, ақырет – мол», – деп жырлаған.

Дүниеде сауық салып, қызық қуып, ақыретті ұмытып, мал-дүниемен мақтанып, масаттанып жүруімізде жәй бекершілік қана екен. Себебі, дүние қысқа... Алла Тағала мұны былай ескертеді:

اِعْلَمُوا اَنَّمَا الْحَيوةُ الدُّنْيَا لَعِبٌ وَلَهْوٌ وَزينَةٌ وَتَفَاخُرٌ بَيْنَكُمْ وَتَكَاثُرٌ فِى الْاَمْوَالِ وَالْاَوْلَادِ كَمَثَلِ غَيْثٍ اَعْجَبَ الْكُفَّارَ نَبَاتُهُ ثُمَّ يَهيجُ فَتَريهُ مُصْفَرًّا ثُمَّ يَكُونُ حُطَامًا وَفِى الْاخِرَةِ عَذَابٌ شَديدٌ وَمَغْفِرَةٌ مِنَ اللّهِ وَرِضْوَانٌ وَمَاالْحَيوةُ الدُّنْيَا اِلَّا مَتَاعُ الْغُرُورِ

«Біліңдер! Шын мәнінде дүние тіршілігі бір ойын, сән және өзара мақтанысу, сондай-ақ малдарды, балаларды көбейту ғана. Бұның мысалы: Өсірген өсімдігі кәпірлерді таңырқатқан жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Ақыретте қатты азап әрі Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде дүние тіршілігі бір алданыштың ғана нәрсесі»[10].

Иә, қамшының қысқа сабындай өмір екенін іштей мойындасақ та, сырттай бұ дүниенің қызылы мен жасылына алаңдап, алданып қалудамыз. Құран аяты мұны да көкірегімізге құйып көрсетеді: 

كَلَّا بَلْ تُحِبُّونَ الْعَاجِلَةَ  وَتَذَرُونَ الْاخِرَةَ

«Жоқ, олай емес. Сендер тез кететін дүниені жақсы көресіңдер. Ақыретті тастап қоясыңдар»[11].

Енді бір аятта былай делінеді:

اَلَّذى خَلَقَ الْمَوْتَ وَالْحَيوةَ لِيَبْلُوَكُمْ اَيُّكُمْ اَحْسَنُ عَمَلًا وَهُوَ الْعَزيزُ الْغَفُورُ  

«Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан. Ол тым үстем, аса жарылқаушы»[12].

Аталған аятқа назар салсақ, қайшылық байқағандай боламыз. Өйткені, біздің табиғатымыз әуелі тіршілік етіп, сосын өлім сәтіне кезігеді. Алайда аятта әуелі өлім, сосын өмір аталады. Аталмыш аят бізге: «Өмірді түсініп, дұрыс тіршілік еткің келсе, алдымен өмірден кейін өлімнің бар екенін ескер, жадыңда ұста» деп тұрғандай.        

Жалпы мүмін-мұсылманның дүниеге көзқарасы қандай болады? Ол қалай болу керек? Оның жауабын Құраннан табамыз. Қасиетті Құран бізге бір ұшы дүние тіршілігіне, екінші ұшы ақырет амалына байланған өмір бейнесін көрсетіп береді. Аятта былай делінеді:

وِمِنْهُمْ مَنْ يَقُولُ رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ        

«Және олардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!», – дейді»[13].

Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:

لَيْسَ بِخَيْرِكُمْ مَنْ تَرَكَ دُنْيَاهُ لِآخِرَتِهِ، وَلاَ آخِرَتَهُ لِدُنْيَاهُ حَتَّى يُصِيبَ مِنْهُمَا جَمِيعًا، فَإِنَّ الدُّنْيَا بَلاَغٌ إِلَى الآخِرَةِ وَلاَ تَكُونُوا كَلاًّ عَلَى النَّاسِ

«Сендердің жақсыларың ақыреті үшін дүниесін, дүниесі үшін ақыретін тастап қоймай, екеуін де қатар алып жүргендер. Асылында дүние ақыретке жеткізуші себеп қана. Адамдарға салмақ болудан абай болыңдар!»[14].  

Хакім Абай атамыздың 15-қара сөзінің соңы мына сөздермен түйінделіп келеді:

«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?».

Абайша айтсақ, есті мұсылман өзінен есеп алып отыруы керек. Не ақыретке, не дүниеге жарамды болатындай амалың болмаса, өткен өміріңе не опа болмақ?! Сондықтан, ақырет өміріңнің дұрыс болғанын қаласаң, онда бұ дүниеде адал кәсіп, маңдай терді төгіп еңбек қылу керек. Дініміз ислам барша мұсылмандардың дүние және ақыретінде бақытты болуы үшін адал еңбек еткенін қалайды. Алла жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының игілігіне бұйыртқан. Құран Кәрімде:

  وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِّمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا

«Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық»,  деп айтылған[15].

Алла Тағала ақыл, күш-қуат бергеннен кейін адам баласының қол қусырып, «алма піс, аузыма түс» деп босқа қарап отыруына болмайды. Олай болса, адам баласына өмір сүру үшін де адал тіршілік керек. Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді:

« مَا أَكَلَ أَحَدٌ طَعَاماً قَطٌ خَيْراً مِن أَنَ يَأْكُلَ مِن عمَلِ يَدِهِ ، وَإِنَّ نَبيَّ اللَّه دَاوُدَ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم كان يَأْكلُ مِن عَمَلِ يَدِهِ » رواه البخاري .

«Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген»[16].

Қарасаңыз, жер бетіндегі әуелгі теміршілік кәсіп Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың еңбекқорлығымен пайда болып жеткен.

Қазақта «Әрекет еткенге берекет бар» деген әдемі сөз бар. Ардақты сахаба хазіреті Омар (р.ғ.):

«Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр» деп ризығын іздеместен отырмасын», – деген.

Бірде Алла Елшісінен ансарлық бір сахаба қайыр сұрайды. Хақ Елшісі әлгі ансардан үйінде қандай мүлкі бар екенін сұрайды. Ол бір ғана төсенішінің және су ішетін ыдысаяғының бар екенін айтады. Алла Елшісі ﷺ: «Осы мүлкіңді алып кел», – дейді. Ансар үйдегі сол бұйымын дереу алып келеді. Пайғамбар ﷺ ол бұйымдарды ашық сатылымға шығарады. Бір алымсақ бір дирхамға, келесі алымсақ екі дирхамға бағалайды. Алла Елшісі ﷺ төсеніш пен ыдысаяқты екі дирхамға сатып, пұлын иесіне беріп: «Бір дирхамға бала-шағаң үшін қорек ал, бір дирхамына ара (кей деректе балта)сатып алып, оны маған алып кел», – дейді. Жарлы сахаба Алла Елшісінің ﷺ бұйырғанындай бір дирхамды отбасына жұмсап, бір дирхамға ара сатып алып келеді. Хақ Елшісі ﷺ араға сап жасап беріп, онымен отын жинап, соны сатуды және он бес күннен соң қайта келуді бұйырады. Жарлы сахаба арасымен отын жинап, оны сата бастайды. Уәделі уақытта Алла Елшісіне ﷺ келіп, 10 дирхам кірісі бар екенін қуана жеткізеді. Осылайша Алла Елшісі  ﷺ әлгі тіленші адамға тіленшіліктен кәсіп жасаудың артықшылығын іспен дәлелдеп көрсеткен.

Мұсылман адам бай-қуатты болса, адалдан дүние жиса, өзінің отбасына, тіршілік еткен қоғамға, шынайы мұқтаж жандарға пайда тигізеді. Дүние тіршілігін түзеген иманды жан жомарттығымен, сақилығымен ақыретіне мол сауап амалдар жинайды. Бір хадисте былай делінген:

السَّخِيُّ قَرِيبٌ مِنْ اللَّهِ قَرِيبٌ مِنْ الْجَنَّةِ قَرِيبٌ مِنَ النَّاسِ بَعِيدٌ مِنَ النَّارِ وَالْبَخِيلُ بَعِيدٌ مِنْ اللَّهِ بَعِيدٌ مِنَ الْجَنَّةِ بَعِيدٌ مِنَ النَّاسِ قَرِيبٌ مِنَ النَّارِ

«Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, тозақ отынан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, тозақ отына жақын»[17].

Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі Әйтеке би бабамыз:

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң жауға найзаң тисін.
Бай болып еш пайдаң тимесе,
Батыр болып жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін», – деп жырлаған екен.

Сондықтан бұл дүниедегі әрбір нығметтің қадірін бағалап әрі ақыретте сұрауы жалғасатынын ұмытпаған жөн. Алла Тағала былай дейді:

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

Сол күні, (дүниеде берілген) әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар[18].

Қорыта келе айтарымыз мықты иман, бес уақыт намаз, адал ризық-несібе иесі болсақ, бұл дүниенің де, ақыреттің де бақытын тапқанымыз. Раббымыз бізге «бұл дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!» деп дұға жасауға үндейді.

Алла не нәсіп етсе де, қос дүниемізге қайырлысын нәсіп етсін! Әмин!

 

 

 

 

[1] «Зарият» сүресі, 56-аят.

[2] «Әнғам сүресі, 32-аят.

[3] Сахих Бұхари 8 том, 89 бет. 6416 хадис.

[4] «Ахқаф» сүресі, 20-аят

[5] «Саңлақ сахабалар» кітабынан.

[6] Әт-тәрғиб уат-тәрһиб, 1 том, 125-бет.

[7] «Қасас» сүресі, 77-аят.

[8] «Мүлік» сүресі, 15-аят.

[9] Байхақи, әс-Сунан-ул Кубра, 1344, III, 19.

[10] «Хадид» сүресі, 20-аят.

[11] «Қиямет» сүресі, 20,21-аяттар.

[12] «Мүлік» сүресі, 2-аят.

[13] «Бақара» сүресі, 201-аят.

[14] (Фатхул-Қадир)

[15] «Исра» сүресі, 70-аят.

[16] Сахих Бұхари «Китаб әл-буюуғ». 3 том, 57-бет. 2072 хадис.

[17] Имам Тиримизи «әбуәбу әл-бирри уә ас-силати». 3 том, 510 бет. 1961 хадис. 

[18] «Тәкәсур» сүресі, 8-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру