Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЖЫЛАР ҚАЖЫЛЫҚ ҚҰЛШЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ РӘСІМДЕРІН ТОЛЫҚ АТҚАРДЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 30.05.2026 190 0 пікір
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЖЫЛАР ҚАЖЫЛЫҚ ҚҰЛШЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ РӘСІМДЕРІН ТОЛЫҚ АТҚАРДЫ

Қасиетті Мекке қаласында қажылық сапарымен жүрген қазақстандық қажылар Ислам дінінің бес парызының бірі саналатын қажылық ғибадатының негізгі рәсімдерін толық орындады.

Қажылар қажылық амалдарын Тәруия күні ихрам халіне еніп, Мина жазығына бет алудан бастады. Одан кейін Арапа күні Арафат жазығында тұрып, Алла Тағаладан кешірім, мейірім және амандық тілеп дұға жасады. Арафаттағы құлшылықтан соң Мұздалифа аумағында түнеп, қажылық рәсімдерін ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай жалғастырды.

Құрбан айттың алғашқы күні қажылар Жамаратта тас ату рәсімін орындап, құрбандық шалып, қасиетті Қағбаны тауап етті. Айттың екінші және үшінші күндері Мина жазығында болып, жамараттарға тас ату рәсімдерін жалғастырды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Қазақстан Қажылық миссиясы қажылардың құлшылықтарын талапқа сай орындауына жан-жақты қолдау көрсетуде. Миссия мүшелері ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарымен қатар, діни-ағартушылық қызмет атқарып, қажылардың сауалдарына жауап беруде, пәтуалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ медициналық және ақпараттық көмек көрсетуде.

Қажылық маусымы барысында Қажылық миссиясы Сауд Арабиясы Корольдігінің уәкілетті органдарымен, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерімен және қажыларға қызмет көрсететін туроператорлармен тұрақты байланыста жұмыс істеп, отандастарымыздың қауіпсіздігі мен қажылық рәсімдерін сапалы атқаруына ерекше мән беруде.

Алла Тағала барлық қажылардың ғибадатын қабыл етіп, елге аман-есен оралуын нәсіп етсін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру