Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЖЫЛАР НЕГІЗГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ РӘСІМДЕРІН ОРЫНДАДЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 28.05.2026 50 0 пікір
ҚАЖЫЛАР НЕГІЗГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ РӘСІМДЕРІН ОРЫНДАДЫ

Қасиетті Мекке қаласында қажылық сапарымен жүрген қазақстандық қажылар Ислам дініндегі бес парыздың бірі саналатын ұлы ғибадат – қажылықтың негізгі рәсімдерін орындады

Қажылар құлшылықтарын ихрамға оранып, Мина жазығына жиналудан бастады. Бұдан кейін Арафат жазығында күн бойы дұға жасап, Жаратқаннан кешірім мен жарылқау тіледі. Арапа күнінің кешінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай Мұздалифа жазығына жиналып, түнеді. Құрбан айттың алғашқы күнінде Жамаратта тас атып, құрбандық шалып, қасиетті Қағбаны тауап етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Қазақстан Қажылық миссиясы қажыларға ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарымен қатар, рухани-ағарту бағытында да тұрақты қызмет көрсетуде. Атап айтқанда, уағыз-насихат жүргізу, діни сұрақтарға жауап беру, пәтуа айту, медициналық көмек көрсету және ақпараттық қолдау бағыттарында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, Миссия жанынан құрылған алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуде. Дәрігерлер қажылардың денсаулығын тұрақты бақылауда ұстап, қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсетіп келеді.

Қазақстан Қажылық миссиясы алдағы күндері де отандастарымыздың қасиетті сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру