Бүгін қасиетті Мекке қаласында Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңлібеков және Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов биылғы қажылық маусымында қазақстандық қажыларға рухани қызмет көрсететін уағызшылармен арнайы кездесу өткізді.
Кездесу барысында қажыларға діни рәсімдерді дұрыс түсіндіру, қажылық құлшылығының тәртібі мен талаптарын жан-жақты насихаттау, рухани-ағартушылық жұмыстарды үйлестіру, сондай-ақ қажылар арасында бірлік, сабыр, өзара құрмет пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар кездесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасын қажылар арасында кеңінен насихаттау және оны қажылық кезеңіндегі негізгі рухани-тәлімдік құжат ретінде басшылыққа алу мәселесі көтерілді. Құжатта көрсетілген ихсан, көркем мінез, сабыр, жауапкершілік, отансүйгіштік, заңға құрмет және қажылық әдебін сақтау қағидаларын әрбір қажының бойына сіңірудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесуде Елші Мадияр Меңлібеков мемлекет тарапынан шетелдегі Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуына ерекше көңіл бөлінетінін айтып, қажылық кезінде азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан биылғы қажылық маусымында қазақстандық қажыларға рухани бағыт-бағдар беру мақсатында 14 қажылық компаниясына арнайы 14 білікті уағызшы бекітілген. Олар қажылық сапары барысында отандастарымызға діни мәселелер бойынша кеңес беріп, құлшылық рәсімдерін орындауда қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.




ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
24.05.2026
36
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру