Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІРҚАТАР ЕЛДЕРДЕ ЖҰМА НАМАЗЫ ОҚЫЛМАЙДЫ

Әбу Назар https://www.muftyat.kz/ 18.03.2020 9988 0 пікір
БІРҚАТАР ЕЛДЕРДЕ ЖҰМА НАМАЗЫ ОҚЫЛМАЙДЫ

Әлемде коронавирус індетінің өршуіне байланысты бірқатар елдердегі мешіттерде жұма және басқа да намаздарды оқу уақытша тоқтатылды. Жағдайға байланысты Араб елдері, Орта Азия мемлекеттері, басқа да мұсылман мемлекеттері арнайы пәтуа шығарды.

Қазақстан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі елімізде жарияланған төтенше жағдайды және індеттің таралу қаупі жоғары екенін ескере келе жұма намазын уақытша оқымау туралы пәтуа шығарды. Пәтуаға сәйкес жұма намаздың орнына әркім өз үйінде бесін намазын өтеуі керектігі, мешіттер жабылмайтыны, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайтыны хабарланды. Осы жағдайға байланысты ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы үндеу жариялады.

Сауд Арабиясы

Сауд Арабиясы коронавирус індетінің өршуіне байланысты елдегі көптеген мешіттерде жұма және басқа да намаздарды оқуды уақытша тоқтатты. Бұл жайлы корольдікітің «әл-Арабия» арнасы тұрғындарға кеше хабарлады. Арнаға сұхбат берген Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Мұхаммед әл-Исса пандемия асқан сақтықты қажет ететінін, сондықтан жамағаттың жиналуына жол беруге болмайтынын қаперге салды.

Кувейт

Кувейт мешіттерінде де жұма намазы оқылмайды. Бұл жайлы елдің «Khaleej Times» агенттігі хабарлады. Әлемде коронавирус індетінің өршуіне байланысты Кувейт те басқа араб елдері секілді осындай шешімге келді. Бұл елде мешіттерде жамағатпен намаз оқуға және жұма намазын өтеуге уақытша тыйым салынып отыр. Елдегі жағдайға байланысты Кувейттің Уақып және дін істері министрлігі халыққа арнайы үндеу хариялады. Үндеуде «әркім намазын үйінде оқысын» делінген.

Түркия

Түркия билігі де коронавирус індетінен сақтану мақсатында мешіттерде намаз оқуға тыйым салды. Бұл туралы Cumhuriyet газеті хабарлады. Түркия Дін істері басқармасы төрағасы, профессор Али Ербаш журналистерге берген сұхбатында: «Дінімізде адам өмірі аса маңызды. Бұған Пайғамбарымыз қатты мән берген. Жаппай адам жиналған жерде коронавирус індеті үдей түсетінін байқап отырмыз. Бұл адамдар үшін өте қауіпті. Сол себепті мешіттерде жамағатпен парыз намаз оқуға, сондай-ақ жұма намазын оқуға уақытша рұқсат берілмейді» деп түсіндірді.

Тәжікстан

Коронавирус індетінен сақтау мақсатында Тәжікстан мешіттерде де жұма намазы оқылмайды. Тәжікстан Ислам орталығының Ғұламалар кеңесі мешіттерде бес уақыт және жұма намаздарын оқуға уақытша тоқтау салды. Ислам орталығының Ғұламалар кеңесінің мүшесі Джамолиддин Хомуши елдегі «Радио Озоди» агенттігіне берген сұхбатында: «Мешіттерде аз ғана адаммен жаназа намазын оқуға ғана рұқсат берілген. Мұсылман басқа мұсылманға зиян тигізбеуі қажет. Сондықтан жамағаттан топтасып, жиылмауын сұраймыз. Дене қызуы көтерілген жағдайда дереу дәрігерге көрінуін кеңес етеміз» деді Джамолиддин Хомуши.

Өзбекстан

Кеше EADaily ақпарат агенттігі Өзбекстанда да жұма намаздың уақытша оқылмайтынын хабарлады. Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усмонхон Алимовтің хабарлауынша, Өзбекстан мүфтияты коронавирустен сақтану мақсатында осындай шешімге келген.

Бас мүфти мешіттерде жұма намазы оқылмайтынын, оның орнына үйде бесін намазын оқу қажеттігін ескертті. «Аталған аурудың бетін қайтару үшін мұсылмандар барынша жәрдем беруі керек. Алла Тағаладан осы бақытсыздықтан сақтауын, ауырған адамдарға шипа беруін дұға қылуымыз қажет. Алла қаласа, жағдай оңалғаннан кейін жұма намазын қайтадан мешіттерімізде оқимыз» деді Усмонхон Алимов.

Қырғызстан

Бүгін Қырғызстан да коронавирустың алдын алу мақсатында мешіттерде жұма намазын оқуға тыйым салды. Бұл жайлы «Радио Азаттык» агенттігі хабарлады. Жағдайға байланысты Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Мақсат қажы Тоқтамысов арнайы үндеу жолдады. Бас мүфти үндеуінде коронавирус індетінен сақтану мақсатында мұсылман елдері жариялаған пәтуаларды негізге алғанын атап өтті. Қырғызтан мүфтиі де жамағатқа намазын үйлерінде оқуға кеңес берді. Сондай-ақ жұртшылықты көбірек дұға қылуға шақырды.

Тізе берсек мешітте уақытша намаз оқымауға шақырып жатқан елдер тізімі ұлғая беретін түрі бар. Иран, Мысыр, Йордания, Палестина, Марокко, Малайзия, Ресей... бұл елдердің бәрінде жұма намазы әзірше оқылмайды. Әлемде коронавирус індетінің өршуі мешіттерге, жалпы мұсылман қауымына үлкен соққы болып тиді. Қасиетті мешіттерде жамағаттың жиналмай, бос қалғаны қандай ауыр көрініс! Алайда мұның бәрі бір сәттік қиындық қана. Алла Тағала Құранда айтқандай, «Әр қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік келеді» («Шарх» сүресі, 5-аят). Сол күнге аман-есен жетуді Жаппар Иеміз нәсіп етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру