Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕЛОРДАДА АДАЛ ҚОҒАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНА АРНАЛҒАН ФОРУМ ӨТУДЕ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 20.11.2026 315 0 пікір
ЕЛОРДАДА АДАЛ ҚОҒАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНА АРНАЛҒАН ФОРУМ ӨТУДЕ

Бүгін Елордадағы «Нұр-Сұлтан» мешітінде «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Адал қоғам: білім, рухани тәрбие және жауапкершілік» атты дін қызметкерлеріне арналған республикалық форумы өтуде. 

Шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әлиұлы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ҚМДБ Ақсақалдар, Сарапшылар, Жастар кеңесінің мүшелері, Мүфтият қызметкерлері, облыс Бас имамдары мен медресе-колледж, құран жаттау орталықтарының директорлары қатысуда.

Сондай-ақ, қашықтықтан 19 өкілдіктен имамдар, әйел-қыздар секторының облыстардағы жауапты жетекшілері, 9 медресе-колледж ұстаздары мен шәкірттері жалпы 660 адам қосылды.

Форум пленарлық отырыстан басталып, алдымен вице-министр Рустам Әлиұлы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Оразбайұлының сәлемін жеткізіп, құттықтауын оқыды.

Осыдан соң, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Адал қоғам» тақырыбы аясында мазмұнды баяндама жасады.

«Қоғамның жан жақты дамуы мен рухани тұрғыдан кемелденуі адалдық қағидасымен тығыз байланысты. Адалдық – Ислам дініндегі ең маңызды адамгершілік құндылықтардың бірі және пенденің рухани кемелденуіне, қоғамның тұрақты дамуына жол ашатын ұлы қасиет. Сондықтан адал қоғам қалыптастыру ең алдымен рухани құндылықтарға негізделуі тиіс.

Адалдық – адамның ар алдындағы ең үлкен жауапкершілігі. Бұл қасиет әуелі ниеттен басталады. Сондықтан адалдық жоғалған жерде сенім жоғалады, сенім жоғалған жерде қоғамның тұтастығы әлсірейді. Қазіргі заманда бүкіл адамзат алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – әділетсіздікпен күресіп, адал қоғам құру.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жыл атауын діни қызмет аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады. Осы бастама аясында еліміз бойынша бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асып келеді. Бүгінгі басқосу осы бағыттағы игі жұмыстардың жалғасы», - деді ҚМДБ Төрағасы.

Айта кетейік, бүгінгі форум аясында 1 әдістемелік нұсқаулық таныстырылып, 3 бірдей құжат қабылданып, бірнеше кітаптың таныстырылымы өтеді деп жоспарланған.















Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру