Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

"МӘСӘД" СҮРЕСІ

24.11.2016 19135 0 пікір

Мәсәд сүресі Меккеде түскен. Сүренің атауы Мәсәд сүресіндегі мәсәд сөзімен байланысты. Сондай-ақ, бұл сүре Тәббәт сүресі деп те аталады. Сүре бес аяттан тұрады. Қазақша мағынасы: 1. Әбу Ләһәбтің екі қолы құрысын! Құрыды да. 2. Мал-дүниесі мен кәсіп қып тапқандары оған пайда бермеді. 3. Келешекте лаулап жанған отқа түседі. 4. Оның әйелі отқа отын арқалап кіреді. 5. Мойнына оттан өрілген арқан тағылады. 

Сүренің түсу себебі туралы әйгілі хадис жинақтары – Сахихул-Бухари мен Сахихул-Муслимде келтірілген хадисте Мәсәд сүресінің түсу себебі былай деп баяндалады: Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Жақын туыстарыңа ескерт!» (Шұғара, 214) деген аят түскенде Алланың елшісі (ﷺ) Сафа төбесіне шығып, «Аттан!» деп айқайлайды. 
– Бұл кім екен айқайлап жатқан? – деп маңайына адамдар жинала бастайды. Алланың елшісі (ﷺ): 
– Уа, Абдуманафтың ұрпақтары!, Уа, Абдулмутталибтің ұрпақтары! – деп Құрайш руларына үн қатады. Адамдар жиналған соң: 
– Мына төбенің артында жау әскері шапқалы тұр десем, маған сенер ме едіңдер? – дейді. Олар: 
– Біз осы күнге дейін сенің бір жалған айтқаныңды көрмедік, – деп жауап береді. Алланың елшісі (ﷺ): 
– Олай болса, мен сендерге алда ауыр азаптың күтіп тұрғанын ескертпекпін, – деді. Сол кезде Әбу Ләһәб: 
– Құрып кеткір-ау! Бізді осыған бола жидың ба? – деп тұрып кетіп қалады. 
Сол уақыт «Әбу Ләһәбтің екі қолы құрысын! Құрыды да»,– деп басталатын Мәсәд сүресі түседі. 
Қуртубидің тәпсірінде келген риуаятта сахаба Тариқ әл-Мухариби былай дейді: «Зул Мәзәж базарында жүргенімде: 
– Уа, адамдар! «Алладан басқа құлшылық ететін Құдай жоқ» деп айтыңдар, құтыласыңдар, – деп жүрген бір жас адамды көрдім. Қарасам, артынан бір адам оған тас лақтырып, аяғын қан-жоса етіпті және ол: 
– Ей, халайық! Бұл адам өтірікші. Оған сенбеңдер, – деп жүр. Сосын адамдардан: 
– Мынау кім? – деп сұрадым. 
– Бұл өзін пайғамбармын деп жүрген Мұхаммед, – деді. 
– Ал анау кім? – дедім. 
– Ол – оның көкесі Әбу Ләһәб. Оны жалғаншы деп жүр, – деді. 
1. Әбу Ләһәбтің екі қолы құрысын! Құрыды да. Әбу Ләһәб – хазіреті пайғамбардың (ﷺ) немере ағасы. Шын аты – Абдулъузза ибн Абдулмутталиб. Ол Алланың елшісіне (ﷺ) және оның әкелген діні –Исламға шектен тыс дұшпан болды. 
Сол себептен де хазіреті пайғамбарға (ﷺ) көп зиянын тигізді. Ол пайғамбарымыздың (ﷺ) Алла жолында Ислам дінін қызмет етуіне кедергі болды. Бұл жайында Алла тағала «Әбу Ләһәб құрыды. Ол бұ дүниеде де, ақыретте де оңбайды» деген хабар жіберді. 
Ибн Кәсирдің Мухтасарында келтірілген бір хадисте былай делінген: «Хазіреті пайғамбар (ﷺ) өз қауымын Аллаға иман келтіруге шақырған кезде Әбу Ләһәб: «Егер бауырымның ұлының айтқаны рас болса, ол кезде мен өзімді балаларым мен малым арқылы құтқарып қаламын», – дейді. Кейін Алла тағала Әбу Ләһәбтің халі туралы былай деп баяндайды: 
2. Мал-дүниесі мен кәсіп етіп тапқандары оған пайда бермеді. Оның жиған малы, кәсіп етіп тапқан табысы, атақ-даңқы мен бала-шағасы оны күтіп тұрған қатерден, ақіреттегі азаптан құтқармайды. Бұл оның Алланың елшісіне деген дұшпандығы және адамдардың иман келтірулеріне тосқауыл болғандығы үшін. Алланың елшісі (ﷺ) қай жерге барып адамдарға насихат айта бастаса, Әбу Ләһәб та сол жерге барып, көптің көзінше оның (ﷺ) айтқандарын жалған деп шығаратын. 
Кейін Алла тағала оның келешекте тартатын азабы жайлы былай деп баяндады: 
3. Ол лаулап жанған отқа түседі. Ол келешекте лаулап жанып тұрған тозақтың ыстық отына тасталады. 
4. Ал оның әйелі отқа отын арқалап кіреді. Әбу Ләһәбтің әйелі – Умму Жәмил. Шын есімі – Аура. Ол әйгілі Әбу Суфиянның қарындасы болып келеді. Әбу Ләһәбтің әйелі Алланың елшісіне (ﷺ) деген дұшпандықта күйеуінен кем түспейтін еді. Ол түнде тікені бар бұтақтарды арқалап, оларды Алланың елшісі (ﷺ) жүретін жолға төсеп тастаушы еді. Сондай-ақ, ол адамдардың арасында сөз тасып, іріткі салатын. Бір-бірімен өштестіріп, жанжалдастыратын. Міне, дүниеде істеген осындай күнәларының жазасы ретінде ақіретте тозақта отын арқалайтын болады. 
5. Мойнына оттан өрілген арқан тағылады. Саъид ибн әл-Мусайябтың айтуы бойынша Умму Жәмилдің асыл тастан жасалған қымбат алқасы болған. Ол оны хазіреті пайғамбарға (ﷺ) қарсы дұшпандық жолында жұмсайтындығын айтып, табынатын құдайлары – Лат пен Ъуззаға серт береді. Алла тағала осы әрекетінің жазасы ретінде тозақта оның мойнына оттан өрілген алқа тағады. Себебі, адам баласы дүниеде істеген күнәларына қарай, яғни соған ұқсас жазалармен азапталады. 
Умму Жәмил Мәсәд сүресінің түскенін естіген кезде Алланың елшісін (ﷺ) Харам мешітіне іздеп келеді. Хазіреті Пайғамбар (ﷺ) Әбу Бәкірмен бірге Қағбаның жанында отырған еді. Қолына тас ұстаған Умму Жәмил Алланың елшісінің қасына жақындағанда Алланың қалауымен хазіреті пайғамбарды көзі көрмей қалады. Тек Әбу Бәкірді ғана көріп тұрған ол: 
– Досыңның мен туралы жаман сөз айтқанын естідім. Оны көрген жерімде аузынан мына таспен ұратын боламын, - деп кетіп қалады. 
Кейін Әбу Бәкір таңданыспен Алланың елшісіне (ﷺ) қарап: 
– Байқадыңыз ба? Ол сізді көрмеді ғой, – деді. Хазіреті Пайғамбар (ﷺ): 
– Иә, ол мені көрген жоқ. Себебі, Алла тағала оның көзін перделеп қойды, – деп жауап берді. 



Ерғали Алпысбаев, 
Мармара университетінің PhD докторанты


Пайдаланылған әдебиеттер: 

Әз-Зухайли У., әт-Тафсирул-Мунир, 29,30-томдары. 
Ас-Сабуни А., Сафуатут-Тафасир, 3-томы. 
Челик Ө., Кураны Керим Меали ве Тефсири, 5-томы. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру