Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАҚ: Ақтөбедегі лаңкестерді Ғұламалар кеңесі қатаң айыптады (видео)

14.06.2016 3957 0 пікір
 Ақтөбеде ойран салған лаңкестердің ылаңын Діни басқарма жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшелері де қатаң айыптады.

Арнайы бас қосқан олар: "Қандықол қылмыскерлердің әрекетін ешқандай дін, соның ішінде адалдық пен мейірімділікті ту еткен Ислам діні құптамайтынын қадап айтты. Дін атын жамылғандардың қимылы - қатаң шараларды қабылдайтын уақыт келгенін көрсетті", - дейді. Айтуларынша, жат ағымның жетегінде кеткендермен күресу үшін, ең алдымен, "Дін туралы" заңды күшейту керек деген ұсыныс айтылды. Ұлан тәліпбай тарқатсын.  



Ғұламалар кеңесінің жиынына қатысқандар Ақтөбедегі терактіні бірауыздан айыптады.  

"Дәл қасиетті Рамазан айының қарсаңында жазықсыз жандардың қанын төккендердің әрекеті ешқандай ақтауға жатпайды. Бұл мұсылманға жат қылық. Ислам бейбітшіліке шақыратын ең таза дін. Ал діннің атын жамылып, арам пиғылдарын іске асырғандар нағыз қылмыскерлер", - дейді Бас мүфти.

ЕРЖАН ҚАЖЫ МАЛҒАЖЫҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАНТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ:

"Кешегі діннің атын жамылып Ақтөбеде жазықсыз адамдардың жанын қиған қылмыскерлер діннен емес. Олар Ислам дінінен емес. Біз солардың әрекеттерін айыптаймыз".

Ұлтымыздың Ислам дінін ұстанғанына 14 ғасырдан астам уақыт болды. Дінтанушылардың айтуынша, содан бері түркі халықтары тек Ханафи масхабын ұстанып келеді. Дін тарихын зерттеген ғалымдар сонау Шыңғысхан дәуірінен бастап, қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде діни тұрғыдан алауыздық болмағанын айтады. Ал Ақтөбедегі жағдайды дінге еш қатысы жоқ, ұлт ішіне іріткі салғысы келетін белгілі бір топтың әрекеті дейді.

НҰРЛАН ТҰРАЛИЕВ, ТЕОЛОГ , ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
"Мынау жат ағымдар экстремистік  идеологияны саясат қылып алған. Дінді соған желеу қылып дінді пайдаланып отырған бұл саяси топтардың өз мүдделерін  амалға асыру жолындағы алып бара жатқан зұлымдық іс-әрекеттері ғана. Дінге ешқандай қатысы жоқ".

Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған елең-алаң шақта елімізге мысық тілеулі миссионерлердің көптеп келгені белгілі. Етек-жеңімізді енді жиып жатқан кезде қадағалаудың әлсіздігін пайдаланып, теріс пиғылдағылар қазақ топырағына дәнін сеуіп үлгерді. Ақтөбеде болып жатқан жағдайлар себілген ұрықтың бүр жара бастағанын білдіреді дейді мамандар. Ал, 2011 жылғы жарылыстардан кейін "Дін туралы" жаңа заң қабылданып, талап күйшейгендей болған. Ол кезде теріс ағымдармен күрестің ағартушылық жолы таңдалыпты. Алайда сананы улайтындардың әрекетіне әлі күнге дейін заңмен қатаң тыйым салынбаған.

МҰХАН ИСАХАН, ДІНТАНУШЫ:
"Кешегі жағдайға бүлік болып жатқан сәләфилік ағымға тыйым сала алмай отырмыз. Қазақстанда қазір соттың шешімімен 21 діни ағымға тыйым салғанбыз. Бірақ соның ішінде Қазақстанда ең қарасы көп діни ағым сәләфизмге тыйым салынған соттың шешімі жоқ. Бұл біздің мемлекетіміздің  саясатының дін мәселесіне реттеудегі ұстанымының әлсіздігін көрсетеді".

Дамыған елдерде жат ағымдармен күресте ағартушылықпен қатар, заңмен де қатаң тыйым салу жолы қолданылады екен. Сондықтан мамандар "Дін туралы" заңды күшейтетін кез келді дейді. Арнайы үндеу жариялаған Ғұламалар кеңесінің мүшелері барша мұсылмандарды бұл зұлымдықпен бірлесіп күресуге шақыруда. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру