Бұл мешіт үйінің тарихы тереңде жатыр. Осыдан бір ғасыр бұрын кешегі патша заманында осы өңірде асыл дінімізді насихаттау үшін салынған еді. Содан бері мұсылман жамағатқа қызмет етіп келеді. Кеңестік дәуірдің «дін –апиын» деген заманында мешіт ғимараты көрме залына да айналдырылған еді.
Тоқсаныншы жылдардың басында бұл ғимараттың мешітке қайтарылуына қазақ елінде қазият төрағасы қызметін атқарып, кейін Көкшетау қаласының бас имамы болған Жақия қажы Бейсембайұлының сіңірген еңбегі зор.
Бүгін тарихи әділдік салтанат құрып, бір ғасырлық тарихы бар мешітке Жақия қажының есімі берілді. Бұл шара ҚМДБ-ының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырминнің Құран оқуымен бастау алды.
Алғашқы сөз еліміздің мұсылмандары діни басқармасының Наиб мүфтиі, Астана қаласындағы «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Оразға берілді. Ол өзінің құттықтау сөзінде қасиетті дініміздің асыл құндылықтары жайлы тағылымды әңгіме қозғады. Қазақтың ата діні осындай абзал тұлғалардың арқасында сақталып қалды. Жақия қажы кезінде еліміздің қазиятын басқарып тұрғанда Мәскеуге хат жазып, қазақ ата-аналары өз балаларын дінге баулуға рұқсат алған екен. Бұл тағылымның астарында өз отбасын ғана емес, елін ислам дінімен қауыштыру, оның асыл арналарымен сабақтастыру жатқан еді.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның бір хадисінде: «Дін адамдары, ғалымдар пайғамбарлардың мирас балалары еді» делінеді. Шынында, Науан хазірет сияқты ұлық тұлғалар дүниеге келген қасиетті Көкше өңіріндегі асыл дініміздің алтын арқау ошағы болған бір ғасырлық тарихы бар мешітке Жақия қажының есімі берілуі айтулы оқиға, –деп атап көрсетті Наиб мүфти.
Сонымен бірге, бұл шара биылғы «Дін және тарих тағылымы» жылына орайласып өтіп отыр. Осындай дін үшін еңбек еткен тарихи тұлғаларды дәріптеу дініміздің абыройын асқақтататыны сөзсіз.
Мешітке жиналған қауым алдында Ақмола облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов, Жақия қажының немере інісі профессор Жолмырза Керейбайұлы, Жақия қажының жұбайы Айтжамал Нұрғалиқызы және тағы басқалары өздерінің жүрек жарды тілек сөздерін айтты.
Осылай мешіттің қабырғасына Жақия қажының есімі жазылған тақтайша салтанатты жағдайда ашылды. Бұл құрметке Наиб мүфти Серікбай қажы Ораз бен облыс имамы Қанат Қыдырмин ие болды.
Бақыт Смағұл,
Ақмола облысы
(1932 – 1997)
Жақия қажы Бейсембайұлы 1932 жылы Ресейдің Омбы облысына қарасты Любин ауданының Қазақ ауылында дүниеге келді. Әкесі Бейсембай қажы Алаштың ұлт қайраткерлерінің бірі – Смағұл Сәдуақасұлы өсіп, өнген қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының Жарқын ауылының тумасы. Кешегі ел басына күн туған отызыншы жылдары қуғын көріп, Ресейге көшуге мәжбүр болады.
Жақия қажы жастайынан жетімдіктің зарын тартады. Екі жаста – анасынан, бес жаста – әкесінен айрылады. Кейін әкесінің досы болған, кезінде Қазақстан мұсылмандары қазиятын басқарған Сәдуақас Ғылманидің қамқорлығы арқасында діни сауатын ашады. Осы бір дін жанашырының қолдауымен 1968 жылы Бұхарадағы Мир – Араб медресесінде тоғыз жыл білім алды.
Медресені бітіргесін Алматы қалалық мешітінде азаншы болып өзінің діни қызметін бастады. Ал, 1969 жылы Алматы орталық мешітінің имамы болып тағайындалды. 1970 жылы қажылық парызын өтеп келгесін, Орта Азия діни басқармасының жолдауымен Сирия мемлекетінің Дамаск ислам университетінде білім алды. Аталған оқу орнын тәмәмдағасын Қазақстан мұсылмандары қазиятының қазиы болып бекітілді.
Осы жылдары ол шетелдерде болып, әлемнің ислам орталықтарында кездесулер өткізді. Қазақстанның дін басшысы ретінде шетел басшыларын қабылдау рәсімдеріне қатысты. 1974 жылы Индонезия мемлекетінің премьер-министрін қарсы алып, екі ел арасындағы діни жағдайды талқылады. Ал, 1977 жылы кеңес үкіметі тұсында Мәскеуге хат жолдап, қазақтар өз балаларына діни білім үйретуге болады деген құқыққа рұқсат алды.
1979 жылы қазилық қызметін тапсырып, халықтың сұрауымен Көкшетау қалалық мешітіне бас имам болып тағайындалды. 1980 жылы екінші рет қажылық парызын орындады. 1985-1990 жылдар аралығында Алматыда ислам мемлекеттерінен келетін меймандарды қарсы алу кезінде аудармашы қызметін атқарды. Ал, 1990 жылы Көкшетау қалалық мешітінің бас имамдығына қайтып оралды. Оның бастамасымен қазіргі ескі мешіт ислам діні мақсатына қайтарылды. Өмірінің соңына дейін осы мешітте имамдық қызмет атқарды.
Жақия қажының бар саналы ғұмыры асыл дінімізді қиын-қыстау кездерде өркендетуге арналды. Ол Көкшенің ғана емес, қазақ еліндегі исламның тұғырын биіктетуге өлшеусіз үлес қосты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.04.2016
4232
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру