Зираттың тазалығы – ұлт мәдениеті мен тәрбиесінің айқын көрінісі.
Қазақ халқы ежелден ата-баба рухын қастерлеп, қабірлерді таза ұстауды адамдық әрі рухани парыз санаған. Бүгінде қоғамда зираттардағы бәсекелестік белең алып, зәулім кесенелер тұрғызу үрдісі жиілеп келеді. Алайда мұндай орынсыз даңғойлық марқұмға емес, тірілерге ауыртпалық түсіретіні жасырын емес. Кей өңірлерде шамадан тыс үлкен кесенелер салу мен жерді тиімсіз пайдалану салдарынан зират аумақтары белгіленген мерзімінен бұрын толып, жаңа жер тапшылығы туындауда.
Қазақ ешқашан өлімді бәсекеге айналдырмаған. Ата-бабамыз «Барымен базар», «Көрге мал бармайды», «Дүние – қолдың кірі» деп, адамды қанағатшылдық пен қарапайымдылыққа тәрбиелеген. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы қара сөздерінде орынсыз мақтан мен ысырапшылдықты сынап, адамды ұстамдылыққа үндеген.
Шариғатта да, ұлттық дәстүрімізде де ысырапқа жол бермеу – басты құндылықтардың бірі. Осы бағытта ысыраптың алдын алу және зираттарда ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Qamqor-Sharapat орталығы құрылған.
Аталған орталық халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салттық қызметтің заманауи үлгісін ұсынып келеді. Сондай-ақ «Өткенге құрмет – елге міндет» экологиялық акциясы аясында республика көлемінде зираттарды тазалау және күтіп-ұстау шараларын тұрақты түрде ұйымдастыруда. Бұл – жай ғана сенбілік емес, ата-баба рухына деген құрметтің нақты көрінісі.
Акцияға еліміздің барлық облыс, қала, аудан және ауылдарындағы дін қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер белсенді қатысуда. Нәтижесінде жыл сайын марқұмдардың рухына Құран бағышталып, мыңдаған гектар зират аумақтары қоқыстан тазартылып келеді.
Қабірстанның тазалығы мен тәртібі – қоғам мәдениетінің айнасы. Өткенін қадірлеген елдің руханияты қашанда биік болмақ.














ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Qamqor-Sharapat орталығы
26.05.2026
95
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру