ҚМДБ-ның төрағасы, Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмаларының орындалу барысымен танысу мақсатында Өскемен аймағының өкіл имамы Күршім ауданында жұмыс сапарымен болды.
Өкіл имамды мешітте Күршім ауданының бас имамы Тілейбек Соянұлы қарсы алып, аудан мешітінің жағдайымен таныстырып, атқарылып жатқан шараларды баяндады. Төрт бағыт бойынша алда жоспарлаған мақсаттары туралы айтты. Аудандағы барлық ауыл имамдарымен пікірлесті.
Бұдан соң аудандық мәдениет үйінде өкіл имам аудан жұртшылығымен, ауыл әкімдері мен ауыл имамдары, дін тану пәнінің мұғалімдерімен кездесті. Жиынға қатысқандарға өкіл имам Ермек Тасболатұлы Исламның құндылықтарының маңыздылығынан салауатты насихат айтты. Сонымен қатар Діни басқарманың айқындап берген төрт бағыты бойынша өңірде жүзеге асып жатқан игі шаруалар туралы да баяндап өтті. Алқалы жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытхан Фазылұлы аудандағы діни ахуалды саралап, атқарылып жатқан шараларға жақсы баға берді. Аудандық ақсақалдар кеңсінің төрағасы Қайыров Нұрсәбет қария аудан көлемінде жастардың имандылық бағытына бет бұрып, ізгі амалдар жасап жүргендеріне көңілі толатындығын айтты. Кездесу барысында имамдар жетіспей тұрған ауыл мешіттерінің де жайы сөз болды. Өкіл имам: «Бұл шараға аса мән берудеміз, өңірдегі діни мамандар тапшылығын шешуде тың шаралар қолға алынады. Жас мамандардың әлеуметтік мәселесіне халықтың да қолдауының қажет» дей келе, алдыңғы кезекте имамсыз тұрған ауыл мешіттерін иелі болдыру назарда болатындығын айтты. Сондай-ақ діни мамандар жетіспейтін ауыл әкімдерімен жеке-жеке кездесті.
Сапар барысында өкіл имам Күршім ауданының әкімінің орынбасары Халелов Мамырбекпен жүздесіп, аудандағы діни ахуал туралы әңгімелесті.
Күршім ауданы орталығына «Өскемен құрылыс» ЖШС директоры, облыстық маслихат депутаты, кәсіпкер Сқақов Ержан еңселі мешіт салуда. Жиыннан соң өкіл имам салынып жатқан мешіт құрылысымен танысып, уақытында бітуіне сәттілік тіледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз, осынау зәулім мешіт ғимаратын салып жатқан Сқақов Ержан ауданда мешіттен ұйымдастыратын қайырымдылық шараларына айырықша белсенділік көрсетіп, тұрмысы төмен отбасыларына жан-жақты жәрдем жасап келеді.
Ермек Тасболатұлы Күршім аудандық мешітінде кері ағымдардың жетегінде жүрген азаматпен кездесіп, дәстүрлі ислам құндылықтарынан түсіндірді.
Өкіл имам аудан және ауыл имамдарына ҚМДБ-ның тапсырмаларын орындау, белгіленген бағыттар бойынша үнемі іс-шаралар өткізіп тұруды тапсырды.
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.01.2016
3514
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру