С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде дін қызметкерлерінің студент жастармен кездесуі өтті. Келелі кездесуге «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Асхат Сәлімов пен ұстаз Марат Бектазинов, Астана қалалық әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері Еркеш Қожбанхан, Әйгерім Темірбаева, сондай-ақ университет оқытушысы Ерғали Зайытхан қатысты.
«Ата-анаға құрмет» және «Уақыттың қадірі»жайында әсерлі әңгіме, көркем насихат өрілген басқосуда наиб имам Асхат Сәлімов ата-ана алдындағы міндеттер жайлы жастарға кеңінен баяндады.
«Саналы ұрпақ қашан да ата-анасының ақ үмітін ақтап, өз борышын өтеуі міндетті. Иісі мұсылман баласы қасиетті Құран аяттарында айтылғандай, ата-анаға мойынсұнып, жақсылық қылулары керек. Кейбіріміз білместікпен оларға қарап реніш сезімін білдіріп, бас изеуден де қашып жатамыз. Бұл жайында Алла Тағала: «Сендерге Алла тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып (қалжырап) қалса «үһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар» («Исра» сүресі, 23-24 аяттар) дейді. Осы аяттың жалғасында оларға сондай үлкен мейіріммен қарауымыз керектігі айтылады. Біле білсек, сәби кезде түн ұйқысын төрт бөлген де, жылы-жұмсағын беріп, мәпелеп өсірген де – аяулы ана, ардақты әке. Халқымызда «ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген қанатты сөз қалған. Ата-ананы қадірін олар барында, осы өмірде бағалай білейік, қолымыздан келген бар жақсылығымызды жасайық» деді Асхат Сәлімов. Көңіл толқытқан имам сөзінен соң студенттер көкейлерін мазалаған сауалдарын қойып, дін қызметкерінің жауаптарын естіп, көңілдерін бірледі.
Мұнан соң мешіт ұстазы Марат Бектазинов те ата-анаға құрмет көрсету жайлы өз ойын жалғастырып, Алланың разылығына жетем деген мұсылман баласы ең алдымен ата-анасының көңілін кірлетпеуге назар аударуы қажеттігін айтты. «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы, ата-ананың ашуы – Алланың ашуы» деген пайғамбар (с.а.с.) өсиетімен өрілген Марат ұстаздың әңгімесі онан әрі «Уақыт нығметі» тақырыбына ұласты. «Ілгеріде өткен ізгі бабаларымыз «Уақыт – қамшының сабындай қысқа» деп білген. Құран кәрімнің «Ибраһим» сүресінің 34-аятында: «Егер Аллаһ Тағаланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар» делінеді. Яғни, бізге берілген денсаулық, жұтқан ауа, ішкен суымыз, т.б. баршасы бізге берілген көзге көрінбейтін нығметтер. Ойға салсақ, баға жетпес байлық – осы. Сол себептен, халқымыз денсаулықты зор байлыққа балаған. Ал Ислам діні адамға уақыттың бағалылығын меңзейді, ол уақытты бағалауды үйретеді, оны ізгі істерге жұмсауға шақырады. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Бес нәрсені басқа бес нәрсеге жолыққанға дейін орынды пайдалан: жастығыңды кәрілік келгенге дейін; денсаулығыңды ауру келгенге дейін; байлығыңды кедейлік келгенге дейін; бос уақытыңды бір істермен айналыспай тұрғанда және өміріңді өлім келгенге шейін» дейді. Мұнан ұғынатынымыз – уақыттың қадірін білу. Бүгінгі таңда жастар өз уақыттарын өте ұқыпты пайдалануы керек. Уақыт әрбір сағат, минутыңды тиімлі пайдаланумен сіздер үшін ізгі болмақ. Себебі, болашақ, еліміздің ертеңі – сіздердің, жастардың яки білімді жастардың қолында. Сол себепті, бұл уақыт сіздерді қапыда қалдыратын емес, баянды болашаққа жетелейтін жарқын уақыт болуы өз қолдарыңызда» деп сөзін түйген Марат Бектазинов жастарды білім-ғылым жолын қууға шақырды.
Бүгінгі таңда асыл діннің атын желеу еткен жат ағымның шырмауына ілінбеу үшін де білімнің қажеттілігін еске салған дін қызметкерлері діни сауаттылық аса маңызды екенін баса айтты. Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялағандай, ата дін мен баба дәстүрін қатар ұстанған ұрпақ ешқашан да ұтылмайды. Сондай-ақ, әрбір саналы азамат зайырлы қоғам құндылықтарына да құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпке мойынсұнып, өзгелермен жылы қарым-қатынаста болу керектігі де айтылды.
Әсерлі әңгімелерімен бөлісіп, асыл діннің қайнарынан уағыз жүргізген мешіт қызметкерлеріне алғыс білдірген студент жастар мұндай мәнді басқосулардың әлде де жиілеп болып тұрғанын қалайтындықтарын да жасырмады. Естеріңізге болса, «Нұр Астана» орталық мешіті мен қаладағы оқу орындары арасында тығыз қарым-қатынас жыл басынан бері үзілмей, түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу бүгінде игі дәстүрге айналып келеді. Ал С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет ұжымы ауқымды шараларға мешіт қызметкерлерін шақыруды қалыс қалдырмауда. Университет оқытушысы Ерғали Зайытхан болса «Осындай мән-мағынасы терең игі істердің нәтижесі ретінде жуырда ғана университетіміздің 2 курс студенті Григорий Воронцевтің хақ дінмен қауышып, мұсылманшылықты қабыл алғандын айтуымызға болады» деп, қуанышымен бөлісті.
Жайық НАҒЫМАШ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.11.2014
3887
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру