Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Күркелі ауылындағы дөңгеленген тірлік

04.09.2014 4035 0 пікір

Жуырда ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Н.Исеновтың тапсырмасымен облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің Жалпы және жастар бөлімінің қызметкерлері  «Иманигүл» рухани-мәдени бағдарламасы бойынша Баянауыл ауданы Күркелі елді-мекенінде болып қайттық. Ниетіміз шалғайдағы ауыл халқына қасиетті дініміздің құндылықтары, ата-бабадан жалғасқан дәстүрлі дініміз туралы насихат-сұхбаттар құру  барысында ауыл халқын иләһи-рухани тақырыптардағы ән-күй, жырлармен сусындату, ҚМДБ-нан арнайы дайындалған бейне роликтер бойынша бүгінгі таңдағы жастар тәрбиесіндегі өзекті мәселелер жайлы ой салу еді. Сонымен қатар ҚМДБ сараптамасынан өткен діни кітаптар, оқу құралдарын ауыл мешіті арқылы халыққа көптеп жеткізіп таныстыру, облыстық орталық мешіт арқылы ұйымдастырылған «Барыңмен бөліс» акциясы бойынша жиналған киім-кешектердің бір парасын  ауыл мешіттері арқылы шалғайдағы  мұқтаж жандарға үлестіріп беру қатарлы мақсаттарымыз да бар болатын.

«Иманигүл» аталатын  рухани-мәдени бағдарламамызда облысымызға танымал ақындар Алтынбек Мақсатханмен Айбек Оралхановтың діни айтысы, ақын Қуаныш Шармановтың өзінің орындауындағы жыр-термелерімен қатар мәдени шараны жүргізу барысында айтылатын көптеген ғибратты әңгімелер, әнші Тоқтар бауырымыздың домбыра және баян аспаптарымен орындайтын иләһи әндері болды. Ал «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің білікті де білімді  ұстазы Берікбай Германұлының уағыздары мен сұхбаттарының орны бір төбе.

Хош, сонымен Баянауыл қазақ елінің ең танымал жері екені әмбеге аян. Бұл елде қазақтың маңдайына біткен талай тау тұлғалы адамдар дүниеге келген. Ол бөлек әңгіме.  Баянауыл жерінің әрбір тасы мен тауында бабалардың үні болып өзіне лайық атаулар жаңғырып тұрады екен.

 Иә, киелі Баян тауының өркеш-өркеш шоқыларымен қазақтың тағы бір аңыз болған өлкесі қарт Қарқаралы тауының сілемдері  түйілісіп жатқан тұстарының бірінде шағын ғана Күркелі ауылының тұрғындары мекен етеді.   Ауылдың Күркелі аталуы ауыл іргесіндегі таудың алыстан киіз үй немесе күрке тәрізденіп дөңгеленіп, төбесі шошақтанып тұратынына байланысты деп айтады.

Екіжүз қырық мың гектар жерді құрайтын ауыл аумағына қарасты өлкенің ұзындығы 50-70 шақырым, көлденеңі 40-60 шақырымды алатын кең байтақ алқап.  «Жері байдың –елі бай» дегендейін, кәусар бұлақ, саф ауа, көгілдір көлдер, алуан арналы созылып аққан өзендері мен жасыл желекті орман-тоғайға, заңғар тауларға қарап бұл ауыл халқының Алла Тағаланың ерекше ықыласына бөленген жерұйық мекенде тұрғанына куә боласың.  Ну орманды биік тауларының іші толған жеміс-жидек, сылдырап аққан мөлдір бұлақтар, белден оралған көкорай шалғын, көз жауын алып үрке қашатын елік, арқарларды да көріп тамсандық, Батыртоғайдың шалғынына аунасақ, Әулие бұлақтың зәмзәмға пара-пар арасанының дәмін таттық.

  Ауылда  250-ден астам отбасы, 11 жылдық қазақ орта мектебі, аурухана, балабақшасы бар. Ондай жерде әрине, сауда үйлері, дүкендер де жоқ емес. Күркеліде шаруа қожалықтарын өркендетуді мақсат еткен  қарапайым да негізінен ауқатты қазақтар тұрады. Олардың дені ауқатты дейтін себебіміз, мұндағы адамдар түгелдей осы жердің байырғы тұрғындары, оған қоса  барлық отбасының қорасы  малға, ауыздары аққа толып, көңілдері бәзбір тіршіліктің жолындағы ертеңі үшінгі күдік пен елеңдеуден ада десек, асыра айтқан болмаспыз.

 Ауылда түгелдей байырғы тұрғындар тұрады. Олардың жеті, бәлкім жеті жүз жетпіс жеті ата-бабасының ескірген молалары осында тұр. Сонымен қатар кез-келген  ауыл жасынан оның туған өлкесі туралы  сұрасаң ауылының өткені мен бүгіні, алдағы үлкен болашағы жайлы мақтанышпен  айтып бере алады. Бір сөзбен айтқанда өз ауылы туралы жатқа біледі екен. Тек осы Күркелі ауылынан сонау «Бес ғасыр жырлайды» жинағына есімдері мен жырлары енген ақын Қобылан Бөрібайұлымен  қоса Мәшһүр Жүсіп атамыздың «Арқада Тыйыштығұлдан асқан ақын жоқ» деп дәріптеген  Тыйыштығұл Манабайұлы,  есімі иісі қазаққа  таныс алаш ардагері Қошке Кемеңгеров, әншілер Жарылғапберді Жұмабайұлымен Қали Байжанов,  алғашқы режиссер Жұмат Шанин, ақын Қалижан Бекхожин, жазушы  Қалмұқан Исабаевтар туыпты деп қысқа қайырып өтсек те жетіп жатыр.  Ауылдағылар ғарышкер Тоқтар Әубәкіровты да біздің тума деп айтып жатады. Әлбетте, жақсының жаттығы жоқ.

 Бұл адамдарға қоса, есімдері ұрпақтарына қастерленіп,  халық жадында қалған әулие-әмбиелер, діни және қоғам қайраткерлері, еңбек майталмандары, оншақты ғылым доктоларымен жиырмадан астам ғылым кандидаттарын түгелдей атап шығар болсақ  шағын жазбамызға сыйғыза алмаймыз, әрине.

Әуелде айтқанымыздай, сапар мақсатындағы бұйымтайымыз  ауыл мешітіне байланысты болғандықтан ат басын тура сонда тіреген едік.  Отыз бестер шамасындағы ашаң жүзіне иман ұялаған ауыл имамы Әбдиев Рүстем есімді азамат «Ассалаумағаликум!» -ді ортамызға дауыстай айтып, екі қолын бірдей ұсынып қарсы алды. Бесін намазының уақыты болғандықтан да жастары сексеннің аржақ-бержағына келген Иманбеков Тоқыш, Омаров Тәуекел аталарымыз бастаған ауыл ақсақалдары, ата-апалар, ауыл мешітінің бұрыңғы имамы бүгінде осы мешіттің басты демеушісі, ескі танысымыз Ерлан Серікұлы Әуелбаев қатарлы көптеген ізгі азаматтармен осы жерде кездесіп те қалдық.

Намаздан соң ауылдың мәдениет үйіне жиналған қауымға барымызды салып өнерімізді көрсеттік. Ынтыға тыңдап, ықыласпен қошамет жасап отырған қарапайым адамдар. Біздің адамдардың аузынан шыққан әрбір сөз, әрбір уағыздың әрпі түгілі, үтір-нүктесін қалдырмай бойына сіңіріп, сусаған санасына сіміріп отырған секілді. Уақ-уақ, «Е, Алла!», «Иә шын ғой!», «Пах шіркін!» деген риза –хош  дыбыстар да естіліп қалады. Қасиетті Құран аяттары,  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тәлімді хадистерімен өрнектей сөйлеген Берікбай ұстаздың  қоңыр дауысымен айтқан уағыздары естіген құлақтардың құрышын қандырды.

 Мәдениет үйінен шыға дәрет жаңалап  екінті намазын өтеуге мешітке ендік. Ауылдағы «Ақмешіттің» сыртқы көрінісі де атына қандай сай болса, ішкі жайлылығы да  сондай.  Шағын ғана  ауылдың таудай қажеттілігімен сұранысы болған  шариғи рәсімдерді түгелдей өтейтін бұл шағын ғана мешіт ер, әйел адамдардың намазханасы, имам бөлмесі, кітапхана әрі дәрісхана, асхана бөлмелерімен қоса сыртта да отынхана және суық,  жылы маусымдарда  дәрет алатын жерлер, әрқайсысы өз орнында талапқа сай жабдықталған. Мешіт ауласы көгалдандырылып, әртүрлі гүлдермен безендірілген.

 Ауылда өткізген толық бір күнде  білгеніміз, әр аттап басқан  қадамы мен жасаған жақсылығын жарнамаға айналдырып жүретін  кей әріптестеріне ұқсамай,  Жаратушы Алла Тағаланың ризашылығы үшін қасиетті дініміздің абыройын бәрінен жоғары қойып, өз міндетін абыроймен өтеп жүрген  имам Рүстем Әбдиұлының  қарапайымдылығы. Имамның құдайы көршісі, әрі ағасы Ерлан  Серікұлы бауырымыздың аңқылдаған пейілі, дінге деген жанашырлығы. Ауыл ағаларының мешіт пен имамға деген құрметі. Бәрі-бәрі еріксіз ризашылық сезімге бөлейді. Келелі әңгімелер ақшам намазынан соң дастархан басында да жалғасын тапты.

Ауыл ақсақалдары Тоқыш пен Тәуекел ақсақалдардың (екеуі де 80 жастан асқан) айтқанынан ұққанымыз: «Әр ауылдың имамы өз ауылының адамы болса ауыл халқын бала-шағасына дейін түгелдей таниды. Кімінің кім екенін бес саусағындай біледі. Сонысына орай халықпен дұрыс тіл табысып міндетін атқарады екен. Биыл Рүстем имам ауылдың 2 жас жеткіншегін жыл бойы тәрбиелеп, облыстағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесіне өз қолымен жетектеп апарып кіргізіп қайтты. Ауылымызда ұры-қары бұзақылық жоқ. Аллаға шүкір, жастарымыздың  иманды жақсы тәрбиелі болып жетіліп келе жатқанына мешіт тарапынан көп үлес қосуда. Биылғы Рамазан айының барлық жол-жорасы қандай берекелі өткенін айтсайшы. Алда Құрбан айт қарсаңында да атқарылатын шараларды  ауыл болып ақылдасып шешетін боламыз».

Иә, «Ауылына қарап азаматын таны» деп халық бекер айтпаған. Орталықтан шалғайда орын тепкен, үкімет пен билікке күнде қатынасып тұрмаса да ел ауаны, заман ыңғайын тап басып, Алла Тағаланың берген ризығы мен несібесін қанағат тұтып, Тәуелсіз Қазақ елінің тізгінін ұстар ұрпақтарын иман нұры сіңген халық даналығы арқылы тәрбиелеп, өсіріп отырған бүгінгі қарапайым бір ауылдың қарапайым болса да қаланған тағаны берік іргетасын көріп қуанып қайттық. Толқын, Нұргүл атты келіндеріміздің көл-көсір дастархандарынан тоғайып қайттық.

Ылайым, еліміздің құт-берекесі болған осындай ауылдарымыз молая берсін!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру