Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскемен қаласында салттық қызмет орталығының заманауи ғимараты салынады

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 22.04.2026 311 0 пікір
Өскемен қаласында салттық қызмет орталығының заманауи ғимараты салынады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастамасымен құрылған QAMQOR-SHARAPAT орталығы халыққа тиімді қызмет көрсетіп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау табуда.

Атап айтқанда, зираттарды бірізді үлгіде ұйымдастыру үшін арнайы секторлар бөлініп, мешіттер жанынан салттық қызмет көрсету бөлімшелерін салуға жер телімдері қарастырылуда. Бұл – діни рәсімдерді реттеу мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды қадам.

Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң талаптарына сәйкес, діни жоралар ғибадат үйлерінде және арнайы бөлінген орындарда өткізілуі тиіс. Осыған байланысты салттық қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Шығыс Қазақстан облысынан арнайы делегация елордаға іссапармен келді. Делегация құрамында Дін істері басқармасының басшысы Ербол Ошакбаев пен Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Серік Сметов болды. Олар ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Ермек Мұқатай бірге республикалық бас мешіт жанындағы салттық қызмет көрсету бөлімшесінің жұмысымен танысты.

Кездесу барысында орталық директоры мекеменің ел көлемінде атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып, қызметтің жүйеленген өңірлерінде жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, қызмет төлемдері банк жүйесі арқылы қабылданып, жергілікті бюджетке салық ретінде түсіп отырғаны айтылды.

Жиын қорытындысында қонақтар ҚМДБ-ның зират мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлер ауласында өтетін жаназа рәсімдерінің тұрғындарға қолайсыздық тудыратынын атап өтіп, Өскемен қаласында салттық қызмет көрсету орталығын салуға жер телімін бөлу және жаңа зират жұмысын жүйелеу бағытында QAMQOR-SHARAPAT орталығы мен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.








Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру