Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ауылыңда болса қарияң...

20.07.2014 3538 0 пікір

Қасиетті Рамазан айының кешінде Астана қаласы, Есіл ауданы ардагерлеріне арналып ауызашар дастарханы жайылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйытқы болуымен өткізіліп отырған кештің негізгі меймандары болған Есіл ауданының ардагер қариялары өнегелі өсиеттерін айтып, ізгі тілектері мен алғыстарын білдірді.

Өкілдік атынан ауызашарда ораза айының қадір-қасиеті, асыл діннің аманаты, ислам құндылықтары төңірегінде сөз қозғаған найб имам Асхат Сәлімов ардагерлерді қасиетті ораза айымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. «Елдің қазынасы – сіздерсіздер. Ақ баталарыңызбен ұрпақ өніп-өседі. Саналы, салиқалы ұрпақтың жетілуінде ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың қосар үлесі ұшан-теңіз. Алла дендеріңізге саулық берсін. Ақ ниетпен жайылған ауызашар дастарханы сіздерге деген ықылас-ниетіміздің бір нышаны деп қабылдаңыздар» деді Асхат Сәлімов.

Өз кезегінде «Есіл» аудандық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рысты Атығаева апамыз осындай оразадағы орайлы кешті ұйымдастыруға тікелей қолдау көрсеткен «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпеновке, мешіт қызметкерлеріне үлкен алғысын айтты.

Көргені мен түйгені мол, ақылы дария – қариялармен өткен кештің мәні – терең, мазмұнды өтіп, ас соңында бата жасалып, қасиетті Құран аяттары оқылды. Соңынан қонақтарға «Нұр Астана» орталық мешіті атынан кәдесыйлар, «Пайғамбар өмір тарихы» жайлы құнды кітаптар сыйға таратылды. 

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру