Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Иман нұрымен сусындатқан рамазан мерекесі

02.07.2014 3574 0 пікір

Қасиетті Рамазан айын үлкен мерекелік көңіл күймен қарсы алған Керекуліктер әр  күн сайын мешіттерде көптеп жиналып,  тарауық намазын атқаруда.  Бүгінде өздерін Алланың құлы, Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмбетімін деп санайтын әрбір отбасы ақшам намазының уақыты кіре ағайын-туыс, дос-жарандарының басын біріктіріп ауызашар беруде. Басқа тойдың барлығына кешігіп баратын кеңқолтық, жағасы жайлауда жүретін  қазекемдер  қасиетті Рамазан айының ауызашарына дәл уақытында барады. Көптен бері бір дастарханда бастары қосылмай жүрген олар қауқылдаса амандасып-есендесіп, қасиетті айдың қайыр-берекесін тілесіп жатады.

Осы орайда ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман Ермекұлымен тілдескенімізде:

- Рамазан айы басталардан бұрын өңіріміздегі барлық БАҚ-тар арқылы «Тікелей желі» өткізіп Рамазан айының құндылықтары мен ораза ұстауға байланысты  сан түрлі сұрақтарға кең көлемде жауаптар бердік. Олар баспасөздерде арнайы «Имандылық» беттері арқылы күні бүгінге дейін түзіліп жариялануда. Бас мүфтидің ел халқына үндеуі, облыс әкімі, облыс, аудан Бас имамдарының  мерекелік құттықтаулары барлық баспасөз-ақпарат құралдары арқылы бірнеше дүркін жарияланды. Сонымен қатар  қала, аудандардың  негізгі көшелерінің бойына Рамазан айымен құттықтаған билбордтар, мешіт аулаларына баннерлер орнатылды. Павлодар қаласының орталық базары бойындағы әр сембі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтетін орынға да Рамазан айына қатысты билборд, баннерлер орнатылғаны   жәрмеңке барысында қолды тауарлар мен азық-түлік бағасы шарықтап кетпеуіне әсер етіп, мұсылмандарға жақсы көңіл-күй сыйлауда. Сонымен қатар әр мешіттерде  Рамазан айы, ораза ұстауға қатысты уағыз-насихаттар жасалған 6-8 бүктемелер де көптеп жасалып күн сайын тартылуда. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы халыққа қызмет көрсететін барлық автобустар мен трамвайларға мерекелік құттықтаулар жазылған плакаттар ілініп халыққа мерекелік көңіл күй сыйлауда. Аудан, қала, ауылдардағы халал асханаларда күн сайын үздіксіз ауызашарлар беріліп, онда жақсы-жақсы уағыздар айтылып, халықтың береке-бірлігін арттырып, қасиетті дініміздің  иман – нұрымен сусындауына аса мол әсер етуде деді. 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру