Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қызылжарда семинар басталды

29.04.2014 4222 0 пікір

Ағымдағы жылдың 28 сәуір күні ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкілдігі, «Қызылжар» орталық мешітінде қала, аудан және ауыл имам-молдаларына арналған үш күндік оқыту-семинары басталды. Аталмыш шараға ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, теолог-исламтанушы, PhD докторы Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ-ның мешіт істері жөніндегі меңгерушісі Ербол Сағиұлы арнайы шақыртылды. Сондай-ақ, семинарға жергілікті Дін істері басқармасының басшысы Зейнуллин Мұратбек Бегайдарұлы, құқық қорғау органдарынан, БАҚ-тан өкілдер қатысты. Жиынның басты мақсаты – имамдардың діни біліктерін арттыру, жат ағымдардың алдын-алуда тиімді жолдарды қарастыру.

Семинар ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Дүйсенбай Кенжетай қажы Байкемелұлының кіріспе сөзінен басталды. Облыс имамы шақыртылған қонақтарды таныстырып, жиынның басты мақсатын айтып түсіндірді. Осыдан кейін үш күндік семинардың бағдарламасына сай Ершат Ағыбайұлы дәрісін бастады. Ең алдымен теолог ғалым қала және аудан имамдарымен танысып, оларға Мүфти хазреттің үш бағыттағы тапсырмасын кеңінен дәріптеп шықты. Содан соң «Жат ағымдардың түрлері» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында имамдар тарапынан өңіріміздегі теріс ағымда жүрген азаматтарға байланысты толғандырып тұрған сұрақтары қойылып, маманнан толыққанды жауап алынды.

Кейін ҚМДБ-нан келген дін мамандары облыстық және жергілікті телевиденияға еліміздегі уағыз-насихат топтарының жұмысы мен көздеген мақсаттары  туралы сұхбат берді.

Уағыз-насихат тобының жұмысы Петропавл қаласының гуманитарлық колледжінде жалғасты. Кездесуге ҚМДБ-ның мешіт істері жөніндегі меңгерушісі Ербол Сағиұлы қатысып, колледж студенттеріне теріс ағымдар жайында уағыз айтты. Сондай-ақ, бұл кездесуге Дін істері басқармасының ақпараттық-насихаттау жұмысы жөнiндегi бөлiмiнің басшысы Ғабдуллин Нұрислам Үмiтбайұлы, БАҚ өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, өңірімізде 1 мамыр мерекесіне орай жастар форумы өткізіліп, онда Ершат Ағыбайұлы ұлтаралық, дінаралық келісім жайында сөз сөйледі.  

Облыс бойынша мешіттердің жағдайын, елдегі діни ахуалмен танысу мақсатымен ҚМДБ-ның мешіт істері жөніндегі меңгерушісі Ербол Сағиұлы Мамлют ауданында болып, аудан әкімі Бубенко Владимир Степановичпен кездесті. Кездесуде аудан әкімі аудандық мешіттің ескіргенін айтып, жаңа мешіт салуға ҚМДБ тарапынан қолдау көрсетуін сұрады.  

Осылайша семинардың бірінші күні жамағатқа берер пайдасы мол ақшам намазынан құптан намазына дейін жалғасқан уағызбен аяқталды. Семинардың қалған екі күні де бағдарламаға сәйкес жүргізілетін болады.

«Қызылжар» орталық мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру