Көкшетау қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен шыққан «Дін мен дәстүр» кітабының тұсаукесер шарасы болып өтті. Оған жиналған оқырмандар бұл еңбектің маңызды қырларына жан-жақты тоқталды.
Алдымен сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин бүгінгі қазақ қоғамы үшін аса маңызды болып отырған келелі тақырыпты қаузаған жаңа кітаптың ең басты артықшылығы оң-солын айыра алмай, дағдарған жұртты дұрыс жолға салуда таптырмас құрал екендігін атап көрсетті.
Шыны керек, өз тәуелсіздігімізді алып, есік-тереземізді де ашқасын-ақ жылы желмен бірге, шаң-тозаңның да кіргені еш жасырын емес. Небір мысықтілеу миссионерлер мен желөкпе ағымдар табалдырығымыздан аттап, төрімізде тайраңдады. Ата-бабаларымыздан бойтұмар болып келе жатқан ата дініміздің асыл құндылықтарын теріске шығарушылар да табылып, ұйысқан ұлттың ынтымағына сына қаққылары келді. Сосын да діни ғұрып пен ұлттық салт-дәстүрлерді бір-біріне қарсы қоюшылар қарасы көбейді.
Міне, «Дін мен дәстүр» кітабы дер кезінде жазылған құнды еңбек екенін осы шараға қатысып, пікір білдірген зиялы қауым өкілдері де өз сөздеріне арқау етті.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек бүгінгі күні дін мен дәстүрді алшақтату емес, жақындату үшін барынша еңбек ету керек дегенді шегелеп тұрып айтты. Себебі, қазақтың көп дәстүрлері Ислам діні арқылы санамызға сіңгенін де жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан дін мен ұлттық дәстүрдің ұштасуы-рухани жан дүниеміздің жаңғыра түскенін айғақтайды.
Ал, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ерболат Баятұлы қазақтың әрідегі тарихына тоқталып, бағзы кезеңіндегі салт-дәстүрдің қазіргі жаңа заманмен үйлесім табуында діннің ерекше маңызы болғанын тілге тиек етті. Қазір сол салт-саналарымыздың байыбына бармай, ескіліктің жұрнағы деп танушы жандар көбейді. Ислам дінін қабылдаған көк түріктің ұрпағы бұл имани үрдісті далалық мәдениеттің мәйегімен суарды. Демек, бұл кітаптың басты ғибраты – діни ғұрыптың да, ұлттық дәстүрдің де өзара үйлесіп, жарасым табуында дер едік.
Мұндай құнды ой-пікірлерді Ғалым атындағы Көкшетау қалалық мешітінің және Көкшетау-2 кенті мешітінің бас имамдары Нұрлан Әбенұлы мен Қасымхан Ыдырысовтар да білдірді. Олар әлі де болса, халық арасында шариғатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жөн-жоралғыларды Исламға әкеліп телушілердің бар екендігін айтады. Ал, бұл еңбек осы бағытта имамдарға да, қарапайым адамдарға да жол басшы болады деп айта аламыз.
Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінде: «Әй, адам баласы! Шүбәссіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық», - делінеді. Олай болса, біздің бастау алар арнамыз бір, шығу тегіміз де ортақ. Ал сергек сенімімізге селкеу түсіріп, діни нанымымызды ұлттық санамыздан алшақтатқысы келетіндер бір сәт сабасына түсер дейміз. Осы шараға жиналған барша қауымның да айтар ойы мен пікірі осыған орайлас келді. Ендеше бұл еңбек өзінің өміршеңдігімен көптің көңіліне жол табады деп сенеміз.
Бақыт СМАҒҰЛ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.03.2014
3910
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру