Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Діни басқарманың төрағалығы қызметіне тағайындалған уақыттан дін саласындағы жұмыстар жанданды. Бас мүфтидің қолға алуымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан ашылған жастар бөлімі жастар ұйымдары және студенттермен түрлі бағытта бірлескен жұмыстар атқаруда. Арнайы кездесу-конференциялар ел болашағы жастардың діни сауаты, олардың қоғаммен байланысы, ғылымды игеруі, жаңа технологияларға икемделуі, дін мен дәстүрді ұштастыра болашаққа қадам басуы турасындағы мәселелерді қозғап, әр тақырыптың қызу талқыға ие болуына ұйытқы болып келеді.
Діни басқарма мен мешіт имамдары және мешіт жанынан ашылған жастар бөлімі бұл бағытта жүйелі түрде ізгі іс-шараларды жүзеге асыруды қолға алды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің тапсырмасына сәйкес БҚО бойынша өкілдігі де игі істерге үлес қосып, жастарды отансүйгіштікке, олардың діни білім алуына жағдай жасап келеді. Мешіттеріміздің жанынан ашылған діни сауат ашу курсы бұған нақты дәлел. Сонымен қатар таяуда жергілікті жастарға дәстүрлі дін мен өзге діндердің айырмашылығын және өңірдегі діни ахуалды түсіндіру мақсатында БҚО Дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтың бастамасымен әрі ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Р.Султановтың келісімімен жалпы және жастар ісі бойынша топ құрылды. Аталмыш топ Батыс Қазақстан облысы бойынша БҚО ДІБ, БҚО ББ, БҚО ІСБ және Орал қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, қоғамдағы діни ахуалды түсіндіру бағытында арнайы бірінші тоқсанға арнап жұмыс кестесін құрып, жоспарлы кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл кездесулер ү.ж. ақпан айының 17-ші жұлдызынан бастау алып, сәуір айының 13-ші жұлдызында кесте бойынша алғашқы бөлімді аяқтау көзделуде. Кездесудің мақсаты облыс аумағы бойынша орналасқан 46 ЖОББМ-нің оқушылары мен кездесіп, Ислам діні жайында кеңірек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, кері ағымдардан сақтанудың жолдарын түсіндіру т.б. мәселелер төңірегінде екі жақты пікір талас, ой бөлісу, оқушылармен тығыз қарым-қатынас орнату болмақ. Кездесу соңында діни қызметкерлер тарапынан мекеме басшыларына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің "Дін мен Дәстүр" атты кітабын сыйға тартуда.
Жастар арасындағы көңілге кірбің ұялатып, көпті толғандырып жүрген, солай бола тұра әлі күнге өз шешімін таппай отырған мәселелердің бірі – өз-өзіне қол жұмсаушылардың азаймауы. Суицид шариғат бойынша аса ауыр күнә. Құранда Алла Тағала: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер! Алла сендерге өте рақымды», – деп бұйырған. Осы мәселеге қатысты ҚМДБ-ның Пәтуа және шариғат бөлімі шығарған пәтуада: «Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі екендігіне куә болып жүрміз. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Иманы әлсізді албасты шайтан азғырып, тура жолдан тайдыруға тырысады. Ақыры дегеніне көндіріп, өз тобының қатарына кіргізеді. Өйткені ібілістің басты мақсаты адамзатты адастырып, торына түсіру болатын. Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат», – деп жазылған. Жастарымыз мұның ауыр күнә екенін түсініп, мұндай іске бармауы тиіс.
Дәстүрлі дініміз Исламда жас ұрпақтың санасына ізгіліктің дәнін сеуіп, жеткіншектерді атаның баласы емес, адамның баласы болуға баулу айрықша маңызға ие. Заман талабын ескере отырып жастардың білімін көтеру мәселесі еріксіз назар аудартады. Елбасы Н.Назарбаевтың сөзімен айтсақ, еліміздің және жастардың ең басты байлығы – сапалы білім. Демек, ендігі кезекте жастар білім тұрғысынан өзге жұртпен терезесі тең болуы керек. Өйткені, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетін тал бесіктен – жер бесікке дейін ілім алуға, ілімге сай амал етуге үндеген. Хадис-шәріпте: «Ілім – Исламның өмірі, иманның тірегі. Ешкім сауатсыздығымен құрметті, ал ілімімен масқара болмайды. Бос уақытын ілімге жұмсаған адам құтылады. Салих ғалымдардан болыңдар, егер салих ғалымдардан болмасаңдар, сондай ғалымдардың сұхбатына қатысыңдар, сендерді хидаятқа (тура жолға) қауыштыратын, адасушылықтан алыстататын ілімді тыңдаңдар. Қай жерде ілім бар болса, сол жерде мұсылмандық бар», – делінген. Иә, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, дұрыс білім алмаудың кесірінен кейбір жастарымыз өзге ағымның арбауында кетіп жатыр. Білімдінің өрісі кең боларын ескерте отырып, осы ретте еліміздегі мешіттер жанынан ашылған діни сауат ашу курстары ілім үйренем деген жанды мешіт қызметкерлері қуана қарсы алады деп айта кетуді ұмытпадық.
Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы,
жастар бөлімінің өкілі Асанов Марат
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.02.2014
3742
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру