Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау мен Аягөздегі Мәуліт мерекесі

03.02.2014 3951 0 пікір

Кеше Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтың ұйымдастыруымен қасиетті Мәуліт мерекесі тойланды.

Мүбәрак кешке атыраулық ақсақалдар мен ақжаулықты аналар, қала қонақтары, жергілікті атқарушы мекеме қызметкерлері, тұрғындар қатысты. Салтанатты шараның шымылдығын медресе ұстазы Абзал Түктібай Құран Кәрім оқумен ашты.

Жиналған жұртшылықты Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтады.

- Тарих беттерін парақтай қарасақ, кез келген мемлекет дінсіз өркендей алған емес. Соның ішінде Қазақстанның мемлекет болып, тәуелсіз ел болып қалыптасуында Ислам діні үлкен рөл атқарды, атқарып та келеді.

Бүгінде өздеріңіз көріп отырсыздар, көптеген мұсылман елдерінде түрлі қақтығыстар, соғыстар орын алып жатыр. Сондықтан, қоғамға еніп кеткен мысықтілеулес түрлі топтар мен пасық пиғылды адамдардың іргемізді сөккісі, тыныштығымызды бұзғысы келетін іс-әрекеттерінен ортамызды, жастарымызды қорғай білейік. Ислам діні алда да еліміздің, жеріміздің тыныштығы мен тұрықтылығы жолында қызмет ете бергей, - деген Шыңғыс Жұмабекұлы атыраулықтарды облыс әкімі Ізмұхамбетов Бақтықожа Салахатдинұлының атынан құттықтады. 

Одан кейін сөз алған ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан Мансұров атыраулықтарды мүбәрак Мәуліт айымен ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан құттықтады.

- Мәуліт – Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с)-ның дүние есігін айқара ашып, қараңғы әлемге қуаныш нұрын ала келген күн. Пайғамбарымыз Мекке мен Мәдинаға келгенде қалалықтар Оны (с.ғ.с) «Толықсыған ай туды» деп қуанысып, жолын сарыла күтіп қарсы алған болса, Пайғамбарымыздың туылған күнін біз де Оның (с.ғ.с) тамаша қасиеттерін, көркем мінезін еске ала отырып атап өтуіміз жөн. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім маған салауат айтса, Алла ондай пендеге он салауат айтады», - депті.

Сондай-ақ, Мәуліт оқылып, салауат айтылған жерге Алланың нұры мен шапағаты төгілетіндігі де айтылған. Ендеше қасиетті Мәулітте елімізге тыныштық пен тұрақтылық, барлық шаңыраққа береке-бірлік, шаттық тілеймін, - деді.

Шара барысында адамзаттың саңлағы Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) туралы ана тілімізде діни әндер айтылып, өлеңдер оқылды, ақындар Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с)-ның көркем мінезін, ерекше тумысын жырмен сомдады. Соның ішінде қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, бүгінгі кешке Алматы қаласынан арнайы келген Сержанәлі Әлібек орындаған мағына мен мазмұнға бай діни әндерді көпшілік ұйып тыңдады. 

Пайғамбарымыздың асыл қасиеттері мен асқан мейірімділігін, кешірімділігін, әлемді өзгерткен тұлғасы жайында қаламыздағы «Әт-Тақуа» мешітінің наиб имамы, теолог Қанат Жұмағұл ғылым тұрғысынан баяндама жасап, Алла Елшісінің (с.ғ.с) қадір-қасиетін, көркем мінезін ұлықтап, оны растайтын дәлелдер де келтірді.

Одан әрі театр әртістері Имам Ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің өмірі туралы сахналық көрініс қойды. Жас жігіттің жан тебірентерлік сөздері, тақуалығы, бір Аллаға ғана бас ұрып, Одан шынайы қорқуы, Алланың жолында өзін құрбан етуі көрерменнің көзіне еріксіз жас әкелді. Сондай-ақ, Алладан басқа Тәңір жоқтығын, Мұхаммед пайғамбар Оның Елшісі, үлкен құрмет, қадір иесі екендігін көрсететін бейнероликтер көрсетілді. Аллаға мың мадақ, пайғамбарға сансыз салауаттар айтылды.

Мәуліт кешін қорытындылаған облыстың бас имамы Батыржан Берденұлы өңірімізде дәстүрлі Ислам дінін насихаттауға атсалысып жүрген мешіт қызметкерлері мен бір топ азамат және азаматшаларға Алғыс хат табыс етті.

 Атырау облыстық «Иманғали»
орталық мешітінің баспасөз хатшысы

 

Аягөз қаласындағы мәуліт

Ақпан айының 2-ші жұлдызы күні Аягөз қалалық мешіті қаладағы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайында мәуліт мерекесін кең көлемде атап өтті.  Таң сәріден бастап жиналған халық мәдениет сарайының ішіне лық толды. Атаулы мереке азан әуенімен сахна шымылдығы ашылып, мешіт ұстаздарының Құран аяттарын оқуы мен салауат-сәлем жолдаумен басталды.

Ең алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Сейілбек Абиұрұлы жиналған көпшілікті мәуліт мерекесімен құттықтап, аудан әкімі Нұрбол Жолдаспекұлының сәлемін жеткізді. Келесі сөз алған Семей орталық мешітінің наиб имамы Бекзат қажы Боранбайұлы Әз Пайғамбарымыздың ғибратты өмірінен сыр шертіп, өнегелі уағыз айтты.

Сахна төріндегі бұл игілікті шара діни әндер, имандылық тақырыбындағы көріністер мен мәулітке арналған арнау айтыс пен т.б. қызықты бағадарламалармен өз жалғасын тапты. Көпшіліктің назарына «Жалған дүние» атты қысқа метражды бейнефильм көрсетілді. Шара соңында Аягөз ауданының бас имамы Маратхан қажы Мұхтарханұлы осы игілікті шараны қорытындылай келе, шараның өтуіне мұрындық болған аудан әкімі Нұрбол Жолдаспекұлына және аудандық мәдениет үйінің басшысы мен қызметкерлеріне, діни әндер айтқан мешіт шәкірттеріне, дінге жанашыр азаматтарға алғыс хаттар мен Бас муфти Хазіреттің бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты кітабы табыс етілді.

Көпшілік қауым жүректерге жылу сыйлаған осындай рухани кешті өткізген Аягөз қалалық мешітінің қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, тарасты.

 

Аягөз қалалық мешітінің
баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру