Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Мәуліттегі қайырымдылық (ФОТО)

29.01.2014 4375 0 пікір

Осы айда еліміздің әр түкпірінде адамзаттың асыл тәжі болған ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның туылған күні, яғни Мәуліт мерекесі аталып өтуде. Кеше барша мұсылман асыға күтетін шарапаты мол бұл мейрам Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында аталып өтті. Әдеттегіше, жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров арнайы келіп қатысты. Облыс орталығынан келген қонақтарды аудан әкімі Мақсым Ізбасов қазақтың қонақжайлылық жолымен күтіп алды.

Қасиетті ауданға келу сапарының мақсатына қысқаша тоқталған облыс имамы Батыржан Берденұлы аудан басшысы Мақсым Шапиықұлына жуырда ғана жарыққа шыққан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» атты кітабын табыс етті.

Сондай-ақ, өкіл имам аудан басшысына Бас мүфтидің биылғы 2014 жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялағандығын жеткізді. Мұндағы мақсат – ұлт пен ұрпақ санасына ұмытыла бастаған имани, рухани құндылықтарымызды қайта сіңіре отырып, Ислам дінінің дұрыс ұғымдар мен ізгі мұраттарды одан әрі бекіте түсу үшін келгенін ұғындыру, - дей келе аймақтағы діни ахуалға, кадр мәселесіне тоқталды.

Өз кезегінде аудан әкімі М.Ізбасов облыстың бас имамына жылыойлықтар атынан ризашылығын білдіріп, қызметіне сәттілік тілей отырып: "Бұл – мұсылман жұртшылығы аса құрмет тұтатын қадірлі күн. Мәуліттің тойланып келе жатқанына мың жылдан асса да қазақ халқы бұл күнді асыға күтеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған күнін атап өтуге арналған бүгінгідей жиындардың арқасында халқымыз Пайғамбарымызды жақыннан танып, көптеген жүректерге имандылық ұялауда. Ал, имандылық – адамзат баласының тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүруіне жол бастайды". - деді аудан басшысы.

Одан әрі ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров Алланың сүйікті Елшісі әрі сардары Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның туылған күніне арналған кешке жиналған дүйім жұртқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің ыстық сәлемін, мүбәрак Мәуліт мерекесімен құттықтауын жеткізді.

"Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Тағала Пайғамбарымызды  (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді, адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуін нәсіп еткей",- деген бас имам жылыойлықтарды 31 қаңтар күні облыс орталығы Атырау қаласында өтетін Мәулет мерекесіне шақырды. 

Бұл Мәуліт мерекесінің бұрынғылардан тағы бір ерекшелігі – биыл әлеуметтік әлсіз топтар мен аз қамтылған отбасыларына мүбәрак айда қамқорлық көрсетілді. Бұл игі іс Жылыойда да жалғасын тауып, Батыржан Мансұров Пайғамбарымыздың мәуліт мерекесімен құттықтай отырып, осындай 30 жанұяға азық-түлік пакеттерін сыйлады. 

Əр жылғы Мəуліт мейрамында мына дүниені қараңғы түнектен арылтушы, адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммед (с.ғ.с)-ға салауат айтып, Оның өнегелі өмірін ардақтап, сүннетінен қуат алып, жаңаша түлеу – Исламның шоқтығын биіктете түсетіні анық.

Қазақ елінің келешегі кемел, болашағы баянды болғай!

 

Кенже БАҚЫТ

Атырау облысы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру