Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Білім - бірліктің кілті!

24.12.2013 4461 0 пікір

24 желтоқсан. Сәні мен сәулеті жарасқан «Әзірет Сұлтан» мешітінде Астана қаласы мешіттеріндегі сауат ашу курсын жандандыру мәселесіне қатысты жиын өтті. Оған әрбір қала мешіттерінің имамдары, сауат ашу курсына жауапты найб имамдар және ер және әйел ұстаздар қатысты.  Аталған жиында ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов күн тәртібін алға тарта келіп, сауат ашу курсындағы мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті.

Ұстаздар анкетасын әзірлеу, сабақ барысында сараптамадан өткен әдебиеттерді қолдану, шәкірттердің ортақ базасын қалыптастыру және жат ағымның жетегінен сақтап, мешітке тұрақтандыру мақсатында спорт ойындарын, сұхбат, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру т.б. мәселелер күн тәртібінде қаралды.

«Құрметті ұстаздар! Өздеріңіз білесіздер, сауат ашу мәселесіне ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өзі ерекше көңіл бөлуде. Бас мүфти әрбір имамның кем дегенде бес шәкірті болу керектігін де айтқан болатын. Сол үшін мешіттерімізде шәкірттер білім алуы керек. Оларға жүйелі уақыт пен діни басқарма тарапынан бекітілген оқу бағдарламасы болуы қажет. Ал, шәкірттер ұстазға ғана емес, мешітке байланса нағыз қызметіміз сол болмақ. Сол үшін ұстанымымыз, бағытымыз бір болу қажет. Бөлінбей, біріге, ақылдаса, тәжірибе алмаса отырып шәкірт оқытқанымыз жөн», - деді Н.Тағанұлы сауат ашу курсының бағыт-бағдарын айқындап.

Ұстаздар да сауат ашу курсын жандандыруға қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, жиын барысында әрбір тың ұсыныс-пікірлердің назардан тыс қалмай, оң нәтижелер шығарылатындығы айтылды.

Айта кетейік, Астана мешіттерінде 2013 жылы 614 кісі сауат ашу курсынан өткен. Атап айтқанда «Әзірет Сұлтан» мешітінде 246 адам сауатын ашса, оның 152-і ер, 94-і әйел кісілер. «Нұр Астана» орталық мешітінде 134 адам сауатын ашқан, оның 84-і ер, 49-ы әйел кісілер. «С.Ғылмани» мешітінде 155 адам сауат ашу курсынан өткен. Оның 96-ы ер, 59-әйел кісілер. «Әл-Ғани» мешітінде 25 ер кісі, «Әс-Сәләм» мешітінде 20 ер кісі, «Кунта қажы» мешітінде 9 ер кісі, "Төлебай" мешітінде 25 ер кісі діни сауат ашудан өткен.

«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру