Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жыл қорытындысына арналған жиналыс

18.12.2013 3791 0 пікір

Маңғыстау облыстық орталық мешітінде аудан, қала имамдарына арналған ағымдағы жылды қорытындылаған есеп беру жиналысы өтті. Жиналысқа қатысқан аудан, қала имамдарының барлығы жыл бойы атқарылған жұмыстарын кезек кезек таныстырып шықты. ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша өкіл имам жүктеген жауапты істердің нәтижесі тыңдалды.  Маңғыстау облысы мешіттеріндегі имамдардан құралған үгіт насихат тобы  2 топқа бөлініп, тұрақты түрде ақпан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Үгіт насихат тобының мүшелері  жыл басында белгіленген жоспарға сай барлық мектеп, ЖОО, колледж, өзге де мекемелермен тығыз байланыс орната отырып, барлық шаралардың бел ортасында жүрді.

Осы орайда Ақтау қалалық мешітінің имамы Д.Хосниязов Үгіт насихат тобы бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Маңғыстау облысында 4  жазасын өтеушілерге арналған мекеме  бар. Д.Хосниязовтың айтуынша, ай сайын сол мекемелерге тұрақты түрде 4 рет барып, ондағы сотталушыларға белгіленген тақырып аясында уағыз насихат жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қаладағы 34 мектептің барлығында кездесулер өткізіліп, оқушыларға жат ағымның ықпалынан сақтану туралы насихаттар айтылған. Үгіт насихат тобының ең белсенді мүшесі Д.Хосниязов алдағы уақытта да жұмыстар жалғаса беретіндігін, облыстағы діни ахуалды жақсартуда аянбай еңбек ете беретіндігін айтты.

Мешіт салу ісін бар ынтасымен орындап жүрген Маңғыстау ауылдық мешітінің имамы Е. Атибеков те өз есебінде бұрынғы мешіттің ескі және тар болғандығынан  мешіт ауланысының кеңдігін пайдаланып, жаңа мешіттің құрылысын салуға жан аянбай кіріскен.  Зор ынтамен атқарылған жүгірісі көп жұмыстың нәтижесінде бүгінгі күні жаңа мешіттің сыртқы құрылысы бой көтерген.  Мешітін жаңартып, құр алақан қарап отырмай ел қамындағы азаматтармен жолығып, мешіт қамын бірге ойласып ықыласпен жасалған ізгі істер қашанда мақтауға тұрарлық. Өкіл имам Ж.Сейсенбаев пен Е.Атибековтің жұмыстарын қанағаттанарлық деп ризашылығын білдірді.    

Өкіл имам әр имамның есептерін байыппен тыңдап, олардың кемшін тұстарына нұсқау беріп,  алдағы уақытта да орасан жұмыстардың күтіп тұрғандығын, ел бірлігі мен ынтымағын әр уағызда қосып отыруды міндеттеді. Сондай-ақ, жақында өткізілген аттестациядан үздік деп танылғандарға зор алғыс білдіріп,  Шетпе, Жыңғылды ауылдарына келген жаңа имамдарды қызметтерімен құттықтады.  Жиын соңында бас мүфтидің алғыс хатына ұсынылатын имамдарды дауысқа салып, 5 имам таңдалды. Өкіл имам барлық қала, аудан имамдарын дінге қызмет етуде ықыласты болуға, халықпен көркем мәміледе болуға, ҚМДБ-дан келген әрбір тапсырманы тиянақты орындауға шақырды.

 

Маңғыстау облыстық
орталық мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру